Basty bet

Екі округте де оң көрсеткіштер бар

Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың халық алдындағы есеп беру жиыны кеше Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округтерінде өз жалғасын тауып, онда аталған екі округтің әкімдері мен аудан басшысы тұрғындардың алдында бірлескен қорытынды есептерін берді.

Алғашқы жиын Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте өтіп, оған округке қарасты алты елдімекеннің атынан 70-ке жуық өкілдер белсене қатысты. Жиын жұмысынан аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысса, сондай-ақ салалар бойынша алдын ала ұсыныс берілген аудандық әкімдіктің бірқатар бөлімдерінің басшылары жиыннан табылды.
Тұрғындар алдындағы есеп беру жиынын ауылдық округтің әкімі Рәтбек Көсембаев ашып, күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелерге тоқталып, жиын регламентін бекітті. Есеп беру жиынында алғаш болып ауылдық округке бекітілген учаскелік полиция инспекторы Айдар Әбделиев өз саласы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол өз сөзінде негізінен есепті мерзімде ауылдық округте орын алған қылмыстар мен құқықбұзушылықтар, оның ішінде көлік құралдарын заңсыз жүргізу, белгіленбеген орындарға күл-қоқыс тастау, сонымен қатар, қылмыстың алдын алу бағытында жыл ішінде атқарылған профилактикалық шараларды да атап өтті. Оның айтуынша, округте жыл басынан 10 қылмыс тіркеліп, оның 10-ы да ашылып, 306 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, тиісті көлемде айыппұл салынған.
Екінші кезекте Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаев 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы жоспарланған жұмыстардың жайына кеңінен тоқталды.
Ауылдық округ негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатындықтан, былтырғы мал санағы есебімен округтегі ірі қара саны 5027 бас, оның ішінде сауынды сиыр 2533 бас, қой-ешкі 24 849, жылқы 1234 басты, ал үй құстары 8642-ні құраған.
Егін шаруашылығына келсек, өткен жылы 11 666 гектар егістік алқаптың 1132 гектарына күздік бидай, 3510-на жаздық арпа, 3331-не мақсары, 310-на таза жоңышқа егіліп, ойдағыдай өнім жиналған. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша округте бес шаруа қожалық «Беларус-892-2» және «Беларус-952-2» тракторларын лизинг жүйесімен алса, сонымен қатар, жеті шаруашылық алты жылжымалы вагон және бір шөптайлағыш техникасын нақты өз қаражаттарына алып отыр.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша төрт азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтсе, 32 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, «Жастар практикасымен» бір, ал ақылы қоғамдық жұмысқа 34 адам тартылған. Ал 18 азамат 555 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр.
Елдімекендерді сумен жабдықтау бағдарламасымен өткен жылы Шыңбұлақ ауылында ұзындығы 7,5 км болатын «Тарақұл» каналы, «Қоңыртөбе-1» және «Қоңыртөбе-2» су тоғандарынан ауылға келетін арықтар тазаланды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылішілік арық-атыздар арнайы техникалармен тазаланды. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімі өз сөзінде басқа да салаларда қол жеткізілген жетістіктермен қатар жұмыс барысында кеткен кейбір кемшіліктерді де атап өтті.
2021 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ, Кәріқорған ауылындағы М.Қожаназаров көшесінен басқа көшелердің барлығына жобалық-сметалық құжаттар (ЖСҚ) дайындалып, қаржыға сұраныс берілсе, Тасбастау ауылы Б.Үсіпбаев көшесін ағымды жөндеуге қаражат бөлініп отыр екен.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков округ тұрғындарының алдында жасаған өз баяндамасында негізінен барлық салада 2020 жылы қол жеткізілген табыстар мен жетістіктерді баяндап берді. Ауданның жетекші саласы саналатын ауыл шаруашылығынан бастап, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, сонымен қатар, былтыр аудан көлемінде іске асырылған инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың тиімділігі жөнінде егжей-тегжейлі айтты. Тиісінше, ауданда соңғы жылдары малдың басы өсіп, егістік жерлердің көлемі де артуда. Одан бөлек, ауданда тұрғындардың тұрмысын жеңілдету, табысын арттыру бағыттарында да елеулі жұмыстар атқарылған. Айта кету керек, табиғаты сұлу, ауасы таза өлкемізде туризм саласының дамуына да ерекше серпін берілу үстінде. Әрине, мұның бәрі халық пен жергілікті атқарушы биліктің бірлесе жұмыс атқаруының нәтижесінде мүмкін болып отырған жарқын жетістіктер. Аудан басшысы өз сөзінде осы бағыттағы жұмыстарды ары қарай да бірлесе атқара беруге сенім білдірді.
