Basty bet
Сала қызметінің аясы кеңейіп келеді
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» почта қызметінің тамыры тереңде жатыр. Бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз.
Қазақстанда ресми почталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы қазіргі Алматы қаласында ашылған. Ол көп ұзамай почта-телеграф кеңесі болып қайта құрылған.
Төңкеріске дейін Қазақстан аумағында барлығы 250 почта-телеграф кәсіпорны болды. Алғашқы жылдары олар шенеуліктер мен жергілікті ақсүйектерге қызмет еткен. Шалғай ауылдарда почта сирек кездесетін болған.
Ұлы Отан соғысы почта алдына барлық жағдайда әскерде, тылда, майдан мен тыл арасында сенімді және тұрақты байланыс орнату туралы қиын да жауапты мәселе қойды. Көптеген білікті байланысшылардың әскер қатарына алынуына байланысты соғыстың бастапқы жылдары почта үшін аса ауыр жыл болды.
1950 жылы республикада 2438 почта кәсіпорыны болды. Алпысыншы жылдардың ортасында Қазақстанда толық қанды қызмет көрсететін 4000 байланыс бөлімшесі жұмыс істеді.
Қазақстан тәуелсіздік алып, егеменді ел болғаннан кейін саладағы жағдай күрт өзгерді. 1992 жылдың тамыз айында еліміз Бүкіләлемдік почта одағына мүше болып кірді. Яғни, «Қазпочтаның» тарихы осы жылдан басталды.
«Қазпочта» байланыс кәсіпорны бұрынғы Байланыс министрлігінің құрамындағы біртұтас «Байланыс» саласынан 1993 жылы қазанда бөлініп шығып, дербес шаруашылық субъектісі болды. 1995 жылы қарашадан республикалық мемлекеттік кәсіпорын, ал 1999 жылы 20 желтоқсанда «Қазпочта» АҚ болып қайта құрылды.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары почта саласында да көптеген қиындықтар болды. Оның ішінде Жуалы аудандық почта байланыс торабының жағдайы туралы сала ардагерлері былай дейді: «Ол жылдары почта қызметкерлері қазіргі «Қазтелеком» мекемесінің ғимараты мен оның артындағы ескі ғимаратта отыратынбыз. Қызметкерлерге де, халыққа да тиісті жағдай жасалмаған.
Халықтың айлығы айлап кешігетін уақыт. Оның үстіне почтаның тұтынушылары банктерге кетті. Почтаға адам кірмейді. Тек газет-журналдарға жазылу кезінде ғана бас сұғады. Айлық өте аз. Қысқасы, почтаның жағдайы төмендеп кетті.
Тәуелсіз еліміз етек-жеңін жинап, жағдайы түзеле бастаған жылдары почта саласында да оңды істер қолға алынды. Почта саласының жұмысын жандандыру мақсатында арнайы бағдарламалар бекітіліп, жоспарлы жұмыстар атқарыла бастады.
Тәуелсіздіктің алдында аудандық почта байланыс торабын Шерхан Раздықов, одан кейінгі тәуелсіздік жылары Гүлбарам Бесжанова, Жолдыбай Иманғалиев, Жарас Мұратаев, Нүрзия Алтыбаева, Асылхан Іргебаев, Марат Қасымбеков, соңғы жылдары қайта Нүрзия Бақыторазқызы басқарды. Ал, 2018 жылы Шалғын Көпбаев, «Үздік байланысшы» төсбелгісінің иегері Роза Бекішова басқарса, 2019 жылдың ақпан айынан бастап осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан жуалылық азамат Бақытжан Устаев басқарып келеді.
Бүгінгі таңда аудандық почта байланыс торабы аудан бойынша мерзімді басылымдарға жазылуды жүргізу, оларды таратумен қатар түрлі төлемдерді қабылдау және тағы да басқа түрлі заманауи қызметтерді атқара бастады.
Жуалы аудандық почта байланыс торабының материалдық-техникалық базасына келетін болсақ, 2011 жылдың шілде айынан бастап жаңа ғимаратқа көшті. Ғимаратта заман талабына сай почта құндылықтарын сақтау үшін және қызметкерлердің өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тиісті шаралар жасалған.
Бүгінде ауданда орталық операциялық учаске, 12 ауылдық почта байланыс бөлімшелері, екі почта байланыс пункті бар. 12 ауылдық почта байланыс бөлімшесі автоматтандырылған. Олардың ішінде Бәйтерек, Шақпақ, Көлбастау, Шыңбұлақ, Қарабастау, Нұрлыкент ауылдарындағы бөлімшелер жеке ғимаратта орналасқан. Ал, қалғандары ауылдық әкімшіліктің ғимаратында орналасқан.
Жыл өткен сайын елімізде почта байланыс саласы дамып келеді.
Аудандық почта байланыс торабы да бүгінде дәстүрлі қызметтерден басқа заман талабына сай көптеген жаңа қызметтерді атқарады.
2014 жылдан бастап «Қазпочта» АҚ трасформация бағдарламасын бекіткен болатын. Бұлбағдарлама 2015 жылдың ақпан айынан бастап жүзеге аса бастады. Оның мақсаты – жасалынатын процестер барысында шығынды азайту, қызметтердің сапасы мен жылдамдығын арттыру, қызметкерлердің біліктілігін көтеру, онлайн сервистерді автоматтандыра отырып дамыту арқылы нәтижеге жету.
