Basty bet

АЯЛАСАҢ, АТА-АНАҢДЫ АЯЛА

Ұрпақ тәрбиесінен артық ұлағатты іс болмайды. Өйткені, ұрпағың – жалғасатын өмірің. Өмірім мағыналы болып ұлассын деген кісінің бәрі ұл-қыздарының тәрбиесіне айрықша ден қояды.
Тәлім-тәрбие беру дегеніміз ақыл айта беру емес. Ол – сенің жүріс-тұрысың, сөйлеген сөзің, елмен қарым-қатынасың, еткен еңбегің, елге жасаған жақсылықтарың. Сенің бала тәрбиесіндегі үлгі-өнегеңнің бәрі осы ұстанымдарың арқылы жүзеге асады.

Бүгінде ақпараттың тасқындаған заманы. Ұялы телефон үлкендерден бастап кішкентай балаларға дейін қолдарынан түсірмейтін құралға айналды. Үйде де шұқылайды, түзде де бас көтермей үңіліп отырады. Біз газет-журнал, кітап оқып өскен ұрпақпыз. Әлі күнге дейін осы әдетіміз қалмаған. Әнебір жылдары Әубәкір Нілібаев деген ақын ағамыздың кітабы өте көп екен дегенді еститін едік. Әлемдік деңгейдегі әйгілі ақындардың өлең-жырларын, үндінің «Махабхарата», «Рамаяна» поэмалары мен бірге Рабиндранат Тагордың таңдамалы шығармаларын аударған ақынның прозалық тақырыпта да қалам тербейтінін білетін едім. Сол кісі жөнінде «Жұлдыз» журналында жазушы Қуанбек Боқаевтың үлкен мақаласы шыққан екен. Сонда Әубәкір ағамыз адамгершілік тақырыбында да ой қозғағанын жазыпты. Ә.Нілібаев ол кезде бар еді. Енді жазған-сызғандары халықтың қазынасы болып қалды. Ағамыз барша ұрпақтарға арнап «Ұят» категориясын тізбелепті. Сол ойларының ішінен мына бір өсиеттерін жадыма жұптадым.
Мінезіңді кең ұста, ақылың мен ұятыңды тең ұста.
Жағымпаздықтан, жалған сөзден аулақ бол.
Құдайдан ұял, өзіңнен ұял.
Арың мен ұжданыңды ардақтай біл.
Туған еліңе, Отаныңа опасыздық жасама.
Досыңа, айналаңдағы адамдарға жамандық жасама.
Махаббатқа адал бол.
Өтірік айтпа, іштарлық жасама.
Ата-анаңды сыйла, жарыңды қадірле.
Еріншек, жатыпішер, ұйқышыл болма.
Өзіңнен үлкен кісімен тұрып сөйлес.
Намысыңды таза ұста.
Ешкімге дауыс көтеріп, өктемдік көрсетпе.
Бұдан басқа да тәрбиелік мәні зор ойлары көп екен, мен өзіме қажет-ау дегендеріне ерекше ден қойдым.
Аталарымыз «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» дейді. Бұл отбасындағы ұл-қыздардың үлкеніне байланысты айтылған ой ғой деп ұғып, Ержанымның тәрбиесін анасы екеуміз қатты қадағалап едік. Мектепте де, жоғарғы оқу орнында да, одан кейін еңбекке араласқан кезінде де көңіліме кірбің ұялататын іс қылған жоқ. Кәмелеттік аттестат алған кезінде оған: «Ержан, балам, ешқашан кісінің көңілін қалдырма; адаммын десең, әр уақытта адамдық сөзіңді айт; ешкімді алдаушы болма. Осы сөзді әкем жиі айтатын, сен де есте ұста; содан кейін әкем «Ешқашан біреудің қалтасына қол салма, ол адами жолдан айныған кісінің тірлігі» дейтін, осыны өміріңнің соңына дейін жадыңда ұста» дедім.
