Basty bet

«Жомарт жүрек»: лауреаттар марапатталды

Жуырда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті. «Nurai Plaza» ғимаратында өткен шараны аудан әкімінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жуалы демеу» мүгедектер қоғамдастық бірлестігі ұйымдастырды. Аталған кәсіпкерлік кешеннің екінші қабатында өткен жиында санитариялық талаптар сақталды.

Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы Эсмира Мамедовамен қоса кәсіпкерлер мен меценаттар қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев ашып, жүргізді.
-Қадірменді жерлестер! Бүгін біз Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Жомарт жүрек» байқауының аудандық іріктеуінің жеңімпаздарын марапаттағалы отырмыз. Қайырымдылық – қазақ халқының асыл қасиеттерінің бірі. Ата-бабадан қанымызға сіңген қайырымдылық шараларына біздің ауданның кәсіпкерлері де белсенділері қатысып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп келеді.
Ең басты байлығымыз – халқымыздың амандығы мен қауіпсіздігі. Осы ретте, еліміз әлеммен бірге қиын сәттерді бастан өткерді. Жыл басынан бастап әбігерге салған аты жаман індетпен күресте дәрігерлер табандылық танытты. Ал, жаны жомарт жандар денсаулық сақтау мекемелерінен де көмегін аямады. Ауруханаларға тыныс алу аппараты мен керекті медициналық дәрі-дәрмек пен заттарды сыйлады. Сонымен қатар, туған жерлеріне түлектер балаларға арнап ойын алаңын тарту етті. Ата салтымыз жаңғырып, бірлігіміз көрініс тауып, мұқтаж азаматтарға баспаналар да сыйға берілді, – деді, Ернұр Маратұлы.
Марапаттау рәсімінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Садыққызы, «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы, аудандық мәслихаттың депутаттары Керімқұл Бегалиев, Айбек Елекбаев және кәсіпкер Әсима Шекеева, Тейгран Аллахвердиев сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Игі істердің жаршысы, атымтай жомарттардың туған жерге деген ыстық ықыластары мен көмектері туралы сөз қозғалды.
Одан кейін кезек марапаттауға беріліп, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Маратұлы жеңімпаздарға сый-сияпаттарын тапсырды.
«Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясымен «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттық фракциясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаев марапатталды. Меценат жалпы құны 5 млн қаржы көлемінде демеушілік жасап, аудандағы екі мектепке ІТ сыныптарының ашылуына септігін тигізген. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылындағы А.Оразбаев көшесіндегі 14 үйге ауызсу тартып берген. Ал, туған жерінің гүлденуі мен көркеюіне, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге атсалысып жүрген Қарабастау ауылының тумасы, «Еламан» ЖШС-ның директоры, «Берікқара» отбасылық сауықтыру орталығының құрылтайшысы Ерғали Миразов «Туған өлке» номинациясына лайық деп танылды.
Сонымен қатар, ауданымыздан түлеп ұшқан атымтай жомарт азаматтардың бірі, «Great com» ЖШС директоры, үнемі қайырымдылық істердің басы-қасынан табылатын Тейгран Аллахвердиев «Жыл тұлғасы» номинациясын иеленді. Яғни, отбасылық жағдайы төмен жанұяларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, «Nur Otan» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған «Дәрігерлерге мың алғыс!» атты акциясына қатысып, аудандық орталық аурухананың қызметкерлері мен емделушілеріне түскі ас жеткізген.
Ал, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына бұйырды. Орталықтың директоры – Дамира Мұхаметғали. Мұнда 4-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар 25 балаға тегін қызмет көрсетіледі.
Волонтерлық қызметтерде белсенділік танытып жүрген «Аяла» қайырымдылық жобасының төрайымы Альфия Мейрамбай «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталды.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close