Basty bet

Елге еңбек сіңірген ер қымбат

Бекберді Еркебайұлы Қашкеевке арналған спорт мерекесі

Қасиетті Билікөл өңіріндегі Қарабастау ауылының тұрғындары елінен шыққан батырлары мен чемпиондарын ерекше құрмет тұтатын халық екенін тағы да дәлелдеді.
2 қараша күні Қарабастау ауылының орталығына жиналған қауымның қарасы мол болды. Олар Қарабастау ауылының тумасы, самбо күресінен спорт шебері, ұзақ жылдар бойы ауыл жастары арасында спорттың көптеген түрін насихаттап, үйірмелер аша отырып, аудан, облыс, республика көлемінде чемпиондар дайындап, бүгінде жерлестерінің жүрегінде мәңгілікке сақталған Бекберді Еркебайұлы Қашкеевті еске алып, оның есімінің құрметіне дзюдо күресінен 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өткізуге жиналды. Қарабастау ауылындағы Қошмамбетов атындағы орта мектептің мерекеге сай безендірілген спортзалында Бекберді Қашкеевтің суреті мен оның 50-ге жуық шәкірттерінің суретінен жасалған баннермен, өмірбаянымен осында келген қонақтардың барлығы танысты.
Бекберді Еркебайұлы Қашкеев 1955 жылы Билікөл ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Қошмамбетов атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Жамбыл технологиялых институтының тамақ өнеркәсібінің инженер механигі факультетіне түсіп,1977 жылы оқу орнын үздік тәмамдайды. 1978-1987 жылдары ол «Жамбыл химстрой» тресттің автобазасында жүк тасымалдау бөлімінің шебері болып қызмет атқарады. 1978-1979 жылдары Отан алдында борышын өтеу үшін әскер қатарына алынады. 1980 жылы Билікөл қой совхозының диспетчері және кадр бөлімінің аға инспекторы болып қызмет етті. 1982 жылы ол совхоз директорының орынбасары, ал 1991 жылы Бекберді Еркебайұлын Билікөл ауылдық Кеңесінің төрағасы және 1996 жылы Билікөл ауылдық округінің әкімі болып тағайындалады. 2010 жылы «Жуалы- Су» МКМ бастығының міндетін атқарды. 2013 жылы сұм ажал ардақты азаматты арамыздан алып кетеді. Бекберді Еркебайұлының мәңгілік өмірге аттанғанына алты жыл өтсе де, оның жерлестері, шәкірттері, ауыл азаматтары және спорт саласының спортшылары сүйікті ұстаздарын ұмытқан емес. Олар тек турнир өткізіп қана қоймай, Қошмамбетов атындағы орта мектептің спорт кабинетіне оның есімін беруді ұйғарған. Аудан басшылығы оған келісімін беріп, салтанатты жиынға қатысып, облыстық турнирдің қадірлі қонағы болды.
Салтанатты жиынды «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің бишілер тобы «Қазақ» биімен ашты. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени демалыс және халық шығармашылығы орталығының қызметкері Ербол Бекжанов жиынды ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Құрметті ауыл тұрғындары, қадірлі қонақтар!
Спорт – денсаулық кепілі. Спорт- адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа бағалаған. Сондықтан да мемлекетіміз халықтың дені сау болу үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасауда. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев айтқандай: «Дені сау ұлт – бәсекеге қабілетті болады». Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту- мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып табылады.
«Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Саламатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту «Қазақстан-2030» стратегиясының маңызды міндеттерінің бірі. Елімізде, біздің ауданда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт ғимараттарының саны арта түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтырумен шұғылданушылар саны көбейіп келеді. Ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде спорт алаңдары, стадиондар, спортзалдар және «Стрит воркоут» орталықтары соғылып, олардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді,- дей келе, Нарбай Әбілқасымұлы ауданның спорт саласындағы жетістіктері мен ауылдарымыздан шыққан чемпиондардың есімдерін де атап кетті.
Олардың ішіндегі ең жас, әлем чемпионының атағын жуырда ғана жастар арасында самбо күресінен Өзбекстанның бас қаласы Ташкентте жеңіп алған қарабастаулық спортшы Архат Әнуарбек туралы мақтанышпен айтты.
Айта кету керек, бұл турнирдің өтуіне көп ықпал жасаған, бүгінде «Тараз- Арена» спорт кешенінде самбо күресінен жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүрген Архаттың әкесі, кезінде Бекберді Қашкеевтің шәкірттерінің бірі болған- Хайрулла Лұқманов. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов екеуі осы турнирге атсалысып, ұйымдастырды.
