Basty bet

Қазақтың бағына туған ұлы тұлға

Нұрсұлтанның болашағынан үміт күттіретін азамат болып қалыптасып келе жатқанын өткен ғасырдың 50 жылдарының аяқ кезінен естіп, біліп өстік. Айналасы үй, бір ауыл-аймақ болатын Бақалы ауылынан 1958 жылы орта мектепті тәмамдап, жаңа қала Теміртауға металлургиялық зауытқа (жаңа салынған) металлургтер даярлайтын Украина, Ресейдегі орта оқу орындарына курсанттар даярлайтындығы жөнінде «Лениншіл жас» газетінде Қазақстан жастарына, Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің үндеуі жарияланған.

Үндеуге бірінші боп үн қатқан Бақалы ауылының 18 жастағы ұлы, бозбала Рақымжан Мырзахметұлы еді. Сол жылы 1958 жылы Украинаның Днепропетровск облысына қарасты Днепродзержинск қаласындағы металлургтер даярлайтын училищеге Жуалының бір топ болашағынан үміт күттірген жастары барған. Бір орталыққа жиналған бозбалалардың бірін Днепроджержинскіге, ол Рақымжан еді.
Рақымжан Алматы облысы, Үшқоңыр ауылынан түлеп ұшқан түлек Нұрсұлтанмен Алтай т.б. қазақтың «сен тұр, мен атайын» деген сайыпқыран бозбалаларымен осылайша тез табысып, шүйіркелесіп, һәм достасып кеткен еді.
Ә дегенде көзге түскен Нұрекең училище комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, өзінің ұйымдастырғыш қабілетінің ерен екенін көрсете білген еді. «Ұрыс жігіттің науқаны» дегендей, жастар арасында әртүрлі, тіпті болмашы нәрсеге кикілжің туғанда, Нұрекең оқу орнының ұстаздарымен, басшыларымен мәмілеге келіп, екі жақты тез ымыраға келтіріп, мәмілегерліктің үздік үлгісін көрсете алар еді.
Адамдармен тез тіл табыса білетін ерекше қабілеті бар Нұрсұлтанның достары көп еді, «Досы көптің олжасы көп» керін келтірер еді. Бірде курс жетекшісі В.И.Погореловтің: «Нұрсұлтан келешекте Қазақстанның Премьер-Министрі болады» деген көріпкелдігін Рақымжан сол кезде де, кейін Нұрекең ел басқарғанда да айтып жүрді.
1960 жылға қарай бүктелген диплом алып, болашағынан үлкен үміт күттірген өндірісті Қарағанды облысының Теміртау қаласына әртүрлі ұлт өкілдерінің өрімдей жас мамандары Қазақстандағы бірден-бір болат балқытатын металлургиялық зауытқа горновой мамандығы бойынша Нұрсұлтанмен бірге жұмысқа тұрып, біте қайнасып, бірге ауысымға барып, жұмысшы киімін бірге киген едік,- деп жиі-жиі Рекең еске алады, сол жалын атқан естен кетпес қызықты да шат-шадыман заманды еске алып.
Нұрсұлтан өзінің болашағынан үлкен үміт күттірген азаматтық қалпын бірге істеген дос-жаран, құрбы-құрдастарынан бөлек, комбинат басшылығы да тез аңғарған еді. Ол тез сатылап партия ұйымының хатшысы қызметіне көтеріліп, өндірістен қол үзбей, Қарағанды политехникалық институтының инженер-металлург мамандығы бойынша тамамдап, диплом алады.
– Мен Нұрекең достан бұрын отбасын құрғанмын, яғни 1 жылдан соң өмірге ұл келді. Нұрекең 1962 жылы туған баламызға Темірхан (Теміртауда туғандығының куәсі болсын деп) қойған еді. Келесі жылы Нұрекең де шаңырақ көтеріп, Сараны алғаш біздің үйге түсіріп, құрдас, дос-жарандар бас қосып, шағын той өткерген едік, – деп еске алады.
Бірде Теміртау қаласына 1964 жылдары Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев келіп, металлургтердің партия жиналысына қатысады. Сол басқосуда жас талант Нұрекең сөз сөйлеген. Зауыттың қазіргі халі, болашағы, жұмысшылардың тұрмыс жағдайы, талап-тілек, мүдделері туралы сөз сөйлейді.
