Basty bet
«Желтоқсан көтерілісінің» куәгерімен кездесу
«Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің
әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі…»
Нұрсұлтан Назарбаев, Тұңғыш Президент-Елбасы.
Ата-бабамыз тарихтан сыр шерте отырып, өскелең ұрпағына қашанда бірлік, елдік, ерлік, жайында насихаттаудан әсте танған емес. Халық, ел, ұлт, мемлекет болып қалыптасу үшін ең қажетті алғышарттардың бір де бірегейі – оның егемендігі, өзге жұрттан тәуелсіз, даралығы, халқының бостандығы екенін білеміз. Ендеше, еліміздің сан қилы тарих қатпарларынан қол бұлғаған қанды қырғын мен небір зұлмат соғыстар, түрлі шайқастар мен қантөгістер, боздақтардың жаны қиылған оқиғаларда бір ғана мақсатты, бір ғана мүддені көздегенін көреміз.
Сан ғасырлар бойы келе жатқан халқымыздың арманы, үкілі тілегі – қазақ боп қалыптасқан, тарих ізімен ерекшеліп, осынау уақыт аралығында ұлттық мақсаты айқындалған, қадір-қасиетімен астасқан ұраны бар тәуелсіз ел атану еді. Асылымызды жасырып, бас көтерер батырларымызды жаншып, жігерімізді құм еткені жасырын емес. Өзінікін өзмдікі дей алмағаннан артық қорлық бар ма?! Елдің рухынна жаны ашитын біртуар перзенттеріміз қудаланып, нағыз «ұлт қаймақтарын» жоғалтып алдық. Ақыры кешегі «Желтоқсанның мұзға жаққан алауының» қызуы елдің үмітін жағып, Тәңір қолдап, қазақ халқы өз тәуелсіздігін еншіледі. Кейде «әттеген-ай» дейтініміз де бар. Желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апаларымыздың арқасында қол жеткен тәуелсіздігін алғанына да биыл 29 жыл толды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте жас маман Айдана Жексенбайқызының ұйымдастыруымен «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Жас ұрпақ тағылым алар шараға «Желтоқсан көтерілісінің» куәгері Жазира Досанова шақырылып, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, сүбелі сұхбат берді. Басқосуға Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев қатысты. Шараны мектеп директоры Гүлсара Омарбекова ашып, қонақтарды және оқушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде тәуелсіздіктің құндылықтары туралы айта келіп, тәуелсіздік жолындағы күрестің жалғасы ретінде мектеп шәкірттерін білімнің биік тұғырынан көрінуге шақырды.
«Желтоқсан көтерілісінің» куәгері Жазира Досанова туралы айта кетсек, Жазира Асылханқызы 1969 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Отбасында үш ағайынды. 1986 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық институтының физика және математика факультетіне оқуға түскен.
Кездесу барысында мектеп оқушылары Жазира Досановаға: «Желтоқсан оқиғасы болған кезде сізді алаңға қандай күш итермеледі?» деген алғашқы сұрақтарын қойды.
-Сол жылы мен Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық институтының «ЖенПИ-дің» бірінші курсындағы студент едім. Онда жалындап тұрған жас шағымыз. 15-ші желтоқсан күні біз Алматыдағы М.Горький атындағы паркке барған болатынбыз. Дене шынықтыру сабағына №1 троллейбуспен баратынбыз. Сол жерге жеңіл атлетикаға қатысу үшін аптасына үш күн баратын едік. Келесі күні, яғни, 16-шы желтоқсанда таңғы тоғыздар шамасында саябаққа барып келе жатсақ, қайтар жолда бір топ жас жігіттер мен жас қыздардың алаңда жүргенін байқадық.
Сол тұста Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қызметінен түсіп, оның орнына өзге ұлт өкілі Г.В.Колбин келейін деп жатқан болатын. Осы оқиғаға байланысты алаңға көтеріліске шыққан наразы топ: «Колбин кетсін! Қазақстанға өзге ұлттан басшы тағайындауға қарсымыз!» деп ұрандатып жатты. Менің жанымда Бейбіт Мұсаева деген құрбым болатын. Ол өзі өжет, ер мінезді қыз еді. «Бізге не тұрыс? Алаңға кеттік» деді. Содан не керек, біз де жастарды қолдап, оларға ілесіп алаңға шықтық.
Ол жерде жергілікті құқық қорғау қызметкерлері ер азаматтарды ауыр соққының астына алып, ал қыздарды аязды күні жалаңаяқ шаштарынан сүйреп, мұздай су әкеліп шашып, зорлық жасады. Әлі есімде, ақын Мұхтар Шаханов орталық алаңға келіп, бізге біраз басу айтты. Оған қатысқан біраз жастар ұсталып, қамауға алынды. Кейбірі қудалауға ұшырап, оқудан шығарылып жатты. Белгілісі, Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінде Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды «Ақырып теңдік сұраған» жастар тәуелсіздік жолында құрбан болды,- деп, сол қаралы күндерді мұңайып еске алды.
«Желтоқсан көтерілісінің» куәгері Жазира Досанова қазіргі таңда Нұрлыкент ауылында тұрады. Ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Отбасында отағасы Еркін Досанов екеуі төрт ұл тәрбиелеп, өсірген. Немере сүйіп отырған шуақты шаңырақ.
Мерекелік шараға тәуелсіздік құрдастары Нұрбол Қамысбаев, Арайлым Нұржанова шақырылып, олар да өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, Тәуелсіздіктің құрдастары екенін мақтаныш ететіндерін жеткізді.
Кездесу соңында мектеп директоры Г.Омарбекова және мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Айдосова Желтоқсан оқиғасының куәгері Жазира Досановаға алғыс айтып, оны Алғысхатпен марапаттады. Сондай-ақ, тәуелсіздік құрдастарына естелік сыйлық табыстады. Кездесуге арнайы шақырылған Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Н.Бөлекбаев іс-шараны қортындылап, жиналғандарды мерекемен құттықтап, мектеп ұжымына мерекелік лебізін білдірді. Ж.Досанованы әкімшіліктің атынан Алғысхатпен марапаттады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, ел болашағы қазіргі жас жеткіншектердің қаншалықты білімді, тәрбиелі болуымен тікелей байланысты. Осы мақсатта барлық жұмыстардың нәтижесін үнемі бағалап, зерттеп, одан қорытынды жасап отырудың маңызы зор. Әрбір оқушыға өз еліне, оның бай тарихына, жарқын болашағына деген жауапкершілігін сезіндіретін әрекет жүйесін дамытуымыз керек деп білемін.
Өткен мен бүгінгіні таразыға сала алатын, келешек сабағын ертеңге бағдар еткен рухы асқақ, жандары таза жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Білімнің іргетасының беріктігі – болашақтың мықты болуына негіз. Тарих сабағында оқушылардың елін, Отанын сүю сезімін қалыптастыру, ерлік рухын ояту – барлық мұғалімінің басты парызы. Біздің міндетіміз – айқын, алға қойған бағытымыз – дұрыс. Ендеше, тәуелсіздігіміз баянды, тұтастығымыз берік, елдігіміз мәңгі болсын!
Айдана ӨТЕГЕН,
№5 М.Ломоносов атындағы
орта мектептің орыс тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі