Basty bet
Көлбастаулықтар өз таңдауларын жасауда
Бүгін елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтуде. Бұл маңызды саяси науқанда тұрғындар ауыл әкімдерін өздері таңдамақ. Ауданымызға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы №197 сайлау учаскесіне тұрғындар келіп, өз таңдауларын жасауда. Сайлау учаскесі №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте орналасқан.
Аталған сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Азамат Әбиевтің айтуынша, сайлау учаскесі таңғы сағат 06.00-де Мемлекеттік Әнұранды орындап, ашылған. Көлбастау ауылында 2342 сайлаушы бар. Үш дауыс беру кабинасы әзірленген. Оның біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Санитарлық талаптарға сай комиссия мүшелері арақашықтықты сақтап, медициналық қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, сайлаушылардың топтасып жүрмеуі үшін екі жерден кіру есігін ұйымдастырған. Мектептің кіреберісінде медбике сайлаушылардың дене қызуын өлшеп, ішке кіргізілуде. Жалпы аталған сайлау учаскесінде санитарлық талаптар сақталуда.
Сайлауға ауыл тұрғындары белсенділік танытып, қатысуда. Сайлау учаскесіне келіп, ауылдың өсіп-өркендеуі үшін өз таңдауларын жасауда. Бұл көшті ауыл ақсақалдары бастап, жастарға үлгі болуда. Қарасай батыр көшесінің тұрғыны Бекболат Өтегенов пен Байтоқов көшесінің тұрғыны Әскербек Сыдықов бұл сайлаудың маңыздылығын жақсы түсінетін жандар.
Қос қария: «Бүгін біз алғаш рет өз ауылымыздың әкімін таңдап, сайлауына қатысудамыз. Бұл саяси науқан Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен басталып, іс асырылуда. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені, әр ауылдың тұрғыны өзінің жергілікті басшысын сайлап, онымен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек. Біз өз таңдауымызға сенеміз. Ауыл әкімі ел мүддесі үшін еңбек етуі тиіс. Қариялар да сайланған жаңа әкімге алдағы уақытта қолдау көрсетіп, бірлесіп осы елді мекеннің гүлденуі үшін күш жұмылдыратын боламыз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген жақсы сөз бар. Әкімнің халқына жақын болуы үшін де оны тұрғындары өздері таңдауы тиіс. Біз алдағы уақытта қариялардың атынан халық таңдаған ауыл әкіміне сәттілік тілейміз» дейді.
Сондай-ақ, саяси науқанға әрбір жанұя жауапкершілікпен қарап, бірге сайлау учаскесіне келіп дауыс беруде. Олардың қатарында ерлі-зайыпты Шалабай Дүралиев пен Салтанат Сейсенқұл да бар. Дүрлиевтер отбасы әрдайым осындай саяси науқанға бірге келіп, өз таңдауларын жасайды екен. «Біз көпбалалы отбасымыз. Көлбастау ауылының тұрғындарымыз. Отбасымызбен бірге ауыл әкімдерінің сайлауына қатысу азаматтық парызымыз деп санаймыз. Ауылымыздың, балаларымыздың болашағы үшін біз таңдауымызды жасадық. Ауыл әкімі осындағы әрбір тұрғынмен байланыс орнатып, көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырмайды деп сенеміз. Ауылымызға жақсы жаңалықтар әкеліп, тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқатының артуына өз үлесін қосады деп сенім білдіреміз» дейді отағасы Шалабай аға.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»