Ержан қызметке тұрды, қасымда жүрді. Ойы толысқан азамат болды. Міне, сол кезде «Ержан, балам, біз үйден үйге көшіп жатырмыз. Сонда біздің босағамыздан «Ордабек, сен маған ақша қарыз едің ғой, қашан қайтарасың?» деп бір адам аттады ма?» деп сұрадым. «Жоқ, папа, ондай сәт болған емес» деді ол. «Солай, Ержан, мен де осындай талапты өзіңе қоямын. Сенің де артыңнан ешкім келмесін. Аярлық жасап, жазықсыз жандарды зар жылатушы болма. Мен ондай жамандығыңды көрмейтін де, білмейтін де болайын! Мына өмір бізге жақсылық жасап, артымызда жақсы із қалдыру үшін берілген» дедім. Осындай әкелік ойларымды Абылайға да айттым. «Бір кездері адамға дүние аспаннан жауғандай шашылып келеді. Бірақ оны ұстай білу керек. Ол дүниені қажетті іске жарата білу керек. Сондай-ақ әке-шешең де сенің байлығың, тұғырың. Сен олардың алдында мәңгілік борыштарсың. Шыққан тегіңді ұмытпай жүру де – кісілік міндетің. Қай кезде де айналаңда ел-жұрт бар екенін ұмытпа. Олар саған сынап қарайды. Қолыңнан келсе, барша жұртқа болыс. Бірақ ең әуелгі жақсылығыңды ата-анаңа жаса» дедім. Нықтап айтқан жоқпын, жұптап айттым. Санасына сіңіріп алса екен, өмір жолында осы ойларымды ұстаным етсе екен деп айттым. Олай болатыны мен олардың әкесімін. Әкесі ретінде жақсылыққа үндедім. Осыларды айтқан кезде әке-шешемді және бір рет ойыма алдым.
Бір жылы, бір жылы болғанда ел жұтап, сабан ақшаға да ділгір болған 93-ші жылы Ташкентке бара жатып үйге тоқтадым. Анамыз екеуміз ғана шәй ішіп отырдық. Сол кезде: «Балам, сен маған ренжімеші», – деді. «Неге олай дейсіз? Мен не үшін сізге ренжуім керек?» – дедім. «Мен сенен үнемі ақша сұраймын. Сонда өзіме емес, ойымда сенен басқа ұл-қыздарым тұрады. Солардың бәрі жұмыссыз ғой, балам. Ана қарындасың аяқ киімсіз жүр, соған ақша керек деп сұраймын. Сонда жоқ деп бір рет те бетімді қайтармадың. Осыңа ризамын. Бірақ қайта-қайта мазалағаным үшін кешір, балам», – деді тағы да. Сол кезде 73 жаста еді. «Қолда бар ақшаны бермесем, онда несіне оларға бауыр болып жүрмін!? Мен өз міндетімді орындадым. Егер олардың қолында да мендегідей жағдай болса, олар да тарынбас еді ғой» дегенімде, көзіне жас алды. Аналық жүрегі сыр берді. Қайтсін-ай енді?! Бәрімізді ойлайды, қиналғанымызды көргісі келмейді. Аналардың бәрі осындай ғой.
Менің аяулы анам бүкіл өмірін ұрпақтарына арнады. Не жинаса да, бізге деп жинады. Не әкелсе де, бізге деп әкелді. Тәтті-дәмдінің бәрін ең әуелі біздің аузымызға тосты. Сөйтіп өсірген ананың кең жүрегінен айналмайсың ба?!
Екеуден-екеу отырып шәй ішкен кезімізде: «Балам, сен үлкен жасқа келесің. Осы әулеттің қадірменді қариясы боласың. Елге қол жайдырып, бата беретін ата боласың, балам, – деп еді. – Осы айтқаным айнымай келеді. Өйткені мен ақ сүт берген анаң ретінде айтып отырмын. Шүкір, жоқ емеспіз, сенен басқа да балаларым бар. Бірақ оларға жетпей жатыр. Солардың арасында көзге түскені сен болып тұрсың, балам. Өзің арқылы оларға көмек жасап жатырмын. Қайта-қайта ақша сұрай берді ғой деп, қапа бола көрмеші, балам. Сен әлі-ақ өз биігіңе шығасың, бақытыңа қол жеткізесің. Кәне, енді қолыңды жайшы», – деді шешем. Сөйтіп, аналық ақ жүрегімен ақтарыла айтқан әлгі сөздерінің соңын батаға ұластырып еді, қайран анам…
Шынында, мен анама жоқ деген сөзді айтпаппын. Ташкентке қарай өтіп бара жатып та, қайтып келе жатып та соқпай кеткен емеспін. Сонда «бері жаныма келіп отыршы» деуші еді. Ол кісі шақыра бастағаннан-ақ ішім қылп ете түседі. Бір ретте бар ақшамды сатып алатын затқа жұмсап жібердім. Қалтамда аздаған доллар ғана бар. Тамақ ішіп болғаннан кейін, «балам, маған жақын жылжышы» деді. «Е, Қызбала, сен тағы бір нәрсені бастағалы тұрсың ба?» деп едім, екеуміздің де күлкіміз қатты шықты. Күліп біткен соң, «басыңды бері иші» деді. Иіп едім, құшақтап сүйді. «Енді айта бер, Қызбала, бірақ менде сом жоқ, доллар ғана қалды» дедім. Ақша жоқ деген сөзім ойландырған болу керек, кішкене үнсіздіктен кейін, «не дедің, балам, дөлләр қалды дедің бе?» деп сұрады. «Иә, дөлләр қалды». «Дөлләр… Ол да ақша ма? Егер ол дөлләрің ақша болса бола берсін, бере бер, олар ала береді», – деді.
