Basty bet

ҚАМБАНЫҢ СӘНІ – ҚЫЗЫЛ ДӘН

Ауданда егін орағы аяқталып келеді. Биыл масақты дәнді дақылдар 35 524 гектар алқапқа орналастырылған болатын. Оның 9615 гектары – күздік бидай, 25 909 гектары – арпа. Бүгінгі күні ақ егістің 97 пайызы орылып, дәні бастырылды.
Биыл өңірімізде алты жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 150 шаруа қожалығы арпа, бидай еккен. Ауданда егінге алғашқылардың бірі болып орақ салған – «Темірбеков», «Балжан», «Құндыз» және «Дәулет» шаруа қожалықтары мен «Жаңаталап» ЖШС. Жетітөбе, Ақтөбе, Күреңбел, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің диқандары мол өнімге қол жеткізді. «Ақтасты», «Ақиқат» және «Қошқарата» шаруа қожалықтары күздік бидайдың әр гектарынан 30-32 центнерден өнім алды.
-Бүгінгі күні орылған 34 569 гектар алқаптан 80 200 тонна дән жиналып отыр. Оның ішінде жаздық арпаның 25 710 гектарынан 59 133 тонна өнім алынса, 8859 гектарды құрайтын күздік бидайдан 21 084 тонна астық жиналды. Гектарға шаққанда аудан бойынша жаздық арпаның орташа өнімділігі 23 центнерді, күздік бидай 23,8 центнерді құрап отыр, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құнизов.
Сондай-ақ жалпы аудан бойынша астық жинауға 83 дана комбайн атсалысты. Техникаларға жанар-жағармай, яғни кепілденген дизель отынын ауданда таратушы операторлары болып «Орсо Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігі белгіленіп, күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 2015 тонна жанар-жағар май бөлінді. Оның тарату бағасы бір литріне 177 теңгеден айналып отыр.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір

 

Таңдаулы материалдар

Close