Еске алу турнирінің салтанатты жиынында Алматы қаласынан арнайы турнирге келіп, демеушілік жасап отырған Қарабастау ауылының тумасы, генерал Ғабит Миразовқа сөз кезегі берілді.
-Бүгінгі өтіп жатқан өзіміздің кішкентай ауылымыздағы шара біздің жүрегіміздің қатты соғуына, көңіліміздің толқуына әсер етіп отыр. Өйткені біз сыртта жүрсек те ауылымыздың жағдайын, жастарымыздың ертеңін, атқарылып жатқан істерді ойламай жүре алмаймыз.
Осы ауылда өстік, сол Бекберді ағамыз спортқа тартып, біздің шынығуымызға, жақсы азамат болып қалыптасуымызға көп еңбегі сіңді десе болады. Осы кісінің берген тәрбиесі маған өмірдің талай қиын кезеңдерінде көмектесті,- деді генерал. Ол турнирге қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі және аудан әкіміне ауыл тұрғындарына қолдау білдіргеніне алғысын жеткізді.
Одан кейін еске алу жиынның қонақтары Тараздан келген Б.Қашкеевтің әпкесі Райхан Қашкеева, інісі Нұрлан Еркебаев, жұбайы Нәзипа Жолдасқызы тебірене сөйледі. Сондай- ақ, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов және кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаевқа сөз берілді. Олар жиналғандарды мерекелік шараменен құттықтап, сәттілік тіледі.
Одан кейін кезек марапаттарға берілді. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен генерал Ғабит Миразов 1999 жылы Қарабастау ауылында дүниеге келген, самбо, дзюдо, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, 2016 жылы- дзюдодан Әзия чемпионы (Тайланд, Багкок), 2017 жылы самбодан Азия чемпионы (Корея) және 2019 жылы самбо күресінен жастар арасында Әлем чемпионы (Өзбекстан, Ташкент)атағын жеңіп алған, Архат Әнуарбекті марапаттады. Олар жас спортшыға жылы лебіздерін айтып, сәттілік тіледі.
Бекберді Еркебайұлының шәкірттері атынан бірқатар аудан басшыларына, туыстары, қыздары, достары, ауыл ақсақалдары және азаматтарына естелік медальдар тапсырылды. Қарабастау ауылының ардақты ақсақалы, еңбек ардагері Тұрсынбек Пашыров ақ батасын берді. Одан кейін турнирге жиналғандар ауданның және ауылдың көркем өнерпаздарының концертін тамашалады.
Мерекелік шараның екінші бөлігі ауылдық Мәдениет үйінде өтті. Онда «Тараз- Арена» спорт кешенінің жаттықтырушысы Хайрулла Лұқмановтың ұйымдастыруымен дзюдо күресінен жарыс өтті. Сайысқа Тараз қаласынан, Жамбыл, Сарысу, Байзақ,Талас, Жуалы аудандарының спортшылары қатысты.
Жарыс дзюдоның жеті салмақ түрінен өтті.
– Бұл турнирдің басты мақсаты- Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру, жастар арасында нашақорлыққа жол бермеу, патриоттық сезімге және ұлтжандылыққа тәрбиелеу, олардың денсаулығын арттырып, саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады,- деді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов.
Жарыс арасында көрермендердің алдында арнайы Алматыдан келген каратэ, дзюдо, самбо күрестері түрлерінен спортшылар әртүрлі дәрежедегі чемпиондар өнер көрсетті.
Спортшы ерлерден кейін сахна төріне әйелдер шығып, күресті. «Әйелдер күресінде» бірінші орынды Билікөл дәрігерлік амбулаториясының қызметкері Элмира Юсупова жеңіп алса, екінші орынды Қ. Қошмамбетов атындағы орта мектептің мұғалімі Нұрсұлу Саудабаева, ал үшінші орынды Билікөл ауылдық округінің қызметкері Нұрсұлу Мұхамедьярова иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен Ғабит Миразовтың демеушілігімен ақшалай сый-сияпаттар жасалып, марапатталды.
Турнирге қатысушылар 2003-2004 жылы туылған 46, 50, 55, 60, 66, 73 және 81 килограмм салмақ дәрежедегі 30-ға жуық спортшылар арасында қызықты әрі тартымды ойын болып өтті. Жарыстың төрешілерінің шешімімен жалпы қатысқан ұлдардың жеңісінің қорытындысы бойынша Тараздан келген спортшылары әртүрлі орындардан жеңімпаз атанып, 11 медальды иеленді, Жамбыл ауданы-2, Байзақ-2 медаль, Сарысу-1, Талас-1, Жуалы-3 және Қарабастау ауылының спортшылары 6 медальды жеңіп алды. Қарабастау ауылының намысын қорғағандар қатарында Дәурен Әуелбек, Асқар Нұр, Мейірхан Нұржау, Сәрсембай Бек, Дамир Манатұлы және Арман Әуелбек жоғары деңгейде ойын көрсетті. Жеңімпаздар медаль, диплом және Бекберді Қашкеевтың туысқандарының дайындаған бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Турнир соңында Б.Қашкеевтің рухына Құран бағышталып, құдайы тамақ таратылды.
Гүлмира Дембаева.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close