Basty bet

Сынаққа 402 мектеп бітіруші қатысты

2019 жылдан бастап жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өткізіледі. Яғни, мектеп бітірушілер ақылы негізде оқуға түсу үшін қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында ҰБТ тапсыра алады. Талап төртеуінде де бірдей. Бірақ, грант конкурсына түсу үшін тек қана маусым айында тапсырған ҰБТ сертификатымен ғана қатыса алады. Мәселен, қаңтар айында 130 балл алып, маусымда 51 ұпай алса, ол қаңтар айында алған жоғары ұпайымен грантқа конкурсқа қатыса алмайды. Тек маусым айындағы сертификаты есепке алынады.

Сонымен бірге қаңтар айында ҰБТ тапсырып, тиісті шекті ұпайды жинап, ал маусым айында шекті балдан төмен жинап қалса, қаңтар айындағы сертификатымен жоғары оқу орына ақылы негізде түсе алады.
Мектеп бітірушілер қаңтар, наурыз, маусым айындағы ҰБТ-ға да қатысуға құқы бар. Ал, тамыз айындағы сынақ ол жоғары оқу орнында өтетін кешенді тестілеу. Оған алдыңғы үш сынақта да төмен балл жинағандар ЖОО түсуге ниеті болса, қатысады.
Бұл – бір жағы мектеп бітірушілерге жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болса, бір жағы психологиялық дайындық.
Биылғы оқу жылында да еліміз бойынша 16-19 қаңтар аралығында ҰБТ өтті.
Біздің ауданда 17 қаңтар күні №1 мектеп-гимназияның базасында болды. Оған қатысуға аудандағы 655 мектеп бітірушінің 404-і өтініш берген. Алайда оның екеуі белгі себептермен қатыспады. ҰБТ-ға аудандағы 30 орта мектептің 27-сінің шәкірттері қатысты. Қатыспағандар С.Сейфуллин, Б.Момышұлы атындағы орта мектептердің мектеп бітірушілері. Ал Жамбыл атындағы орта мектепте мектеп бітіруші жоқ.
Аудиторияларға кіру сағат таңғы 8.00-де басталды. Қатысушылар 10 аудиторияға орналасты.
ҰБТ ереже бойынша 3 сағат 50 минут болды.
ҰБТ өткізу ережесіне биыл өзгерістер енгізілген. Онда мектеп бітірушіден ҰБТ-ға кіру уақытында аудиторияға алып кіруге тыйым салынған ұялы телефон, шпаргалка, т.б заттар табылса, бірден акт толтырылып, ҰБТ-ға қатыстырылмайды.
ҰБТ тапсыру үстінде төрт мектеп бітіруші ұялы телефон пайдаланғаны үшін, бір бітіруші сынақ кітапшасын сыртқа алып шыққаны үшін акт толтырылып, аудиториядан шығарылды. Талап солай, бұл бір жағынан мектеп бітірушілерге келесі жолы сабақ болуы керек.
ҰБТ нәтижесінде ең көп балл жинаған, яғни 119 балл алған Балнұр Қуанышбаева мен Аслан Нұржанұлы. Ал, ең төменгі балл 16 болды.
Бұл жолы орын алған кемшіліктерден барлық мектеп басшылары мен мектеп бітірушілер сабақ алулары қажет.
Енді 1ақпан мен 15 ақпан аралығында екінші рет өткізілетін ҰБТ-ға өтініштер қабылданады. Екінші ҰБТ 24-29 наурыз аралығында өтеді.
Барлық мектеп бітірушілерге жоғары ұпай жинауларына тілектеспіз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close