Basty bet
Облыс имамы жастармен жүздесті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы, Һибатулла Тарази атындағы облыстық мешіттің бас имамы Қанат Жұмағұл өткен аптада ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Облыстың бас имамы әуелі аудандық орталық ауруханаға аялдап, емдеу бөлімшесінде емделіп жатқан науқастардың хал-жағдайын сұрады. Күн қасиетті жұмаға тұс келгендіктен бас имам Құран аяттарын оқып, Алла тағаладан олардың алып жатқан ем-домынан бойларына шипа дарып, тезірек сауығып кетуіне тілек білдіре келе, ауыр науқастарға Жаратқаннан жеңілдік, медет тіледі. Бөлімшеде емделушілердің атынан ауданның және облыстың Құрметті азаматы Жарас Мұратай аудан тұрғындарының ұйысқан ынтымақ пен бірліктің арқасында көп жетістікке жетіп отырғанын айтып, науқастардың көңілін сұрауға арнайы атбасын бұрған Қанат Әділханұлына әкелік ақ батасын берді.
Облыстың бас имамы Қанат Жұмағұл әрі қарай аудандық «Достық» мәдениет үйінде Жастар жылына орай өңір жастарымен «Дін және қоғам» тақырыбында кездесу өткізді. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен биылғы жылы «Жастар жылы» болып жарияланса, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің ұйғарымымен «Ислам және жастар жылы» болып белгіленгенін еске салды. Қанат Әділханұлы жастарға адам атына лайық өмір сүру үшін тынбай іздену, білім алу, өнегелі, мәдениетті болу, адамгершілікті сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді ізгі қасиеттерді бойға жинау қажеттігін көрсетті.
Адамзаттың бүгінгі жағдайын шартты түрде үлкен үш ыдысқа теңеген оның бірін ілім-білім, екіншісін – ұлттық құндылықтар, ал үшіншісін – руханият, дін деп атаған Қанат Жұмағұл өркениет көшінен шаң қауып қалмау үшін осы аталған ыдыстарды ұдайы толтырып тұру қажет деп насихат етті. «Ілім-білім ыдысы толмаса, бос орынды надандық басады, ұлттық құндылықтар – тіл, діл, салт-дәстүрлер ұмыт болса, оның орнын өзге жұрттың қаңсығы басады, руханият пен дін де ұдайы толықтырылып отыруы шарт» деп түйді облыстың бас имамы.
Жүздесуде Қанат Әділханұлы сөзін қазақы мақал-мәтелдермен, шешендік сөздерден дәйектермен тұздықтап, жастарды арын жасынан сақтауға, ақыл-парасаты биік, халқының қалаулы, елінің елеулі азаматы болып, алған білімін Отанын гүлдендіру жолында аямай жұмсауға үндеді.
Абылайхан сәметұлы,
«Жаңа өмір»
Мұнда жоспарлы түрде емделетін және жан сақтау бөлімінен оңалтылған науқастар емделеді.