Basty bet

Парламент Мәжілісінің депутаты ауданға келді

Апта басында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов Жуалы ауданына іссапармен келді. Мәжіліс депутатын аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев қарсы алып, бірге жүрді.
Халыққа қызмет көрсету орталығынан жұмыс сапарын бастаған халық қалаулысы мекеме ұжымының бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігімен танысты. Орталықтың жұмысымен оның директоры Мақсат Зиябеков таныстырды. Ә.Бектұрғанов орталыққа келген аудан тұрғындарымен сұхбаттасты. Онда мекенжай анықтамаларын күтіп отырған мектеп бітіруші азаматтармен өткізген әңгімесінде, 086 нысанды медициналық анықтаманы 4670 теңгеге ауруханадан сатып алғандарын және ХҚКО-нан қосымша төрт анықтама алу керектігін естіген депутат:
– Неге ол құжат қымбат тұрады? Бұл азаматтар оқуға түсетіні әлі белгісіз ғой! Ондай құжатты аурухананың дәрігерлері неге өздері толтырмайды?
ХҚКО-дағы почта бөлімшесінің маманынан неге отырған терезе-кассасы заңға сай емес, ол жабық болу керектігін айтып, ескерту жасады. Депутат орталықтың басшысына шешілмей отырған мәселелер туралы жазбаша түрде дайындап беруін сұранды.
Ал Жұмыспен қамту орталығында Әбдіманап Елікбайұлы жаңа атаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Сондай-ақ, ол кезегін күтіп отырған келушілермен де сұхбаттасты. Барлық сұрақтар бойынша орталықтың басшысы Сәбитхан Қожанов жауап беріп отырды.
Мәжіліс депутаты одан кейін атбасын аудандық орталық ауруханаға бұрды. Аурухананың мәжіліс залында ол медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев ашып, жүргізіп отырды. Кездесуге қатысып отырғандарды келген халық қалаулысымен таныстырып, Әбдіманап Елікбайұлына сөз кезегін берді.
– Мен Жамбыл облысына келгеніме бірнеше күн болды. Жуалы ауданының жұртшылығымен де кездесіп, шешілмей отырған мәселелер болса, өз бақылауыма алып, басшылыққа жеткіземін,-дей келе, ол медицина кадрларын оқыту, даярлау туралы, дәрі-дәрмек жайлы тілге тиек етті. Сондай-ақ, ХҚКО болашақ студенттердің анықтамалар жинау, аурухананың құжаттарды сатуы және оны жинауға көп уақыт кететіні жайлы көтерілген мәселелеріне тоқталып, «мен ТарМУ–да 7 жыл, басқа да облыстардың жоғары оқу орындарында ректор болып жұмыс істедім»,- деді ол. Ондағы абитуриенттерден құжат қабылдау жайлы тәртібін айта отырып, ТарМУ-ға қабылдау комиссиясына телефон шалып, бүгіңгі талаптар мен тәртібі жайлы сұрады. Осы мәселені өз бақылауына алып, шешетінін шегелеп айтты.
Депутаттың сұрақтарына аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков жауап берді.
Әбдіманап Бектұрғанов Бауыржан Момышұлы-Көктөбе ауылдары арасындағы «Көктөбе тұрғын үй алабындағы» соғылып жатқан инфрақұрылымды көріп, өз ой-пікірімен бөлісті. Онда Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов пен аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Сауырбаев депутаттың сұрақтарына жауап берді.
– Әрине, аудан орталығынан жер алып, тұрғын үй салуға 1248 өтініш білдірген азаматтың тек 170-ның мәселесі шешілетін болса, бұл мәселе өте баяу орындалады және осы кезекте тұрғандар саны азаймайды деген сөз ғой. Тұрғын үй мәселесінің шешімін басқа жолдармен де орындауға болады,- деді халық қалаулысы.
Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутатының іссапары «Қаралма» тау-шаңғы курортына жалғасты. Онда Шақпақ ауылдық округі ауыл әкімінің міндетін атқарып отырған Қанат Қаипов депутаттың сұрақтарына жауап берді.

Гүлмира Дембаева.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close