Сонда өз заманының артық туған перзенті Димекең қасында отырған Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына: «Сен менен идеология жөніндегі хатшы қызметіне кісі жіберуді сұрап өтініш жасап едің, міне, саған хатшы, бұдан артық кім керек, ертең қызметке ал!» деген сөзін де сол Рақымжан дос айтып еді.
Нұрсұлтан көп кешікпей Алматыға, ҚКП Орталық комитетіне қызметке шақырылып, ол қай қызметте болсын, өзінің ерекше таланты мен туа біткен дарындылығын таныта білген еді. Ол Премьер-Министр лауазымына тағайындалғанда Рекең досына жеделхат жіберіп құттықтап, ізгі ниет-тілек білдіргенінің куәсі болған едік.
Не керек, Нұрекең бала күнгі бірге өскен, қызметтес болған дос жарандарынан қол үзген емес, күні бүгінге дейін басқосуларға шақырып, жүздесулер, сырласулар жасап тұратыны – бұл бір адамның ізгі қасиеттерінің бірі.
1989 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы болып сайланды. Ал екі жылдан кейін, 1991 жылы Нұрсұлтан Қазақстанның тәуелсіздігін жария етті. 32 түркі мемлекетінің ішінде ең бірінші болып Түркия жарты сағаттың ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін танығаны туралы хабар баршамызға тараған еді.
Ұзақ жыл ағылшын отары болған Үндістанның көсемі Махатма Ганди: «Елдің бір күнгі тәуелсіздігін бүкіл жиған-тергеніме, байлығыма айырбастамас едім!» дегенінің, 300 жылға жуық отар болған «отар халықтың тарихын отаршылдар жазып бередінің» кері келген әдет-ғұрып, салт-санамыздан жұрдай болған қазақ елі көгінде көк туды желбіретіп, Н.Назарбаев Қазақстанды бүкіл әлемге танытты.
Солтүстік Қазақстан облысынан жасы 90-нан асқан Байқуаныш Сембин қазақ елінің тұңғыш Президенті, Елбасына мына мазмұндағы хат жолдаған: «Өткен ғасыр менің көз алдымда өтті. Біресе өрлеп, біресе құлдыраған қилы заманды бастан өткердік. Бірақ, дәл мынадай алтын ғасыр қазағымның басында ешқашан болған емес. Елінің шекарасын шегендеп, барлық халықтармен достық қарым-қатынас орнатып, әлем халықтарының тағдырын шешуге атсалысып отырған қазақ баласы бұрын-соңды болған емес» деп жазыпты ғасыр жасаған көпті көрген абыз қарт.
1997-1999 жылдары Қытай 15 мемлекетпен шектессе, соның ішінде Қазақстанмен 1784 шақырым шекара заңдастырылды. Қытай төрағасы Цзян Цзяминмен ортақ тіл табу Нұрсұлтанның мәмілегерліктің керемет үлгісін көрсетуі еді. Сол сияқты Ресеймен 2005, 2006 жылдары келіссөз жүргізіп, 7500 шақырымдық шекара заңдастырылды. Кезінде Горбачев, Солженыцин т.б. саясаткерлер арандатқан пікірлерді ескерер болсақ, бұл келісімнің маңызы зор еді. Қырғызбен 950 шақырым, Өзбекстанмен 2300, Түркіменмен 330 шақырым, Каспий теңізі бойы 600 шақырымдық межені белгілеп, шекара сызығын тартып алу дегенің теңдессіз ерліктің үлгісі еді. «Келесі ғасырдың бақыты осы ғасырда жасалады» деген тәмсіл осыған сайса керек.
Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа тұрпатты Тәуелсіз мемлекет құрудағы баға жетпес еңбегін әлем танып әрі жоғары бағалап отырғаны баршамызға аян. Кезінде лайықты бағасын ала алмаған Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын бергізді.
Семейдегі ядролық полигонды жаптырды. Байқоңырдан Ресейдің қаншама ғарышкері ұшып, ғарышкер атағын алып, елінің абыройын асқақтатып жатса, бізде қазақтан бір де бір ғарышкер жоқ екенінің есесін қайырып, қазақтың екі ұланы Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтар ғарыш кеңістігіне самғап, Қазақстан атын әлемге паш етті, бұл да Нұрекеңнің сайыпқырандығының арқасы еді.
