Basty bet

Төтенше жағдай режімін ұзарту – денсаулық сақтаудың төте жолы

Төрткүл дүниеге таралып, тыныс-тіршілікті тарылтқан COVID-19 індетінің елімізде өршуіне барынша жол бермеу үшін қажетті іс-шараның барлығы дереу қолға алынды. Дегенмен қауіп-қатердің әлі де беті қайтпағанын, бәсеңдемегенін ұдайы қаперде ұстап, босаңсымаған жөн. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режімін сәуірдің соңына дейін созуға тура келетінін мәлімдеді.

Наурыздың ортасында ін­деттің Қазақстанға жеткені белгілі бола бастаған сәттен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік іс-шараларына шұ­ғыл кірісуге пәрмен беріп, 15 сәуір­ге дейін Төтенше жағдай режі­мін жариялаған еді. Осы уақыт аралығында індеттің кең тара­луын тежеу үшін барлық жағ­дай жан-жақты, қатаң қадаға­ланды. Алайда елдегі алаң көңіл әлі басылар емес. Төтенше жағ­дай режімінің мерзімі тағы ұзара­тынын халықтың іші сезген-ді.
10 сәуірде Президенттің төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында қазіргі ахуал бағамдалып, жедел атқарылуы тиіс жұмыстар пысықталды.
– Төтенше жағдай режімін кем дегенде сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегінен әлі өткен жоқпыз. Індетке қатысты жағдайға жеңіл қарауға болмайды. Осыған байланысты карантин режімін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режімін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұлай жасамасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Індет белең алып, барша ұлтымыздың денсаулығына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнеске, тіпті бүкіл экономикаға қатысты жасап жатқан әрекеттеріміздің мәні жоғалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында, қысылтаяң шақта қауіпсіздік шараларын күшейте түсуден басқа амал жоқ. Өйткені індет ірі қалаларға қоса, қалған өңірлерде де етек жая бастады. Бүгінгі таңда Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауру жұқ­тырғандардың саны күрт өсті. Оңтүстікте халық тығыз ор­на­ласқанын ескерсек, жағ­дай­ды ушықтырмауға мейлінше қам­дану қажет.
Алдымен азаматтардың аман­дығы маңызды. Бірақ карантиннің ұзара түскені қаншама тірлікке қолбайлау болып, түрлі саладағы істің іркіліп қалатыны тағы бар. Нәпақасын күнделікті жұ­мы­сынан айырып отырған жұрт аз емес. Бұл ретте мемлекет нақ­ты шаралар қабылдап, табыс­сыз қалғандарға әлеуметтік төлемдер бере бастады. Алайда тар уақытта жәрдемақыны тап-тұйнақтай етіп тиімді таратудың өзі мәселеге айналып кетті. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар жеке шоты болмай, карантин кезінде карта аш­пақ болып банктердің алдына қап­тады. Бұлай топтанған жерде инфекцияның тарау қаупі кү­шейе­тіні белгілі. Сондықтан Мем­лекет басшысы Үкіметке аза­мат­тар үйінен шықпай көмек алатын тетіктерді жедел әзірлеп, төлем карталарын қашықтан дайын­дау мәселесін 3 күн ішінде шешуді талап етті.
Бұл тапсырма шұғыл қолға алынып, ертесіне-ақ «Қазпошта» төлем карталарын шығару мен шот ашуды онлайн жүзеге асыратын қызметті іске қосты. Kazpost Virtual деп аталатын қызмет post.kz сайтында қолжетімді. Сондай-ақ бұл қызметке смартфон арқылы жүгінгісі келетіндерге AppStore-да қосымшасы дайын тұр. Ал Playmarket-те жақында шығады. Қазір «Қазпошта» 1000-нан астам виртуалды карта шығарып үлгерді. Енді әлеуметтік төлем алу әлдеқайда жеңілдеді. Жалпы бұл жәрдемақыдан 1,7 миллион азамат үмітті болып отыр.
Жәрдемақыны үлестіруді осылай ың-шыңсыз ыңғайлауға цифрлы технологияның септігі тигені анық. Бірақ сын сағатта цифрландырудың біраз мәселені шешуге шама-шарқы жетпей, сыр беріп қалғанын көз көрді. Комиссия отырысында Президент осы жағын қатаң сынға алып, мектептер мен университеттер қашықтан оқытуға көшкенде интернет жүйесі стресс-тесттен өтпегенін айтты.
