Basty bet
Бақыт деген – барыңды бағалай білу
Қазақта “Егер ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген нақыл сөз бар. Бала – отбасы тәрбиесінің айнасы. Сондықтан ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған әрбір өнегелі отбасы мемлекетіміздің қымбат қазынасы деуге болады.
Түктібай ауылының тұрғындары Батырхан, Дәнекүл Досыбаевтар отбасы ауылдағы үлгілі жанұялардың бірі. Отбасының тірегі асқар таудай әке, қазыналы қария Батырхан Көкеұлы 1949 жылы Қызыл Күншығыс ауылында өмірге келген. Күйік 8 жылдық мектебін бітіріп, көрші облыс Сарыағаш ауданындағы Қапланбек аграрлық-техникалық техникумға ветеринариялық фельдшер мамандығы бойынша оқуға түседі.
Еңбек жолын Түлкібас ауданындағы «Ильич жолы» колхозында мал дәрігері болып бастайды. Алты айдан кейін отбасылық жағдайына байланысты ауылға келеді. Еңбек жолын әрі қарай «Бурный» әскери совхозында жай жұмысшы болып жалғастырады. Бір жылдан кейін тракторшы курсын оқып бітіріп, әрі қарай механизатор болып еңбек етеді.
-Әкем Көке Досыбаев колхозда ұзақ жыл ферма меңгерушісі болып еңбек еткен. Анам Жаңыл үй шаруасында болды. Біз отбасымызда бір қыз, бес ұл болдық.
1985 жылы Есмұрат Сметов деген колхоз басшымыз маған сенім артып, бригадир етіп сайлады. Содан кеңшар тарағанша бригадир болып жұмыс істедім.
1969 жылы отау құрдым. Жұбайым Дәнекүл екеуміз үш қыз, екі ұл тәрбиеледік. Үлкен қызым Гауһар – мұғалім, Әлия тағдырдың жазуымен денсаулығына байланысты үйде. Ал, Ғалияның мамандығы – дәрігер. Ұлдарымыз Ғалым әскери бөлімде қызмет етсе, кенже ұлымыз Мәди Ақтөбе тірек мектебінде мұғалім. Келіндеріміз Жаңыл мен Фариза екеуі де мұғалім.
1997 жылы колхоз-совхоздар тараған жылы, жекешелендіру басталды. Жеке шаруа қожалықтар құрылды. Біз де «Мәди» шаруа қожалығын құрдық. Иелігімізде 52 гектар жеріміз бар. Оның 20-30 гектарына картоп егеміз. Қалғанына жоңышқа егіледі.
Шаруа қожалықтың жұмысымен інімнің ұлы Әлім Досыбаев айналысады. Мал шаруашылығымен де айналысамыз. Аздап жылқы, сиыр, қойларымыз бар,- дейді қария.
Отанасы Дәнекүл Исабайқызы Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. 8 жылдық мектепті бітіргеннен соң медициналық училищеде оқыған. 1971-1985 жылдары ауылда фельдшер, 85 жылдан 97 жылға дейін балабақшада медбике болып еңбек еткен. Қазіргі таңда зейнет демалысында. Немерелерінің тәрбиесімен айналысып, отбасының қамқор, мейірімді әжесі болып отыр. Екеуі ұрпақтарынан әзірге он немере сүйіп отыр.
Немересі Ералы әжесін отбасымыздың дәрігері, әжеміз отбасымызда қай-қайсымыз ауырып қалсақ та дәрі-дәрмегін беріп, егіп, жазып алады дейді.
«Еңбектен өзіңді қалдырғаның, қарттыққа бой алдырғаның» демекші, Батырхан ата мен Дәнекүл әже екеуі де қарттықа бой алдырмай, еңбек етіп жүр.
-Бала тәрбиесіндегі ұстанымымыз – балаларды еш уақытта өтірік айтпауға, адал еңбек етуге үйрету. Және де ең бастысы – сыйластық. Аллаға шүкір, отбасымызда еш уақытта қатты дауыс көтеріп ұрсысып, бір-біріміздің көңілімізді қалдырған емеспіз. Бір-бірімізді түсінбей қалсақ, сабыр сақтаймыз. Артынан түсініп, кешірім сұрап жатамыз.
Келіндеріміз де сол тәрбиемен келеді. Келіндеріміз жақсы. Аталап, апалап сыйлап тұрады. Барлығы тәрбиеге байланысты. Құдаларымыз да көргенді жандар.
Кемпірім екеуміз балалардың сабағына да көмектесеміз. Жас кезде бала-бала дедік. Енді өмірімізді немерелерімізге арнаймыз.
Қолымыздағы ұлымыз бен келініміз Ғалым мен Жаңылдың үш ұл, бір қызы бар. Үлкендері ұл балалар. Немерелерімізді түнде көшеде бос сандалып жүрмеулерін қадағалаймын. Болашағымыз осылар. Өз балаларымыз аяқтанды. Енді немерелеріміз өз арман-мақсаттарына жетіп, үйлі-жайлы болса, ел аман, жұрт тыныш болса деп Алладан тілеп отырамыз,- дейді қариялар.
-Аудандық «Жаңа өмір», облыстық «Ақ жол», «Алтын босаға» және «Ауырмаңыз», «Жүз жасаңыз» деген басылымдарды міндетті түрде жазып алып, үзбей оқып отырамын. Немерелерді еңбекке баулиық әрі таза табиғи өнімдерді тұтынайық деген мақсатпен бау-бақшамызда барлық қажеті көкөністерді егеміз. Нәтижесінде ешқандай көкөністі сатып алмаймыз, барлығы өзімізден шығады. Қазақтың ұлттық тағамдарына қатты мән береміз. Бие байлап, қымыз жасаймыз. Жиі-жиі ет асамыз. Ұлттық тағамдар – балалардың денсаулығының кепілі.
Отбасымызда ұлттық салт-дәстүрлерімізге де ерекше мән береміз. Әсіресе, немерелер тәй-тәй баса бастаған сәтте арнайы дастарқан жайып, өзіміз құрмет тұтатын кісілерге тұсауын кестіреміз. Бұл да халқымыздың тамаша дәстүрлерінің бірі.
Ұлттық мерекеміз Наурыз мейрамын ауылымызда өзіндік сән-салтанатымен тойлаймыз. Биыл ғана өтіп жатқан індетке байланысты тойлай алмадық. Келесі жылы ел болып тойлауды Алла нәсіп кетсін деп тілейміз,- дейді Дәнекүл Исабайқызы.
Қара шаңырақта ата-енесіне күтім жасап отырған ибалы келін Жаңыл Мақсатбекқызы да отбасы құндылықтары жайлы әңгімелеп, аналық лебізімен бөлісті.
-Басты құндылығымыз – отбасымыздың амандығы.
«Береке үлкендермен бірге жүреді» деп текке айтылмаған. Қымбат қазыналарымыз ата-енеміз аман болсын.
Балалардың да ата-әженің тәрбиесін көргені жақсы. Балаларымыз әсіресе, үлкеніміз ата-әжесінің баласы. Сол кісілерге еркелеп жүреді. Ол кісілер еркелігін көтеріп, қателігі болса кешіріп, бағыт-бағдар беріп отырады. Бұл да бағалай білгенге бақыт,- дейді Жаңыл.
Иә, бақыт деген – барыңды бағалай білу, бақыт деген – сыйластық. Үйдің берекесі дүниемен емес, сыйластықпен, татулықпен кіреді. Отбасылық бақытты сезінген адам ол- өмірдегі ең бақытты жан.
Елімізде төрт құбыласы тең бақытты отбасылар лайым көп болсын!
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»