Дүние жүзі қазақтарының 3 рет құрылтайын өткізіп, 1 млн қазақтың туған елге оралуына ұйытқы болуы неге тұрады!
1997 жылы Қазақ елінің кіндік қаласын Алматыдан Ақмолаға (кейін Астана), 2019 жылы Нұр-Сұлтан атауын алуы тарихи ұлы үрдіс, теңдессіз бірден-бір оңды шешім болғаны жұртқа аян. «Ұлы істерді ұлы адамдар жүзеге асырады» деген тәмсіл осыған саяды.
Тәуелсіздік жеңістеріне соңғы 30 жылда 300 жылға жетпеген ұлы теңдессіз –табыстарға жетуіміз Нұрсұлтанның алдағы жүз жылдықты алдын ала көріп тұрғандай әсерге бөледі.
Ғасырға жуық жасаған қазақтың абыз ақыны Диқан баба Әбілев 2003 ж. былай деп жазған: «Халқыма алдымен тілейтінім – тыныштық, тату-тәтті тіршілік, 132 ұлтты тату-тәтті, ынтымақты басқару неткен ғажап, неткен сәттілік! Нұрсұлтан – нұрлы роман, нұрлы дастан, тәлімді, тағылымды, инабатты, арыс азамат дегім келеді».
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біз толыққанды мемлекет болып қалыптастық. Бұл – елдік еңбектің жемісі мен нәтижесі.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өзінде Елбасы әлемде 210 мемлекет болса, соның 160-мен мәмлегерлік қатынас орнатып, инвестиция тартып, еліміздің экономикасы мен мәдени деңгейінің көтерілуіне теңдессіз үлес қосқанын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанды Еуразиялық Экономикалық одақ ұйымына, ТМД, Шанхай ынтымақтастығы ұйымдарына толыққанды мүше етті. БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болуына зор еңбек сіңірді. Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлеп, Қазақ Елінің әлем қауымдастығы алдындағы беделін дүниежүзі халықтары өкілдері қатысқан мәртебелі басқосуда ел рухын асқақ етті.
Әлем халықтары дінбасыларының үш рет елордада басқосуын өткізудің тарихы ұлы маңыздылығы әлемнің бейбітшілік сүйгіш халықтары алдында қазақ атты ұлы халықтың мерекесін үстем етті.
Нұрекеңнің «Отан дегеніңіз – Атамекен, туған жер, кіндік қаның тамған топырақ» деген қанатты сөзі осындайда ойға оралады. Елбасы 2017 жылы Астанада «ЭКСПО» халықаралық көрмесін ұйымдастырып, Қазақ елінің Тәуелсіз жылдардағы ұлы жетістіктерін әлемге паш етуі нағыз отаншылдық сезімнен туған-ды.
ХХІ ғасыр табалдырығында саясатшы ретінде Н.Назарбаевқа нақты балама жоқ. Ол – шыншыл да, іс-әрекетшіл тұлға. Сондықтан ол қиялдан алынған үлгіні емес, ел халқының басым көпшілігінің мүдделерін жүзеге асыратын болады» деп жазды Ресейдің атақты кинорежиссері Петр Никонов.
Нұрсұлтан халықаралық кеңістікте аса белсенді, көпвекторлық және бейбітсүйгіш саясатты берік ұстанып, әлем елдері арасында беделді, салмақты, жауапты елдер қатарынан орын алуының кепілді өкілі десек, артық айтқандық болмас.
Оның дара да дана басшылығы кезінде еліміз үлкен биіктерді бағындырып, әлемдегі беделді мемлекеттердің қатарынан ойып орын алды. Орталық Азия көшбасшысына айналды.
Жаңа ғасыр тоғысындағы премьер-министр Ұзақбай Қараманов Нұрсұлтанмен қызметтес болғанда Елбасына мынадай баға берген: «Н.Назарбаев – планеталық деңгейдегі саясаткер. Ол алып мемлекеттің ыдырау кезеңінде Қазақстанның дербес дамуына қатысты тарихи жауапкершіліктің барлық салмағын да Қазақстанның тұңғыш Президенті өз мойнына алды. Бейбіт өмір үшін және түрлі ұлтаралық қақтығыстарсыз, әлеуметтік сілкініссіз экономиканы өркендетудің 10 жылы үшін біздің бәріміз де Нұрсұлтан Әбішұлына борыштармыз.
