Basty bet

Дін – экстремизм мен терроризмге қарсы

Салафизм ағымының доктриналық идеологиясын XIII ғасырда Ибн Таймия қалады. Ибн Таймияның доктриналық пікірінің Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасымен келіспейтін тұстары көп болды. Сол себепті, Ибн Таймияға өз уақытында Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдары ескерту беріп, кейбір көзқарасын теріске шығарды. Ибн Таймияның доктриналық ілімін XVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген Мұхаммед Абдулуаһһаб насихаттап, ары қарай дамытты. Тарихқа үңілер болсақ, уаһабшылдық идеология негізінен XX ғасырдың басында I дүниежүзілік соғыстан кейін өз тәуелсіздігін алды. Алайда, уаһабшылдық идеология көп мұсылман елдерінен қолдау таппағандықтан, олар өздерін жағымды көрсету мақсатында, біз «салафиміз» (бұрынғылардың жолын ұстанамыз) деген ұранымен бүгінде «салафизм» атымен танылып үлгерді.
Қазіргі таңда оларды жақтайтын бір бөлім отандас дінтанушыларымыз салафилік ағымды «қалыпты салафи» және «қауіпті салафи» деп екіге бөліп көрсетуге тырысып жүр. Олардың, елімізге «қалыпты салафилердің зияны жоқ» деген сынды көзқарастары сол ағымды жақтап тұрғандай. Өйткені, салафилік ағымды «қалыпты салафи» және «қауіпті салафи» деп екіге бөліп қарауға келмейді. Олардың қай бағыты болсын, сүйенетін доктриналық әдебиеттері бір. Яғни, бәрі Ибн Таймия мен Мұхаммед Абдулуаһһабтың еңбектерінен айналып өте алмайды. Салафилік теріс ағымның басты идеологиясы, ол – буквализм. Яғни, мәңгүрттендіру. Олар өздерінің буквализмдік идеологиясын сіңіруде төмендегідей тәсілдерді пайдаланады деуге болады. Құран аяттары мен хадистерді түсінуде сыртқы мәнімен шектелу: Олар, «Дінді ақылмен түсінуге болмайды, ол — философия, яғни адасушылық» деген түсінікті қалыптастырады. Мақсаттарына жету үшін мешіт имамдары мен белгілі исламтанушы, теологтардың уағызын тыңдауға, кітабын оқуға тыйым салады. Олардың уағызын тыңдап, кітаптарын оқыған адам таза сенімі бұзылып, адасады деп түсіндіреді. Сөйтіп, дінге жаңа келген адамның көңіліне өзегелерге деген сенімсіздік, жауы ретінде қарау танымын сіңіріп, өз айтқандарынан шықпайтындай хәлге келтіреді. Сондай-ақ, аяттар мен хадистердің мәніне үңіліп, діннің рухын ақыл тұрғысынан саралай алмаған адамның мәңгүртке айналары сөзсіз. Салафилік ағымның ғалымдары, ислам діні баса мән берген: «Ой жүгіртпейсіңдер ме?», «Зер салмайсыңдар ма?», «Ақылды қолданбайсыңдар ма?» деген жүздеген аяттар мен мыңдаған хадистердің мәнін түсінбей қалуы мүмкін бе?! Жоқ, мүмкін емес.
Олардың ғалымдары мұның бәрін біледі. Біле тұра істемейді. Яғни, олардың мақсаты соңына ергендерді мәңгүрттендіріп, айтқанын істету, саяси мақсаттарына жету болып отыр. Қасиетті Құранның алғашқы аятының «Оқы…» әмірімен түскенін, «ақылды пайдалану» керектігін қатардағы бір діни тұлға да ажырата алады. Бұл «Оқы…» әмірінің білім іздеуді, үйренуді, толғануды, өзгелердің пікірімен санасуды, т.б. көптеген мағыналарды қамтитыны түсінікті. Соған қарамастан, олардың Құран аяттары мен хадистердің мәніне үңілуге тыйым салып, сыртқы мәнімен шектеп қоюы сөзіміздің дәлелі тәрізді. Ұлттық құндылықтарды жоққа шығару, бір елдің ұлттық құндылығын жоққа шығару – сол елді бағыт-бағдарынан адастырудың басты шарты.
Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, Оны үйрете алмас ешбір мұғалім» дегенін ескерер болсақ, ата-баба салт-дәстүріне «анау бидғат», «мынау ширк» деп қарсы тұру халқымыздың әдет-ғұрпымен қалыптасқан ұлттық тәрбиеден қол үздірудің бір тәсілі болып табылады. Салафилік ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрғандарға қазақ халқының әдет-ғұрпын мүмкіндігінше дінге кереғар етіп көрсету арқылы өз идеологияларын өткізеді. Жақтастарын көбейтеді. Нәтижеде, қазақты қазаққа қарсы қойып, елдің, ұлттың бүтіндігін бұзады. Зайырлылық мемлекетті мойындамау, салафилік ағымының көзқарасы бойынша, мемлекеттік конституциясы ислам шариғатынан бөлек, яғни, Құран мен сүннеттен болмаған саяси жүйе болса болды кәпірге шығарады. Зайырлы мемлекеттің Ата Заңына қолдау көрсеткен, сол елдің экономикасының өсуіне қолұшын берген жандарды да жауы ретінде таниды. Елі үшін адал қызмет етіп жатқан адамдарды, тіпті, олар мұсылман болса да өз идеологияларын қолдамағаны үшін айыптайды.
Салафилік ағымының мемлекет Конституциясына қарсы тұруы мемлекет тұрақтылығына кері әсерін тигізетіні даусыз. Ендігі кезекте, «Салафилік ағымды қалай ауыздықтай аламыз, оның идеологиясын түбегейлі жеңудің жолдары не?» деген сұрақтардың туындары анық. Салафилік ағымның идеологиясының ықпалында кеткен адам, әрбір ісіне салафилік идеологияның дүрбісімен қарап, сол негізде өмірлік ұстаным қалыптастырады. Оның танымын өзгерту, райынан қайтару көп күш сарп етуді талап етеді.
«Отан – отбасыдан басталады» дегендей, отбасындағы ата-анасын кәпірге шығарып қараусыз қалдыру, әйеліне талақ беріп жалғыз басты жесір әйелдер мен тәрбие көрмеген жетімдердің көбеюінің бір ұшы осы идеологиямен тікелей қатысты. Сондықтан, оларға қарсы тұрудың ең басты шарты, ол – қоғам мен биліктің өзара үндесуі, ұлттық бірлік.
Қазір салафилік идеология араб елдерімен шектелмей, әлемнің көптеген аймақтарына таралып үлгерді. Қазақстан мұсылмандары арасында, әсіресе жастар ортасында салафилік көзқарастар кеңінен таралу үстінде. Олар жастардың санасын бұзып, мәңгүртікке уағыздауда. Мұны тағы да тілге тиек етпеске болмайды.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді», – деген. Бір елді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремистік және лаңкестік әрекеттер шектен шығушылықтың, радикалды көзқарастардың салдарынан орын алып отыр. Міне, кезінде бір қозғалыстың атауы болып, соның ұстанымдарын таратқысы келгендер осылай бір ағымға айналып шыға келді. Бұл ағымдағылар өзге мұсылмандардан ерекшеленіп, өздерін ғана «ақиқат жолындамыз» деп санайды. «Біз, салаф ақидасының сенімді өкіліміз және олардың исламдағы жолын жалғастырушымыз» деп көрсеткісі келеді. Бұл ағымдағы адамдардың адасушылығы – «ең дұрыс ислам жамағаты – біз» деп ойлауы. Бұрынғы салафус-салихин ғұламаларынан мұндай ілім қалмаған, олардың қай-қайсысы да мұсылмандар бірлігін бөлшектеуге жол бермеген.
Қорыта айтқанда, бұған біз де кінәліміз!? Себебі, жақынымызды, өз бауырларымызға жақсы жолды көрсете алмадық. Ата-ана бала бағып, жан сақтаудың қамымен азанда кеткеннен түн бата оралды. Еріккен бала ғаламторды ермегіне айналдырғандықтан, өз еркін жеңе алмаған кейбір жастарымыз әлеуметтік желілердегі уағыздарды тыңдап, шала жансар «діндар» болды. «Ештен кеш жақсы» деген, ендеше, ел ішінде адасып жүрген азаматтарымызды жат ағымдардың ықпалынан арашалап, оларды қорғау, адасқандарды ақылға шақыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Рамазан Абделиев,
Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы»
КММ-ның Жуалы ауданы бойынша инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close