Basty bet
Туған ауылына жаттықтырушы болып оралды
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жоғары оқу орнын тамамдап, ауылдардағы әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені секілді маман қолы тапшы салаларға еңбекке араласып, сол ұжымда және елді мекенде тұрақтап қалуды көздейтін түлектер үшін бірегей мүмкіндік әрі таптырмас қолдау болып отыр.
Тек өткен жылы ауданымыздағы осы аталған салаларға 19 жас маман тартылып, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау тетіктеріне ие болған. Абзал Расылхан да осындай жас маманның бірі. Ол М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» факультетін 2017 жылы тамамдап, сол жылы өзі туып-өскен Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылындағы №2 өнер мектебінің спорт үйірмесінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты.
Жастайынан спортты жанына серік етіп өскен жас ауылда еркін күрестен өтетін жарыстарға қатысып жүреді. Баласының бойынан спортқа деген қабілетін байқаған әкесі Талғат Тойшыбеков Абзалды 7 сыныпта оқып жүрген кезінде Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы бокс мектеп-интернатына оқуға жібереді. Мұнда үш жыл оқығаннан кейін 10-11 сыныпта Алматы қаласындағы спорттағы ерекше дарынды балаларға арналған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатқа ауысып, тәжірибелі бапкерлердің қолында тәрбиеленеді. Келешегінен көп үміт күттірген шәкірт осында оқып жүргенде түрлі деңгейдегі байрақты бәсекелерде топ жарып, Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерді. Осы кезде ол еркін күрестен спорт шебері атағын жеңіп алып, Түркия, Иран, Әзірбайжан секілді бірқатар елдерде жарыстарға қатысып, бақ сынап жүрді. Ұдайы өзін-өзі қамшылаумен, жетілдірумен болды.
Өзінің туған елінде бапкер болып, шәкірт тәрбиелеу арманы Абзал Расылханды 2013 жылы жоғарыда аталған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» факультетіне жетеледі. Мұнда оқып жүргенде де жаттығулардан қол үзбей, оқу орнының атынан жарыстарға қатысып жүрді.
2017 жылы үкілі арманы орындалып, туған ауылына жаттықтырушы болып оралды. Қазіргі кезде ол өнер мектебіндегі спорт үйірмесінің жаттықтырушысы бола жүріп, ауылдық округте ғана емес, өңірімізде еркін күрестің дамуына, қайта жандануына соны серпін беріп жүрген азаматтың бірі. Соның арқасында Абзал жаттықтырған шәкірттер түрлі деңгейлердегі бәсекелерде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Мәселен, Нұрманбек Әбдінұр мен Тұрғанбай Ғасыр сынды балғын балуандар жақында әлем чемпионында топ жарып, ауылдың, ауданның мерейін асқақтатты.
Абзал қазіргі таңда өз қаражатына Жаңаталап ауылындағы ескі дүкеннің ғимаратын сатып алып, оны жаттығу залы етіп, қайта жабдықтауда. Өзінің бар білімі мен білігін, тәжірибесін жас буынға үйретуден жалыққан емес.
Абзал Расылхан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 4,0 млн. теңге көлемінде қайтарымды несие алып, Ақтөбе ауылдық округінен тұрғын үй сатып алды. 2018 жылы отау көтеріп, бүгінде бір ұл, бір қыздың әкесі атанып отырған жайы бар.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»