Basty bet

Шалғай ауылдарда халықты тұрақтандыру – басым міндет

Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев Қызтоған және Ақтасты ауылдарының тұрғындары алдында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді.

Қызтоған ауылындағы С.Мұқанов атындағы бастауыш мектепте өткен есептік кездесуге аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков, ауылдық округ учаскелік полиция инспекторы Орынбасар Жаманбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Округ әкімі Жәнібек Мырзалиевтің есептік баяндамасында айтылғандай, ауылдық округке қарасты үш елді мекендегі 264 аулада 1604 халық тіркелсе, оның 738-і жалдамалы жұмыс істейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ресми тіркелген 21 жұмыссыздың 16-ы жұмысқа орналасқан. Мектеп оқушылары 254, екі ауылдан Абай орта мектебіне 29 оқушы тасымалданады. Округте үш мектеп, бір балабақша, үш медициналық пункт, бір мәдениет үйі, пошта бөлімшесі және кітапхана халық игілігі үшін қызмет атқаруда.
– Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттің тұрақты қолдауы нәтижесінде, аталған сала жылдан-жылға өзінің өсімін көрсетіп отыр. Округтің жалпы жер көлемі 21 742 болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 15 361 га, егістік жер көлемі – 8719 га, жайылымдық жер көлемі – 6478 га, көп жылдық екпелер 2 300 га, шабындық жерлер 108,00 га құрайды. 2019 жылы 2 300 га-жоңышқа, 1045 га-күздік бидай, 2160 га-арпа, 1756 га мақсары егілсе, 1538 га жер парға (сүр) қалдырылды. Соның ішінде бидай – 1045 га орылып, 2 720 тн. өнім алынған, гектар берекелілігі 26 центнерден айналған, 1756 га мақсары орылып, 8,5 центнерден 1 492 тн. өнім алынса, 2160 га арпа орылып 24,5 центнерден 5 292 тн. өнім алып, индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткіздік, – деп атап көрсетті ауылдық округ әкімі.
Округте қазіргі таңда 130 шаруа қожалығы, 3 ЖШС, 2 АШӨК және 27 жеке кәсіпкерлік субъектісі бар. Мұнда егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Ауыл тұрғындарының көпшілігінің кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, мал шаруашылығы саласын дамыту ерекше орынға ие. Бүгінгі таңда, округтегі ірі қара мал саны 3772, уақ мал саны 17836 басты, жылқы 787 басты, құс 6139 басты құраған.
Жәнібек Мырзалиев ауылда ел игілігі үшін атқарылған бірқатар игілікті шаруаларды да атап өтті. Мәселен, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Қызтоған ауылының Тесіктас көшесіне 1 млн 400 мың теңгеге жарықтандыру орнатылса, салық түсімдері есебінен жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін жобалық құны 1млн. 500 мың теңгені құрайтын «Street workout» спорт алаңшасы cалынған. Мердігер «Алатау-Бәйтерек» ЖШС Ақтасты ауылының Ақтасты көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізді. Оның жобаның құны 6 млн 727 мың теңгені құраған. Ақтасты көшесін орта жөндеуден өткізуден қалған үнемделген 2,5 млн қаржы есебінен Ақтасты ауылына түсетін бұрылыс жолдары жөндеуден өтті. Мал ұрлығына тосқауыл қою үшін «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында Қошқарата ауылының кіреберісіне екі, ал Қызтоған ауылының шығаберіс тұсына бір бейнекамера орнатылған. Ақтасты ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бес келушіге арналған медициналық пункт тұрғындар игілігіне берілді.
«Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кері қарай үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну» мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес «Алатау-Бәйтерек» ЖШС 2,6 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу порталының конкурстық хаттамасына сәйкес жеңімпаз атанып, балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кері қарай тасымалдауда.
«Қошқарата» балабақшасына ауыз су құбыры тартылып, ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Қошқарата ауылы Д.Қонаев №2А мекенжайында орналасқан ескі дәрігерлік амбулатория ғимараты ветеринариялық пункттің теңгеріміне берілді. Қызтоған ауылының кіреберісіндегі жота арнайы техникалардың көмегімен жонылды, бұл қыс мезгілінде боранды күндері жолдың бөгелмеуіне мүмкіндік береді.
Биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың ретіне кезек келгенде округ әкімі Қошқарата ауылына сметалық құны 470 млн теңгеге ауыз су құбырын тарту, Е.Сауранбекұлы көшесіне сметалық құны 1 520 000 теңгеге және Ақтасты көшесіне сметалық құны 2 350 000 теңгеге көше жарығын орнату, Қызтоған көшесіне сметалық құны 5 600 000 теңгеге шағал төсеу жұмыстары атқарылатын болатынын айтты. Сондай-ақ облыстық мәндегі «Бауыржан Момышұлы-Қызтоған» автожолының құрылысы Қызтоған ауылына дейін жеткізіледі, газ құбырын тарту жұмыстары жалғасып, бұйырса, алдағы бір-екі жылда ауыл тұрғындары көгілдір отын игілігін көретін болады.
Ауыл тұрғыны Жүзбай Тұртаев қазіргі қыс жағдайында ауылға кіреберіс қырдың қардан уақтылы ашылмайтынын, соның салдарынан оқушылар тасымалы тиісті ұйымдастырылмай отырғанын айтты. «Мердігер серіктестіктің «ПАЗ» автобусы біздің климаттық жағдайға ескерілмеген. Қар жауып, боран соқса, қырдан аса алмай қалады» деді ол. Оған жауап ретінде Жәнібек Мырзалиев мердігердің «Алатау-Бәйтерек» ЖШС басшысымен таяуда сөйлескенін, оның қыс мезгілінде оқушыларды тасымалдауға жүрдек «УАЗ» автокөлігін қосымша бөлуге уәде беріп отырғанын айтты. Оған қоса Қызтоған ауылына кіреберіс жотаның бораннан жиі жабылуына байланысты, жотаға қар ұстағыш құрылғы орнату қажеттігін айта келе, осы мәселені аудан басшылығының назарына жеткізетінін еске салды.
Жиында жұрттың осындай берекелі өңірден көшуін тоқтату, әсіресе, жастарды ауылдық жерде тұрақтандыру, атакәсіп – мал шаруашылығын дамыту, халық санын көбейту, жас мамандарды ауылдарға көптеп тарту төңірегінде салиқалы пікірлер қозғалды. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков таулы өңірдегі ауылдарға бір-екі жылда газ, су құбырлары жеткізілетінін, жолдар жөнделіп, тұрмыстың түзелетінін айта келе, тұрғындарды ауылды, ондағы білім ошақтарын сақтап қалуға шақырды.

