Basty bet

Жария пікірсайыс басталды

Кеше, яғни 14 қыркүйек күні аудандық «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеу Праймеризінің жария пікірсайыс кезеңі басталды. Жария пікірсайысқа қатысушылар 5 қыркүйек күні жеребе тарту рәсімі арқылы өзінің пікірсайысқа қатысу уақытын, орнын анықтаған болатын. Жалпы жария пікірсайысқа қатысуға 47 үміткер ниет білдірген.

Алғашқы жария пікірсайыс аудандық мәдениет үйінде өтті. Оған Нұрмахан Тыныбеков, Гүлнар Әбілдаева, Мұхамеджан Асемов, Мейіржан Телеушов қатысты. Пікірсайысты Руслан Сайлаубаев жүргізді. Модератор жария пікірсайыстың ережелерімен таныстырып өтті.
Пікірсайысты әлеуметтік желі қолданушылары да тікелей эфирден көре алды.
Жария пікірсайыстың бірінші раундында қатысушылар өздерін және сайлауалды бағдарламаларын, сонымен бірге сайлауалды бағдарламасындағы ең маңызды деген мәселесінің шешу жолдарын ұсынды. Ал екінші раунд сұрақ-жауап форматында өтті. Яғни, кандидат өз оппоненттерінің әрқайсысына кем дегенде бір сұрақ қоя алады.
Бірінші раундта қатысушылар сайлауалды бағдарламаларына сәйкес туризм саласын дамыту, тәрбие-білім саласындағы маңызды мәселелер, жерді тиімді пайдалану, жастар саясаты туралы мәселелерді көтерді.
Екінші раундта қатысушыларға әлеуметтік желі арқылы да, залдан да сұрақ қоюшылар болды.
Сағат 14:00-ден 15:00-дің аралығындағы жария пікірсайысты Гүлнұр Қадірбек, Зайырбек Сұлтанмұратов, Роза Мұратаева жалғастырды. Спикерлер жас ұрпақ тәрбиесі, ұстаздар қауымына қатысты мәселелер және ауыл шаруашылығы саласына байланысты ұсыныстарын жеткізіп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Екінші раундта қатысушылар сұрақтарға жауап берді.
Ал, сағат 16:00-ден 17:00- аралығындағы пікірсайыс Ақмарал Рахметова, Ақбота Қаңтарбаева, Жақсыбек Қасымбеков, Дакирахан Усманованың арасында өтті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close