Basty bet

Azamattardy qabyldaý bólmesi

Қазіргі таңда заман талабына сай халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда.
Сәрсенбінің сәтті күні аудандық полиция бөлімінің жанынын халыққа барынша тиімді, сапалы қызмет көрсету мақсатында Азаматтарды қабылдау бөлмесі ашылды. Ашылуға аудан тұрғындары, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлері жиналды.
Ашылу салтанатының алғашқы ашылу сөзі облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы Арман Оразалиевке берілді.
-Құрметті қонақтар мен әріптестер!
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасының 27 тармағына сәйкес, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматына көшіру қажеттілігі ерекше атап өтілген болатын,- деді Арман Молдиярұлы. -Осы мақсатта біз бүгін Ішкі істер министрінің нұсқауының негізінде, сонымен бірге облыс және аудан әкімдерінің қолдауларымен облысымыздың полиция бөлімдерінде «Азаматтарды қабылдау» фронт-офистерін ашып отырмыз.
Фронт-офис ашудағы мақсатымыз – жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау, халыққа ыңғайлы жағдай жасау; полиция ашықтығын қамтамасыз ету; кез келген азаматқа заң тұрғысында кәсіби кеңес беру; азаматтардың арыздарын қарау мерзімін едәуір қарастырып, мәселелерін мүмкіндігінше жедел шешу және де сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.
Алғашқы фронт-офис Тараз қаласының 1-полиция бөлімінде ашылды. Сонымен бірге кеше Меркі ауданында, ал бүгін батыр атамыз Баукеңнің ауылында ашылып отыр.
Фронт-офис қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, келушілерге барынша жағдай жасалған.
Елбасымыз айтқан «Полиция халыққа жақын болуы қажет» деген тапсырмасы біздің күн тәртібімізден түспейді. Осында өзімізге жүктелген жауапкершілік пен келелі тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізудеміз.
Осы бағытта полиция қызметкерлері пен қарапайым халық арасындағы қарым-қатынасты нығайта беретінімізге сеніміміз мол.
Фронт-офис ел игілігіне жұмыс жасап, халықтың көңілінен шығады деген ойдамын.
Келесі сөз кезегін алған аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудан тұрғындары үшін өте маңызды, яғни полиция бөлімі мен халық арасындағы алтын көпір саналатын Азаматтарды қабылдау бөлмесінің ашылуымен тұрғындарды құттықтап, оның жұмысына сәттілік, табыс тіледі.
Құттықтау сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбекұлы да халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда, сапалы қызмет көрсетужолында ашылған фронт-офистің ашылуына ұйытқы болған азаматтарға аудан тұрғындарының атынан алғыс білдіріп, құтты болсын айтты.
Жиналған көпшілік ішке кіріп, фронт-офистің жұмысымен танысты. Фронт-офистің жұмыс кабинеттерімен таныстырған Арман Молдиярұлы сөздің реті келгенде аудандық полиция бөлімінің жұмысына үнемі қолдау білдіріп, материалдық-техникалық базасының нығаюына үлкен үлес қосқан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашевқа алғысын білдірді. Сейітхан Шерелханұлы мен аудандық алқа билер алқасының төрағасы Аманжол Дүрәліұлы да игі істердің ұйытқысы болып жүрген іскер басшы Арман Молдиярұлына аудан халқының атынан ризашылығын білдірді.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close