– Елеулі жүйелік кемшіліктер анықталды. Білім министрлігі теледидар арқылы сабақ беруге мәжбүр. Жарнамасы жер жарған E-Learning жүйесінің жұрт айтып жүргендей, үні шықпай қалды. Сонымен қатар E-Gov жүйесінде де ақаулар бар екені мәлім болды. Алдағы уақытта осы вирус кезіндегі жағдайлардан сабақ алып, талдаулар жасап, тосын жағдайларға да­йын болуымыз керек. Ең бастысы, шын мәніндегі цифрлы мемлекетке айналу үшін IT саласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындау қажет. Елімізде келесі жыл тиімді цифрландыру аясында өтуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Дағдарыс кем-кетігімізді көрсетіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге де жол ашып жатыр. Осы тұрғыда Пре­зи­дент жаңа тәжірибелерді ескере отырып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржылық шығындарсыз қайта қарауды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру мен ғы­лымды түбегейлі реформалауды тапсыр­ды.
Пандемиямен күрестің ал­дың­ғы шебінде жүрген медицина қыз­мет­кер­лерінің еңбегі ерлікке пара-пар. Оларға төленетін барлық қосымша тө­лем­дерді уақтылы жүргізу қадаға­ла­нуы керек. Бұл қатарда полиция мен әскери қызметшілер және мемлекеттік орган қызметкерлері де назардан тыс қалмайды.
Мемлекет басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын сапалы түрде іске асырудың маңыз­ды­лығына тоқталып, індеттен кейінгі кезеңде аталған бағдарлама аясында шамамен 240 мың жұмыс орны ашылатынын айтты.
– Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бұрын-соңды болмаған қаржы бөлінеді. Бөлінген қаражаттың құмға сіңген судай болмауы өте маңызды. Мұн­дай жағдай бұған дейін бірнеше рет болған. Сондықтан Үкімет пен әкім­дер бұл жұмысқа қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компания­ларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тартуға міндетті. Менің қолымдағы сараптама бойынша мұның басым бөлігі уақытша жұмыс орындары екенін көрсетіп отыр. Бағдарлама аяқталғаннан кейін 13 мың адам ғана тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі екен, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, мемлекеттің аталған әлеу­меттік қолдауларына қоса, «Біз біргеміз» акциясы аясында көмекке мұқтаж көп­теген отбасыға қамқорлық жасалып, ин­фекциядан сақтану құралдары және азық-түлік үлестірілді. Әрине осындай сын сағатта үйінде оқшауланып, жұмыстан қол үзіп қалған ағайынға ішер астың жеткілікті болмағы маңызды. Бірақ астықтан таршылық көрмес үшін қам-қарекет жасауды да естен шығармаған дұрыс. Яғни көктемгі егіс науқанын кешіктіруге болмайды. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі
3 есеге жуық, яғни 170 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылғанын атап өтті. Бұл ауыл шаруашылығына пестицидтер мен тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және жанар-жағармай сатып алуға мүмкіндік береді.
Көктемгі шаруаларды пысықтағанда, бұл мезгілдің әлегі – қарғын судың қаупін де ұмытпау керек. Президент Ақ­мола, Қостанай және Солтүстік Қазақ­стан облыстарының әкімдеріне дауыл­дан зардап шеккен инженерлік инфра­құ­рылымды қайта қалпына келтіру, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды дереу жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ су тас­қынын қадағалауды тапсырды.
Президенттің пәрменді тапсырмалары бұрын-соңды болмаған тегеурінді жұмысты талап етеді. Індет кезіндегі іс-қимыл келісілген келелі жиынға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты. Премьер-Министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек есеп берді.
Мемлекет басшысы Үкіметтің әкім­дермен тығыз байланыс орната оты­рып, шағын және орта бизнесті тоқы­раудан біртіндеп өркендеу аймағына алып шығуы үшін еліміздің екі ірі қала­сында жүйелі жұмыс жүргізуге мән беріп отыр. Бұл ретте әкімдіктер жұмыс орындарында қатаң санитарлық-эпиде­миологиялық режімді және әлеуметтік қашықтандыруды қамтамасыз ете алатын мекемелердің тізімін дайындайды. Ел басына күн туып тұрған осынау күрделі шақтағы еселі еңбек нәтижелі болып жатса, індеттің зардабын одан кейінгі кезеңде де көп тарта қоймаспыз. Бастысы, бұл бәлекет ұзаққа созылмай, сәуірдің соңы зауалдың соңы болғай!
«Egemen Qazaqstan»
(№70, 13 сәуір 2020 жыл)

Таңдаулы материалдар

Close