Қазақ халқы жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен жоқ, дүние жүзі халықтары арасынан берік орын алды және ХХІ ғасырға нық басып енді. Сондықтан бүгінгі таңда Назарбаевтың есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылады.
Мен Президентіміздің даналығына сенемін. Ол талантты қолбасшы ретінде келешекті болжап, дүниежүзі экономикасының өзгеру құбылыстарын аңғарып, біліп отырады. Ол еліміздің гүлденіп, өркениетті елдер қатарынан орын алу үшін бар мүмкіндігі мен күш-жігерін жұмсайды» деп.
Ғажайыптар адамның жастық шағында болса, Нұрекең абыздың 80 жасында да «Мен халқымның болашағына басымды тіккен адаммын» деген кезінде айтқан қанатты сөзінен танбаса деп тілейміз.
Құтыптың былай деп айтқаны бар: «Елдің бай болмағы патшаның ниетіне байланысты» деп, оған қоса ұлы Шоқан «халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» десе, батыл ойлардың көпшілігі әрекеттің әлсіздігінен өлетін болса, қазаққа «қозғалыс – өмір қоймасы» ерте тұрып, кеш жатып еңбек, тек қана өнімді қимыл, іс-қаракет ету керек-ақ.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы Жуалының тумасы, ел мақтанышы Шерхан аға Мұртаза: «Жаңа дәуірден тың жол салу әрдайым қиынның қиыны. Осы қиын-қыстау, тың жолға Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүрер кім бар дегенде, көз алдыңа Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Оны халық таныды. Оның дүниежүзіне беделі күннен күнге артып келеді» дегеніне міне, аттай 20 жыл болыпты.
Осыдан үш жыл бұрын Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» туралы қазақ халқына хат жолдап, «Қазақты қазақ еткен батырлары мен билері емес, ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпы» деген еді. Бір жылдан кейін 2018 жылы «Ұлы даланың жеті қыры» атты хатын жариялады. Қазақ қазақы қалпымызға, ата-баба мыңдаған жылдар бойы жинақтаған сол жөн-жоралғымен ғұмыр кешуді Алла бізге нәсіп еткей!
Нұрекеңнің «Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан-теңіз даласы бар, әруақ қолдаған бабасы бар ел екенімізді мақтан етейік!» десе, тағы да «жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол ұлтымыздың анасы» деген қанатты сөздері ойға оралады. «Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі» Астананың Нұр-Сұлтан атануы өте орынды шешім болды.
Әл-Фарабидей ғұламасы, Абылайдай ханы, Абайдай ақыны, Құрманғазыдай күйшісі, Бауыржандай батыры, Мұқтардай жазушысы, Күләштай әншісі, Дінмұхамедтей ел ағасы, Нұрсұлтандай Елбасы болған ел – ең бақытты ел. Ұрпаққа үлгі болар өнегелі ісі, өшпес ізі бар асылдарымызды ардақтай алсақ еді.
Түрленген Түркістан бүгін 32 ел түркі жұртының рухани астанасы болып, күн санап құлпырып қанатын кеңге жаюы, оны ең қазағы көп облыс орталығы етуі Нұрекеңнің алдағы 100 жылға ойлайтын көріпкелдігі емей немене?!
Таяуда ғана Нұрекеңнің 80 жылдығына арнап шыққан «Жасампаздық дәуірі» кітабы оқып шығу әр қазаққа парыз.
Нағыз жігіт шын жасын айтпас болар,
Деген ғой бұрынғы өткен марқасқалар.
70 жас, айналайын, денеңе емес,
Серілер 80-інде де жап-жас болар.
Көп тілеуі – көл, Сіздің ғасыр жасап, өз бейнеңіздің рәтін көруіңізді көгенкөз, қайырымды, мейірімді, шапағатты халқыңызбен біз де тілейміз!

Болатбек қажы ҚАЙЫПБЕКОВ,
Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close