Basty bet
Біз татумыз….
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп аталарымыз бекер айтпаған шығар. Өйткені, біз бала кезімізде Теріс ауылына орыс, неміс, шешен ұлттарының қалай жер аударылғанын көрдік. Оларға жергілікті тұрғындар барынша көмек қолын созып, бауырына басып, бір нанды бірге бөлісіп, татулықты ту етті. Сол тұстағы саясаттың кесірінен туған Отандарын тастап, жер аударылған өзге ұлт өкілдерін баспанасына паналатып, барымен бөлісіп, бауырмалдық танытты. Сол кезеңде қазақ халқының бойындағы меймандостығы мен қонақжайлылығы қиындықты бірге еңсеруге көмегі болды. Бұл – барлық халық үшін ең ауыр кезеңдер болатын.
Қазіргі таңда Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда халықтар достығы жақсы дамуда. Бір ғана Теріс ауылында тұратын барлық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазақ халқымен бірге өсіп-өніп, ауызбіршілікте өмір сүріп жатқан этнос өкілдері ұл-қыздарын қазақ мектебіне беруде. Біздің мектебімізде Кожевниковтер жанұясының балалары білім алуда.
Тұңғыш Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деген болатын.
Ендеше, «Ынтымақ түбі – береке» деп халық даналары айтқандай, бірлігіміз бен татулығымыздың арқасында ұлттар достығы нығайып, келер ұрпақ тарихтан тағылым алып, ынтымақта ғұмыр кеше берейік. Біздің байлығымыз – татулығымыз. Арамызда осындай ешкімге бергісіз достығымыз артып, бейбітшілікте өмір сүргеніміз үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. 1 наурыз – Алғыс айту күнімен барша жуалылықтарды құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Аташбек Әмірқұлұлы,
ардагер ұстаз