Basty bet

ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ ҚҰРМЕТ

Аудандық кітапхананың «Білім» орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Еңбек елдің мұраты» арнайы жобасы аясында ұзақ жыл бір салада еңбек еткен әулеттерді танымал ету мақсатында «Еңбек адамы» форумы ұйымдастырылды. Форумға ауданда белгілі бір саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдары шақырылды.

Форумды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков ашып, шараның мақсатына тоқталып өтті.
Форумды ашу үшін сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевқа берілді.
– «COVID-19 індетінің таралуын тежеу мақсатында енгізілген ұзақ мерзімдік карантиндік шаралар адам мен қоғам тіршілігінің барлық саласына теріс ықпал етті. Ұзақ уақытқа созылған карантин мерзімінде практиканың жоқтығына байланысты кейбір қызметкерлердің тәжірибесі мен шеберлігі төмендейді, бұл біліктілікті арттыру мен білімді жаңартуды өзектендіреді. Әлеуметтік бағыттағы мемлекеттерде үкімет карантиннен зардап шеккен азаматтарға жәрдемақылар төледі, мұндай саясатты сынаушылар «тікұшақпен ақша шашу» қоғамдағы масылдық көңіл-күйдің өсуіне алып келеді деп ойлайды. Осы мәселелер еңбекке деген сүйіспеншілікті дәріптеу қажеттілігін көрсетеді.
Осыған байланысты, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласының негізгі тұжырымдамалары мен идеяларын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнына енгізу өзекті болды.
Арнайы жобаның мақсаты – қажырлы еңбектің арқасында табысқа жеткен адамдардың тәжірибесін, еңбекқорлық құндылықтарды, ұдайы өзін-өзі жетілдіру идеясын жаю арқылы еңбекке сүйіспеншілікті насихаттау.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазіргі таңда тек жеке адам емес, тұтас халық бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады» деп атап өтті. Келешекте ұлттың табыстылығы адами капиталдың сапасымен өлшенеді.
Еліміздің әрбір азаматы адал, риясыз, өнімді еңбектің маңыздылығын санасына сіңіруге тиіс. Сонда ғана Қазақстан әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосыла алады.
Қазақтың қазақтығы тілінде, тәрбиесінде, ұлттық құндылығында. Осы құндылықтардың жойылмауы үшін, жастардың бойына адами құндылықты сіңіру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дер кезінде жарияланды деп есептеймін. Қазақтың ұлттық менталитеті, ұлттық болмысы, ұлттық салт-дәстүрі, құндылығы ұмыт болмауы керек. Кейінгі жас туған жері үшін еңбек етіп, тілін құрметтей алуы тиіс. Ол үшін де осындай нағыз еңбек адамдары жастарға үлгі-өнеге болады. Еңбек адамды ер атандырады. Адамды адам ететін еңбек. Сондықтан кез келген азамат туған жері, Отаны үшін қызмет етіп, оның дамуы мен көркеюі үшін өзінің үлесін қоса білуі тиіс, – деді Ернұр Маратұлы.
Шарада аға буын өкілдері жастарға ой салар, рухты көтерер тағылымды әңгімелер айтып, естеліктерімен бөлісті. Еңбек жолдарына тоқталып, адал еңбек адамды ешқашан ұятқа қалдырмайтыны жөнінде сөз қозғады. Ең бастысы, егеменді еліміздің ертеңі болашақ жастардың тәрбиесі, танымы жайында айтылды. Осындай құнды пікірімен ауданға белгілі азамат «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «қоғамдық келісім кеңесінің» жетекшісі Аманжол Дүрәліұлы бөлісті.
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әуелі экономикамен, сосын саясатпен айналысып, содан кейін рухты көтерейік» деген жақсы сөзі бар. Бұл рет-ретімен орындалып жатыр. Кеңестік заманда да еңбек адамын жоғары бағалады. Ал, қазіргі таңда нарық қоғамы төселген уақыт. Еңбекке ерік берілді. Қол байлау жоқ. Тек өзіңнің ниетің, еңбекке деген талпынысың болса, кез келген кәсіп түрімен айналыса аласың. Әртүрлі кәсіп түрі бар. Жұмысты кез келген адам істей алады. Сол істің қиындығына төзе біліп, табысқа жете білу қажет. Жалпы егемен елімізде еңбек адамына мүмкіншілік берілген.
Біздің қоғам халық үніне құлақ асатын қоғам. Ал, ісі жоқ, ұлттық белгісі, тілі, діні жоқ ел мәңгілік жоғалады. Міне, біз осыдан сақтануымыз керек. Жастардың рухын көтеріп, оларды имандылыққа, адамгершілікке, бауырмалшылдыққа, адами жоғары қасиеттерге баулуымыз керек. Жастардың рухын көтеру керек. Ал, рух ұлттық құндылық арқылы көтеріледі. Қазақ халқы ұлттық өнерге, тіл, сөз өнеріне бай. Бізде мәрттік, жомарттық бар. Бүгінгі жаңарған қоғамда ұлттық салт-дәстүрлер ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар қайта жағыруда. Ол арқылы біздің санамыз, ойымыз қайта жаңарып жатыр. Жастарды еңбекқорлыққа, батырлыққа, батылдыққа, іскерлікке бірлесе дайындық. Адам еңбекті таңдаумауы тиіс. Тапқан табысың адалынан болуы керек. Міне, біздің келешек ұрпақ осыны біліп өсуі қажет.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Кейіме, ренжіме, бұл күніңе» деп жырлағандай, бар жағдайға төтеп беруді үйретуіміз қажет. «Қимылдаған қыр асар» демекші, әр адам еңбектен қашпау керек, – деп аталық кеңесін айтып, орамды ойларын айтып өтті.
Сонымен қатар, форумда бекзат өнерді жанына серік еткен «Жуалы» халықтық театрының қоюшы суретшісі Қойшыбай Төремұратов, қолынан өнер тамған тігінші Нүрилә Дәлібекова сөз алып, өз өнерлері, еңбектері жайлы кеңінен сөз етті.
Сонымен қатар, кездесуде аудан халқының әл-ауқатының артуы мен аудан экономикасының қарышты дамуына қосып отырған еңбектеріне алғыс білдіріп, құрмет көрсетілді. Форум соңында құрылысшы Духан Кенжеқараев, суретші Қойшыбай Төремұратов, электрик Саржан Тұрсынқұлов, жүргізуші-механизатор Баймұхан Исламов, пошташы Надежда Бурина, тігінші Нүрилә Дәлібекова, аспаз Айнұр Бұзауқұлова, дәнекерлеуші Жігіт Диас, слесарь Алтай Бекдашов, Ермұхан Жарылқасынов аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталды.

Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close