Basty bet

Бюро отырысында өзекті мәселелер қаралды

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында партияның аудандық филиалының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті.
Отырысты партияның аудандық филиалының төрағасы Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Nur Otan» партиясы аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарын қайта құрылымдау туралы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова хабарлама жасады.
-Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев партия жұмысын қайта жаңғыртып, жергілікті жерлердегі бастауыш партия ұйымдарының барлық бөлімшесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы ретте бастауыш партия ұйымдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында БПҰ қайта құрылымдауды көздеп отырмыз. Мұндай тәжірибе бізде бар. Яғни, 2017 жылы 37 БПҰ 30 ұйымға біріктірілген болатын,- дей келіп Анар Садыққызы өткен жылдың соңында БПҰ жетекшілерінің бірлескен отырысы өткізіліп, онда БПҰ қайта құрылымдау мәселесі қаралғанын айтты. Сонымен бірге, «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігі» Жарғысының 9.8 тармағына және «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының 2015 жылдың 31 желтоқсандағы №039 қаулысымен бекітілген «Бастауыш партия ұйымы туралы» Ережесінің 7-тармағының 22 тармақшасын басшылыққа ала отырып, партия мүшелерінің саны 100-ге жетпейтін БПҰ-ларды қайта құрылымдап, 19 БПҰ-ға біріктіру туралы ұсынысын жеткізді.
Бюро мүшелерінің тарапынан партия мүшелерінің санынан гөрі сапасына мән беру, белсендігі төмен мүшелерді партия қатарынан шығару, кейбір жұмысына салғыттықпен қарайтын БПҰ жетекшілерін қайта сайлау туралы т.б мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Сұрақтарға Анар Ахметова тиянақты жауап берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, яғни агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов хабарлама жасады. Баяндамашы күзгі дала жұмыстары, ауылшаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция, минералды тыңайтқыш, мал шаруашылығы, техника алу, элиталы тұқым алу, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, тағы да басқа мәселелер бойынша хабарлама жасады. Рақымғазы Нұрғазыұлы облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының біздің ауданда орындалу барысына да тоқталды.
Үшінші мәселе – «Қарапайым заттар экономикасы» жобасына қатысу мүмкіндігіне ие болған Ақтөбе ауылдық округінде орындалу барысы туралы ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров хабарлама жасады. Арабхан Расылханұлы қанаққақты жобаның әр бағытына жеке-жеке тоқталды.
Келесі мәселе – «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың бағдарламасы, ішкі партиялық тәртіптің сақталуы, партиялық мүшелік жарнаның толық көлемде және уақтылы төленуі, партиялық жобаларды жүзеге асыру, партия ұйымының қызметін жандандыру, белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстары туралы «Қызыларық» БПҰ төрайымы Гүлнар Әбілдаева есеп берді.
Баяндамашы жеті серпін бойынша айта келіп, партиялық жобаларды іске асыру мақсатындағы жұмыстарға тоқталды. Айта кету керек, өткен жылы «Үздік бастауыш партия ұйымы» облыстық байқауына аталған БПҰ қатысып, І орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алған болатын. Бюро мүшелері БПҰ-ның жемісті еңбегін ескере келіп, жұмысына сәттілік тіледі.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close