Жарыссөзде ең бірінші болып сөз алған округке қарасты Шыңбұлақ ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Канал Құралбаев ауылдық округтің әкімі Р.Көсембаевтың және ауданның басшысы Н.Ергебековтың өткен жылы атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға беріп, ауылдағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Ол өз сөзінде, Шыңбұлақ, Қосмұрат, Майбұлақ ауылдарының көшелеріне орта жөндеу, Шыңбұлақ ауылына клуб, кітапхана ғимаратын салу, сонымен қатар, ауылға мал дәрігерінің қажет екенін, қатты жел болған күндері электр жарығының жиі-жиі сөніп қала беретіні сияқты мәселелерді ортаға салды.
Ал келесі кезекте Тасбастау ауылынан сөйлеген Әлімхан Жапарбеков те электр жүйелерінің жиі істен шығатынын, сондай-ақ, ауылдың бір бөлігіне ағынсу әкелу, тиісінше, ауылда мал жайылымының тарылып бара жатқандығын тілге тиек етті. Жарыссөзде сөз алған ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев әкімдердің атқарған жұмысын оң бағалап, ауылдық округке көгілдір отынның келуіне байланысты аудандық газ шаруашылығы мекемесінен арнайы газ маманын бөлу қажеттігін алға тартты.
Есептік жиын барысында айтылған мәселелер мен қойылған сұрақтарға аудан әкімі Н.Ергебеков, сонымен бірге тиісті бөлім және мекеме басшылары тұрғындарға түсінікті тілмен әрі әрбір істің заңдылықтары негізінде зерделей отырып жауап берді.
* * *
Аудан басшысының тұрғындар алдындағы жиыны түстен кейін Күреңбел ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Ауылдық мәдениет үйінің кең залында өткен жиынға қатысқан тұрғындардың қарасы мол болды. Тиісінше, бұл округтегі жиынның жұмысына да аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысып отырды. Жиын белгіленген тәртіп бойынша өтіп, онда алғаш болып округтің УПИ-і есеп берді. Күреңбел ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Ержан Сыдығалиевтың еңбек демалысында болуына байланысты оның орнына Жетітөбе ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы А.Әбделиев баяндама оқып, округте өткен жылы атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Күреңбел ауылдық округінің әкімі Ғани Жұбаев 2020 жылы атқарылған жұмыстарға арналған өз баяндамасында ауылдық округ негізінен ауыл шаруашылығын кәсіп еткен өңір болғандықтан, шаруалар мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге беріліп жатқан жеңілдіктерді тиімді пайдалануда екенін баса айтып, сала аясындағы жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, аталған саланы дамытуда өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» корпорациясы арқылы «Ұлан» ШҚ басшысы М.Есмұратов лизингпен 7,4 миллион теңгеге «МТЗ-82.1» тракторын, сондай-ақ, бес шаруа қожалық тіркеме (вагон) алып, округ техникасын жаңартуға өз үлестерін қосқан. Округте 54 трактор, алты комбайн, 21 жүк көлігі тіркелген.
Округте егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Айталық, былтыр «Ернар» шаруа қожалығы асылдандыру мақсатында 400 бас асыл тұқымды қой алса, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген пайызбен сегіз азамат несие алып, кәсіптерін тиімді жүргізуде. Округ әкімшілігі мамандары тарапынан ауыл тұрғындарына кәсіп ашу туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, ауылдық округте жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілерінің және ауыл тұрғындарының демеушілігімен былтыр округтегі екі бірдей көпбалалы жалғызбасты отбасы баспанамен қамтамасыз етілген екен. «Жомарт жүрек» акциясы аясында ауылдық округтің тұрмысы төмен, жалғызбасты алты отбасының үй-жайларына ерікті азаматтардың көмегімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр екен. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен округ орталығындағы Қарабастау көшесінің бір бөлігіне құмшағал төселген. Елдімекендерді жасыл желекке айналдыру мақсатында жыл басында 100 дана шырша көшеттері отырғызылып, бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков округ тұрғындары алдында баяндама жасап, тиісінше 2021 жылы ауданда атқарылатын жұмыстар мен қолға алынғалы отырған жобаларды да кеңінен таратып айтып берді.
Жарыссөзге Қаратас ауылынан Алтынбек Қуанышев шығып, ауыл және аудан әкімдерінің атқарып отырған жұмыстарының өн бойында аудан экономикасының дамуы анық байқалып отырғанын қуанышпен жеткізіп, баяндамаларды оң бағалай келе, Қаратас ауылындағы негізгі мектебіне жаңа ғимарат немесе спортзал салу керектігін көтерді.
Ал ауылдық округтің азаматы, кәсіпкер Бегдан Зәуірбеков өз сөзінде Күреңбелде тұрғындардың ауызбіршілігімен атқарылып жатқан игілікті әрі сауапты істерді атап өтіп, ауылдағы саябаққа ауыл шаруашылығы саласының білгір ұйымдастырушысы әрі Күреңбел ауылдық округінің дамуына елеулі үлес қосқан асыл азамат Қуат Асабаевтың есімін беру керектігін еске салды. Бұл ұсыныс аудан басшысынан да, жиынға қатысқан тұрғындардан да қолдау тапты. Жиында көтерілген өзге де сұрақтарға аудан әкімі Н.Ергебеков пен тиісті сала басшылары жауап берді.
Қорыта айтқанда, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтерінде оң көрсеткіштер байқалады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close