Basty bet

«Цифрлық Қазақстан»: «Цифрлық Қазақстан»: ақпараттық орталықтардың тұрғындар үшін пайдасы мол

Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 17 ауылдық кітапханада ауыл тұрғындарын кітапханаға тарту, сонымен қатар, цифрландыру мақсатында бірқатар ақпараттық орталықтардың ашылғаны белгілі. Атап айтқанда, аудандық орталық кітапхана ғимаратынан «Білім орталығы», Көлбастау, Қарасаз, Бақалы, Нұрлыкент, Қошқарата, Бәйтерек, Кәріқорған, Көктөбе, Күреңбел, Талапты, Ақтөбе, Қарабастау, Көлтоған, Жаңаталап, Тәттібай Дүйсебайұлы, Сұрым ауылдық кітапханаларынан цифрландырылған ақпараттық орталықтардың есігі тұрғындар үшін айқара ашылған болатын. Ал, 2020 жылы үш ауылдық кітапханадан, дәлірек айтқанда, Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылдық кітапханасынан, Көкбастау ауылдық округіндегі Қосбөлтек ауылдық кітапханасынан, Жетітөбе ауылдық округінде Қоңыртөбе ауылдық кітапханасынан қазан айында цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашу жоспарлануда.
Цифрландыру – заман талабы. Онсыз оңға басу, алға жылжу әсте мүмкін емес. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да цифрландыру ісіне терең көңіл бөлініп отыр.
Президент цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі екенін баса атап өтті. Онда: «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Ең алдымен цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр.
Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі. Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз. Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге тиіс»,- деді Қ.Тоқаев.
Қазір жаңа технологияның қарыштап дамыған заманы. Десек те, адамзат баласына күнделікті өмірде материалдық құндылық қандай қажет болса, рухани байлық соншалықты керек. Осыған байланысты адамдар қазір кітап оқудан қалып барады. «Артық білім – кітапта, Ерінбе, оқып көруге» деген ойшыл Абай Құнанбайұлының қағидалы сөзі қазір де өз маңызын жойған жоқ. Бұл цифрландырылған ақпараттық орталықтар бір жағынан ауыл тұрғындарын кітапханаға тарту мақсатында да ашылуда.
Бүгінгі күнде цифрландырылған ақпараттық орталықтар тұрғындарға «Халыққа қызмет көрсету орталығының» қызмет түрлерін көрсетеді. Кітапхана қызметкерлері арнайы «Халыққа қызмет көрсету орталығының» білікті мамандарынан дәріс алды. Цифрландырылған ақпараттық орталық ауыл тұрғындарына интернет және wi-fi желісіне, е.gov.kz порталы қызмет түрлерін, цифрландырылған ақпараттық орталықтың сайты арқылы түрлі сұраныстарды беріп отырады. Қазіргі таңда аудан бойынша е.gov kz порталы қызметі бойынша тұрғындарға 2167 анықтама берілді. Сонымен қатар, цифрландырылған ақпараттық орталықтың сайты арқылы 1242 сұраныс қанағаттандырылды.

Салтанат БІЛӘНҚЫЗЫ,
аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің директоры

Таңдаулы материалдар

Close