Basty bet

«Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден»

кездесуде мемлекеттік қызметшіге керек қасиеттер кеңінен айтылды

Кеше ауданға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мамандарының қатысуымен түрлі іс-шаралар өтті. Алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында өзге ұлт өкілдерімен кездесу болды. Кездесуге аудандағы шешен, славян, әзербайжан, өзбек этно мәдени орталықтарының жетекшілері мен мүшелері қатысты.

Кездесуді аудан әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақов ашып, сөз кезегін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Гүлназ Смағұловаға берді. Гүлназ Шыңғысқызы жоспарға сай барлық аудандарда түрлі ұлт өкілдерімен көшпелі кездесулер өткізіп жүргендерін және оның себебін түсіндіріп өтті.
-2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілер қатарына өзге ұлт өкілдерін де тарту туралы тапсырма берген болатын. Сол себептен біз аудандарды аралап, өзге ұлт өкілдерімен кездесіп, мемлекеттік қызметтің оң жақтарын, мемлекеттік қызметші болу үшін не істеу керектігін түсіндіріп жүрміз,- дей келіп, мемлекеттік қызметке бос жұмыс орындарына жарияланған конкурсқа қатысу арқылы орналасуға болатынын, яғни оның жолдарын толықтай түсіндірді. Сонымен бірге мемлекеттік қызметші тапсыратын тестте қандай сұрақтар келетінін, оған қалай дайындалу қажеттігін жеткізді.
-Мемлекеттік қызметшіге терең біліммен қатар, шыншылдық, дұрыс ойлау қабілеті, яғни ойдың ұшқырлығы, мәдениеттілік, мемлекетшілдік, көшбасшылық қасиеттер керек. Қазір өкінішке қарай тек парамен, таныс-тамырмен ғана жетістікке жетуге болады деп ойлайтындар аз емес. Мен бұлай ойлайтындарға қарсымын. Жетістікке білім мен еңбек арқылы да жетуге болады. Оған мен өзімді және алдарыңызда отырған әріптесімді сенімді түрде мысалға келтіре аламын. Жалпы қоғам осындай көзқарастан арылуы керек,- деді Гүлназ Шыңғысқызы.
Ал, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Зарина Оразбаева әр отбасында бір мемлекеттік қызметші болғаны дұрыс деген пікірін білдіріп, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік қызметке тұруға шақырды.
Келесі кездесу аудандағы мемлекеттік қызметшілермен өтті. Кездесуге аудан әкімдігінің аппарат қызметкерлері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мамандары және ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары қатысты. Кездесудің мақсаты – мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі факторлық-балдық шкала туралы түсіндіру. Гүлназ Смағұлова факторлық-балдық шкала мемлекеттік қызметкердің жұмысының көлемі мен қиындығына байланысты төленетіндігін түсіндіре келіп, мемлекеттік қызметшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Аталған департаменттің бас маманы Зарина Оразбаева ауыл әкіміне үміткерлерге қойылатын жаңа талаптар туралы түсіндірді.
Жиынды аудан әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақов мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет, сондықтан мемлекеттік қызметшіге қойылар басты талап – жұмыстың сапасы екенін баса айтып, қорытындылады.
Іс-шара түстен кейін №1 мектеп-гимназияда мектеп оқушыларымен кездесумен жалғасын тапты. Сондай-ақ, осы сәтте қатар аудандық мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп жатты. Оған Зарина Оразбаева қатысып, өз ой-пікірімен бөлісіп, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларды түсіндірді.
№1 мектеп-гимназияда өткен кездесуде Гүлназ Смағұлова мемлекеттік қызметшінің ерекшеліктері туралы айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
-Біздің бүгінгі мақсатымыз – сіздерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, жігерлендіру, мемлекеттік қызметке шақыру.
Жастар – еліміздің болашағы. Әрбір жас үшін мамандық таңдау – маңызды мәселе. Еліміз үшін әрбір жас маманның сапалы қызмет етуі маңызды.
Бір мықты бизнесмен кісі бар. Оған материалдық жағынан барлығы жеткілікті. Алайда сол кісі әрбір отбасында бір мемлекеттік қызметші болуы керек деп есептейді. Себебі, отбасы мемлекеттік қызметші арқылы елімізде болып жатқан өзгерістерді дұрыс жағынан біліп отырады. Яғни, мемлекеттік қызметші билік пен халық арасындағы алтын көпір іспетті.
Қазақта «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген сөз бар. Өмірде барлық мәселе кішкентай кезіңнен басталады. Балаға үлкендер бала деп мән бермейді. Алайда бала үлкендердің сөзін, іс-әрекетін санасына құйып алады. Дұрысы солай деп ойлайды. Сондықтан бүгінгі қоғамдағы жемқорлық сияқты келеңсіздіктер әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Мемлекеттік қызметке орналасу үшін мемлекеттік қызметші білуі тиіс заңнамалар туралы тесттен өткеннен кейін жеке қасиеттерді бағалау тестінен өтеді. Бұл тестте үміткердің топпен жұмыс жасай білуі, төзімділігі, басқару қабілеті, көшбасшылық қабілеті сыналады. Соңғы саты – әңгімелесуден өту. Әңгімелесуде үміткерге лауазымның функционалдық міндеттері туралы сұрақтар қойылады.
Жалпы өз жұмысын жақсы көретін, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қатайтын, өз жұмысын тиянақты, сапалы орындайтын жас үлкен жетістікке жетеді.
Жастық шақ адамға екі рет берілмейді. Сондықтан бүгін алған білімдеріңіз сіздердің болашаққа құйған қорларыңыз,- дей келіп, Г.Шыңғысқызы оқушыларды мемлекеттік қызметші болуға шақырды.
Дәл осындай кездесу №16 Жуалы колледжінің білімгерлерімен де өтті. Білімгерлерге де мемлекттік қызметке орналасу тәртібі, қалай іріктеуден өтетіндігін туралы түсіндірді. Білімгерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close