Жалпы, Қызтоған ауылы аудандағы урбандану процесінің салқыны тиген ауылдардың бірі. Елді мекеннің аудан орталығынан шалғайлығы, әлеуметтік және тұрмыстық проблемалардың жылдар бойына шешілмеуі халықтың үйлерін тастап, басқа жаққа көшіп кетуіне себеп болған. Бүгінде ауылдағы екі көшеде бес үй қаңырап бос тұр. Өткен жылдары оқушы санының жетіспеуіне байланысты бастауыш мектептің жабылып қалу қаупі төніп тұрған еді. Өткен жазда ауылға аудан орталығынан үш отбасы көшіріліп, ауыл халқының саны көбеюіне сеп болған. «Елге ел қосыла – құт» дегендей, ауыл әкімі көпшіліктің осы көшіп келген отбасыларға ағайындық танытып, көмек-қолдау көрсетіп, ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасап жатқанын ризашылықпен айтып, алғысын білдірді.
Қызтоған бастауыш мектебінің меңгерушісі Ләззат Бердалиева ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиевтің бір жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық баға берді.
* * *
Ақтасты бастауыш мектебінде өткен ауыл тұрғындарымен есептік кездесуге аудандық мәслихаттың осы округтен сайланған депутаты, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков, ауылдық округ учаскелік полиция инспекторы Орынбасар Жаманбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Баяндамашы өткен жылы атқарылған жұмыстарды тізбелей келе, округте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 49 адамның жұмыспен қамтылғанын, соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 14, тұрақты жұмыс орындарына 15, ақылы қоғамдық жұмысқа 13, «Жастар тәжірибесімен» 7 адам жұмысқа тартылғанын айтты. Сонымен қатар, округтегі 63 отбасына АӘК тағайындалған. Округтегі жағдайы төмен 10 отбасына демеушілер есебінен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, азық-түлік, киім-кешек және уақ мал таратып берілген. Ақтасты ауылындағы көше орта жөндеуден өткізіліп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған жаңа медпункт пайдалануға берілген.
Округ әкімі бүгінде ауданның Ақтөбе ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына арнайы тоқтала келе, аталған бағдарлама бойынша өткен жазда тұрғындармен жеңілдетілген төмен пайызбен несие алудың мүмкіндіктері мен алғышарттары жөнінде түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілгенін, нәтижесінде округтен өз кәсібін ашуға 237 млн теңгенің 92 жобасы ұсынылғанын жеткізді. Осы ретте тұрғындарға бағдарламаны іске асыруға алдағы жылдары Қошқарата ауылдық округіне де кезек келетінін айтып, оған қатысуға дайын болу керектігін еске салды.
Баяндамадан кейін тұрғындар сөз алып, ауыл тұрмысына қатысты ой-пікірлерін білдірді. Ауылдық округ жергілікті қоғамдастығының мүшесі Айдынғали Алтынбеков аудан басшыларының ауылға көңіл бөліп жатқанына ризашылығын білдіре келе, соңғы бес жылда ауылдан көшу саны тоқтағанын айтып өтті. Ол сонымен бірге ауылдағы бастауыш мектептің оқушыларға тарлық етіп отырғанын айтып, негізгі ғимаратқа қосымша бөлме қосып, жылу жүйесін дұрыстау және қосалқы ғимарат шатырын жаңарту немесе жаңа ғимаратқа көшіру керектігін жеткізді.
Бастауыш мектептің меңгерушісі Салтанат Сәулембаева білім ошағы өткен ғасырдың 40-жылдары салынған үйде орналасқанын, мұнда бүгінгі таңда 28 оқушы оқитынын айтып өтті. Тұрғындар бұдан бөлек, жолдарды қардан уақтылы күреу, оқушыларды тасымалдау мәселелерінде орын алып отырған кемшіліктерді көрсетіп, бос жүрген иттерді байлап бағуда олардың иелерінің жауапкершілігін арттыру қажеттігін ескертті.
Жиында ауылдық округ әкімінің атқарған жұмысына оң баға берілді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close