2015 жылдың қыркүйек айынан бастап орталық операция учаскесі электронды жүйеге қосылған. Қызмет алушылар талон алу арқылы операциялық терезеден керекті қызметтерін алуда.
Бүгінгі таңда почта байланыс бөлімшелерінде РОS-терминал арқылы барлық төленетін төлеулер мен еңбек ақылар төленеді. Сол себептен, зейнетақы алушылар бүгінде зейнетақы алу шоттарын карточкалық шотқа ауыстыруда.
Аудандық почта байланыс торабы және Нұрлыкент, Қайрат ауылдарындағы почта байланыс бөлімшелерінде бес банк арқылы несиелер берілуде.
Қазақстан Республикасы бойынша «Сәлем теңге» қызметі арқылы ақшалай аударым жасалады. Аударымның түсу уақыты 1-2 минут. Сонымен бірге алыс-жақын шетелдерге «Юнистрим» жүйесі, «WESTERN UNION» жүйесі бойынша жасалады. Аударымдардың түсу уақыты 10-15 минут. Сонымен бірге «Билайн», «Актив», «Ксеll», «Теле-2» ұялы операторларының пайдасына барлық автоматтандырылған 12 ауылдық бөлімшеде бірлік салынады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен «Қазпочта» АҚ келісімшартқа тұруының нәтижесінде, аудандық почта байланыс торабы гибридтік электронды хат қабылдап, тиісті мекенжайларға жеткізді.
Жуалы аудандық почта байланыс торабы 1928 жылы аудан құрылғаннан бері халыққа қызмет етіп келеді. Содан бері талай азаматтар почта саласының «ыстық-суығын көріп», саланың дамуына үлес қосты. Атап айтқанда, сала ардагерлері бас касса кассирі Александр Ерашенко, ұзақ жыл үнемдеуші болып қызмет еткен Айман Құрманова, жылжымалы почта бөлімшесінің меңгерушісі Ақмоншақ Құрманбекова, бас есепші марқұм Жұмакүл Сұлтанғалиева, бақылау операторы Зауыткүл Сиқымбаева, Бәйтерек ауылдық почта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі марқұм Афуза Заппарова, Күреңбел ауылдық почта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі Сәмсия Кенжетаева, Жұрымбай ауылының почташысы Тойымкүл Тоқпашова, Талапты ауылының почташысы Қалдыкүл Жексембаева, Ынтымақ ауылының почташысы Мейіркүл Текебаева, Б.Момышұлы ауылының почташысы Салима Юлдашова және тағы да басқалар.
Бүгінде аудандық почта байланыс торабында барлығы 75 кісі қызмет етеді. Соның ішінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп жатқан тәжірибелі мамандарға тоқталар болсақ, касса меңгерушісі Зейнеп Құрманова, орталық операциялық учаске басшысы Гүлмира Бурбекова, жазылым нұсқаушысы Ұлбосын Баймұсаева, т.б. Бұл қызметкерлер саланың бірнеше қызмет сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинаған білікті де білімді мамандар.
Сондай-ақ, операторлар: Бекзат Жүншеева, ГүлсараТұрсынбаева, Көлбастау ауылдық почта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі Әлия Рахметова, Қайрат ауылдық почта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі Нұрғайша Сауранбаева, Нұрлыкент ауылдық почта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі Нағима Кемалова, Көлтоған ауылдық почта байланыс бөлімшесінің операторы Әсел Тәукебаева, Т.Дүйсебайұлы ауылының почта тасымалдаушысы Құрманбек Райымбеков, Кәріқорған ауылының почташысы Ханайым Атамбаева, Нұрлыкент ауылының почташысы Розахан Эминова, Б.Момышұлы ауылының почташылары: Надежда Бурена, Тамара Карнаухова, Ирина Панина, сұрыптаушылар: Тоқжан Биғазиева, Марина Бехтольт сынды тәжірибелі мамандар қызмет етуде.
Жалпы, ауылдық почташылардың еңбегі ерекше. Себебі, олар ауа райының қолайсыздығына, яғни күннің ыстық-суығына, жауын-шашынға қарамастан газет-журналдар мен хаттарды халыққа дер кезінде жеткізіп отырады. Сондықтан олардың еңбегі қандай құрметке болса да лайық деуге әбден болады.
Аудандық почта байланыс торабында 6 инкассатор бар. Олар: бас инкассатор Ғалымжан Шәмшиев, Болат Рахманқұлов, Нұрлан Әзимов, Жанғали Асықбаев, Асылхан Шалқарбаев, Орынбек Сатыбалдиев. Сонымен бірге почта вагонынан қабылдаушы операторлар Орынғали Сатыбалдиев пен Нұрлан Адамбеков, аудандық почта байланыс бөлімшесінің еден жуушысы Ақмарал Сатаева да біраз жылдан бері қызмет етіп келеді.
Заман талабына сай жылдан-жылға сала қызметінің аясы кеңейіп келеді. Бұл қызметкерлерден жаңашылдық пен үлкен жауапкершілікті талап етуде. Жуалы аудандық почта байланыс торабының қызметкерлері қашанда аудан халқына сапалы қызмет көрсетуді, белгіленген жоспарды орындауда нәтижелі көрсеткіштерге қолжеткізуді басты мақсат етіп қойып, жоғары жауапкершілікпен, абыроймен қызмет етіп келеді.
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»