Basty bet

Жасампаз істер жалғасын табады

Биылғы жылы тәуелсіз Қазақстанның саяси өмірі тағдыршешті оқиғаларға толы болғаны белгілі. Соның ең негізгісі ретінде жақында ғана өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын айтуға болады. 9 маусымда өткен Президент сайлауында кандидаттардың ішінен Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, саяси аламанда жарқын жеңіске жеткен болатын.
Ел тағдыры қашанда елім деп еңіреген ерлердің қолына сеніп тапсырылатыны белгілі. Ежелден ауызбіршілік пен ынтымақты «темірқазық» етіп ұстанған халқымыз бұл сайлауда да белсенділік танытып, ел Президенттігіне лайықта тұлғалы азаматты таңдап отыр. Президентке лайық деп таңдалған азамат Қ.Тоқаевтың әлемдік саясатта да салмақты тұлға екенін жақсы білеміз. Тәуелсіз Қазақстанның алдағы тағдыры, халық тұрмысының әлеуметтік жағынан ілгерілеуі бәрі-бәрі Президенттің жүргізетін саясатына тікелей байланысты болмақ.
Күні кеше ғана ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың лауазымына жаңадан кірісер алдындағы ұлықтау рәсімі өткізілді. Бұл рәсімнің ел өміріндегі маңызды оқиға, тарихи күндердің бірі ретінде сақталып қалатыны сөзсіз. Президент халыққа салтанатты түрде Ант беруімен қатар Қазақстанның алдағы даму жоспарларымен де бөлісті. Жаңа замандағы жаңа Қазақстанның келбеті мен даму жолдары айқындалып отыр. «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» дейді дана халқымыз. Жаңадан тағайындалған ел ағасына, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, оның жүргізетін оң саясатына халық болып қолдау көрсетуіміз қажет. Сонда ғана еліміздің жасампаздық жолындағы жарқын істері жалғаса беретініне сенім білдіремін.

Жарас МҰРАТАЙ,
қаржы саласының ардагері.
Ауданның және облыстың Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close