Basty bet
Көктем. Әйел. Дәстүр
№1 мектеп-гимназияда ауданымызда түрлі салада еңбек еткен ардагер аналар бас қосты. Олар: ардагер-ұстаздар, аудандық мәслихаттың депутаттары, мәдениет саласының ардагерлері, кәсіпкерлер, тағы да басқа салада қызмет етіп жүрген және бүгінгі таңда зейнет демалысындағы аяулы аналар.
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ұйымдастырған мерекелік іс-шара «Көктем. Әйел. Дәстүр» деп аталды.
Кеш өзгеше форматта өтті. Яғни, кездесуге шақырылғандар мерекелік дастарқан басына жайғасып, ән тыңдап, ізгі тілектерімен бөлісті.
Әдемі кешті аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Нәзипа Қаттебекова жүргізді.
Шара Мадина Свамбаеваның орындауындағы «Ана» әнімен басталды.
Кештің алғы сөзін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова алып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында ұйымдастырылған кештің құрметті қонақтарын, яғни бүгінде ел анасы атанып отырған аяулы аналарды мерекелерімен құттықтады.
Кештің ажарын Салтанат Мейіржанқызының «Перзент парызы», Жігіттер үштігінің «Ана», «Қыздар-ай», Баян Нұрманова, Гүлнәр Қашкеева, Назерке Ахметтің әсем әндері аша түсті.
Кезек аналарға берілді. Олар мерекелік көңіл күй сыйлаған «Nur Otan» партиясының аудандық филиалына алғысын білдірді. Өздері қызмет кеткен жылдардан қызықты естеліктерімен, тағылымды әңгімелерімен бөлісті. Замандастар өзара сыр шертісіп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Тамаша ән мен тілек жалғасын тауып, кеш аналарды тамаша сезімге бөледі.
Мерекелік іс-шара соңынан Анар Садыққызы аналарға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тапсырды.
* * *
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова бастауыш партия ұйымдарының төрайымдарын қабылдап, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Жиынға аудандағы 19 бастауыш партия ұйымдарының төрайымдары мен төрағалары және партия саясатының іске асырылу барысында белсенділік танытқан Назипа Қаттебекова, Гүлнұр Қадырбек, жеке кәсіпкер, партия мүшесі Тейгран Аллахвердиев қатысты.
Шарада «Нұрлыкент», «Күреңбел», «Талапты» бастауыш партия ұйымдарының төрағалары Шектібай Манатов, Бауыржан Қозыбеков, Руслан Сайлаубаев құттықтау сөздерін арнады.
Жиында жеке кәсіпкер Т.Аллахвердиев те сөз алып, Аналар мерекесімен құттықтап, әйелдер қауымына сыйлығын тапсырды.