Асыл анамды ауызға алдым ғой, енді әкеме кезек берейін. Ол кісі сондай ойыншыл, әзілдесіп отырғанды ұнататын, арқа-басы кең адам еді. Бала екен, шаға екен демей бірге ойнап, күліп отыратын. Ол үшін үлкен-кіші деген түсінік атымен жоқ еді. Бәрімен тең құрбы, бәрімен дос-жаран… Сондықтан болар әкемді елдің бәрі сыйлайтын. Он жыл қолымызда тұрды. Соның бес жылын көрсоқыр болып өткізді. Шақырайған күнге қарап тұрып, «ойпырмай, неге соншалықты қап-қараңғы болып тұр?» дейтін. Үйде Ержан бар кезде – сол, ол жоқ кезде Абылай шомылдырып жүрді. Кейін Абылай да Англияға кетті. Сол уақытта бөлем Косма (Гагарин космосқа ұшқанда туған) әйелімен үйде еді. Ол бізде прораб болып істейтін. Бір кезде көкемнің «мені енді кім кіргізеді?» деген даусы естілді. Сөйтсек душтың алдында ішкиімімен тұр. Косма әйеліне: «Әй, Мәриям, не істеп тұрсың? Ана атаңды кіргізсеңші, шомылдырып сауабын ал-сашы» деді.
Үлкен кісі уақытында шомылып тұру керек. Сондықтан күндердің күнінде сол міндетті Гауһар да, Мәриям да кезектесіп атқаратын болды. Қалай шомылдыру керек екенін Ержанға да, Абылайға да көрсеткен едім. Гауһар мен Мәриям балаларын әбден шомылдырып үйренгендіктен оларға үйрете қоймадым. Бірақ еш жерін сабындап жумай қалдырушы болмаңдар деп тапсырдым. Егер өйтіп шомылдыра алмасаңдар, онда өзім шомылдырамын деп едім. Бір күні Гауһар шомылдырып жатса, ол кісі «келін, айналайын балам, сенің мені душқа алып кіріп, шомылдырып жүргеніңді Ордаш біле ме?» деп сұрайтын көрінеді. «Ата, ол білмейді» десе, «Е, онда жөн болған екен. Бұл туралы оған айтпай-ақ қой, білмей-ақ қойсын» депті.
Әкем немерелерінің бәрін өте жақсы көрді. Шерхан ол уақытта үйдегі ең кенжесі, сондықтан да қатты еркелететін. «Шерханюююю!» дейді. Сол кезде Шерханның тәй-тәй басып жүре бастаған уақыты, атасының әлгіндей даусына елең етіп, солай қарай талпынатын. Ол әлі кішкентай бала болса да ойында қалып қойыпты. Мен «Шерханюююю!» десем, жаныма жүгіріп келіп, «немене, атам есіңе түсіп кетті ме?» дейді.
Әркім өз ұлтын мақтайды. Мен қазағыма әрдайым риза боламын. Өйткені, қазақтың жігіттеріндей әке-шешесін ардақтайтын ешкім жоқ. Мен де солардың бірімін. «Бірінші әке-шешеңе қара, одан артылып жатсаң бауырларыңа болыс, сонан соң басқаларға қарайлас» деймін. Осы ойды ұлдарыма айтушы едім, енді барша қазақ ұландарына ұлағат ете отырып, сөзімді Конфуцийдің мына бір сөзімен түйіндесем:
«Патшада патшалық салауат, уәзірде уәзірлік салауат, әкеде әкелік салауат, балада балалық қасиет болғаны жөн. Сонда ғана әдеп-иба өз жөнін табады».
Иә, солай, қадірменді оқырмандарым менің!..
Ордабек ҚҰМАТАЕВ,
Алматы қаласы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close