Basty bet

Ол көрген соғыс…

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағынан шығарылғанына биылғы жылы аттай 31 жыл толып отыр. Иә, бұл аз да, көп те уақыт емес. Бірақ, бұл туралы ауған жеріндегі қанды қырғынды көзімен көріп, сонда болған азаматтар ғана жақсы біледі. Бірақ, есіне түсіргісі келмейді. Отыз жыл өтсе де бұл соғыстың жарасы әлі де жазыла қойған жоқ…

Кеңес Одағы араласқан Ауған соғысының жаңғырығын күні бүгінге дейін Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан сезінуде. Бұл жерде радикализм және терроризм идеяларының таралуы, халықаралық есірткі бизнесінің қанат жаюы секілді қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндер туралы әңгіме болып отыр. 1979-1989 жылдар аралығын қамтыған сол қан майдан Ауған халқына да, оған қатысқан қазақстандықтарға да да қасірет әкелді. 22 мың 269 қазақстандық Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысты, олардың 924-і жат жерде қаза тапты. Тағы 23-і хабарсыз жоғалып кетті. Мыңдаған жігіт елге жаралы оралды.
Ауған соғысының от-жалынын көріп, елге оралғандардың қатарында жуалылық азаматтардың да есімі құрметке әбден лайықты. Ауған соғысына қатысқан ардагердің бірі Белгібай Асылбаев бүгінде аудан орталығында тұрып жатыр. Белгібай аға 1963 жылы бұрынғы Бірлік ауылында туған. 1980 жылы Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы (бұрынғы С.Киров) орта мектепті бітірген бозбала Қордай ауданындағы Красногор сельхозтехникумына оқуға түсіп, оны зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ол 1981 жылы әскер қатарына алынып, алғашында Самарқан қаласында алты айлық оқу-жаттығудан өтеді. Сөйтіп осы жылы қазан айында Ауғанстанға аттанады.
-Алғашында тобымызбен бірге Ауғанстанның Құндыз провинциясына келіп түстік. Содан соң бізді әр жаққа бөліп-бөліп жіберді. Мені Пули-Хумри деген қалаға жіберді. Самарқанда алты айлық жаттығудан өтіп жүргенде сержант шенін алған болатынмын. Осыған байланысты мені взвод командирінің орынбасары етіп тағайындады. Менің ең басты міндетім – бірінші гарнизон мен 23-ші гарнизонның арасында жүріп, байланысшыларға батарея (аккумлятор) тарату болды. Әлі есімде, сегіз бен 11-інші гарнизонның аралығы өте қауіпті болып саналатын. Сол үш гарнизонның аралығында колонна көптеген кептелістерге түсіп қалатын. Бұл Хайратон мен Саманган провинцияларының арасы. Әлі есімде, бір жолы Мазари-Шарифке жақындап қалғанда шабуылға ұшырап, 12 сағат бойы оқтың астында жатып қалдық. Жанымда сержант Юра Демчук пен Дмитрий Войченко есімді серіктерім болды. Юра сол шабуылдан ауыр жараланды. Содан артымыздан көмек келіп аман қалдық. Жалпы Пули-Хумри мен Мазари-Шарифтің аралығы 430 шақырым болатын. Онда біз екі тәулік бойы жүріп отырамыз. Гарнизондарды аралап, батареяларын қуаттап беріп, келесі гарнизонға қарай жүріп кетеміз. Ауғанстанда болған екі жыл ішінде біраз қауіп-қатерлермен бетпе-бет келген кезіміз көп болды. Құдайға шүкір дейміз, әйтеуір елге аман оралдық. Қарулас досым Юра Демчук та аман-есен еліне қайтты. Қазір Украинада тұрып жатыр,- дейді Белгібай аға.
Белгібай Асылбаев 1983 жылдың жетінші мамырында елге қайтып, сол жылы «Жуалы газ» мекемесіне жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Бұл мекемеде 2000-шы жылға дейін жемісті жұмыс істеген ардагер азамат одан кейін №29 орта мектептің жылыту қазандығына оператор болып ауысады. Қазір ол аға оператор болып еңбек етіп келеді. 1984 жылы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының қызы Анармен шаңырақ көтеріп, Нұржан, Перизат есімді бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан бүгінде алты немере сүйіп отыр.
-Біздің халқымыз тек қана бейбітшілікті, тыныш өмірді қалайды. Біздің буынның көбісі әскери борышын Ауған жерінде, оның ішінде соғыс уақтысында өтеді. Мен оны сол кезеңдегі саясаттың әсері деп білемін. Бір мектепте бірге оқыған жеті-сегіз жігіт Ауған соғысына қатыстық. Елге аман-есен келген қарулас достарымыздың біразы өмірден өтіп кетті. Атап айтқанда, Асан Маматалиев, Бақнұр Ахметов, Құрманәлі Бошанов сынды атпал азаматтар мезгілсіз дүние салды. Әйтпесе, үшеуі де жас жігіттер болатын. Биылғы жылы осынау үш азаматқа арнап, №29 орта мектепте еске алу турнирін өткіздік. Осы сауапты іске мектеп ұжымы тұрақты түрде қолдау көрсетіп отырады. Ұжымға ардагерлердің атынан алғысымды білдіремін. Бізді елеп-ескеріп жатқан ел-жұртқа, аудан басшылығына рақмет айта отырып, тәуелсіз елімізге ынтымақты, бейбіт өмір тілеймін,- дейді Белгібай Шымкентбайұлы.
Ауған соғысының ардагері бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған. Оның ішінде, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі бар.
Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен кейінгі толқын Ауған соғысы ардагерлерінің әскери-патриоттық тәрбиеге қосар үлесі қомақты. Арамызда жүрген батырларымызды барында бағалай білейік, ағайын! Иә, олар көрген соғыс ешқашан ұмытылмақ емес…

Таңдаулы материалдар

Close