Basty bet

Мақсаты – заанен ешкілерін көбейту

Жастар жылында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасын қолға алды. Жоба арқылы қаншама жас іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, нәтижесінде жеке кәсіп ашты. Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндіктер алды.

«Жас кәсіпкер» жобасының шарапаты біздің ауданымызда да жастарға тиді. Атап айтқанда, ауданда 100 жас жобаға қатысып, 71 жас 505 мыңнан грант ұтып алды. Грант ұтып алғандардың ішінде жартысына жуығы жаңа ұтымды жоба бойынша, яғни асылтұқымды заанен ешкісін алды.
Бұл жоба жастар үшін таптырмас мүмкіндік деуге болады. Себебі, жұмысын жаңа бастаған жасқа 505 мың теңге кәсібінің іргетасын қалауға жетерлік қаражат.
Диқан ауылының тұрғыны Досхан Ешенқұл да былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 505 мың теңге грант ұтып алған болатын. Досхан қолына қаржы тие салысымен Меркі ауданына барып заанен ешкісін сатып алып келді.
-Грантқа досым Жасұлан Дүйсенғалиұлы да қатысты. 505 мың теңгелік грантқа екеуміз де қолжеткіздік. Қолымызға қаржы тиген соң, екеуміздің қаржымыз, яғни 505 мыңнан 1 миллион он мыңның үстіне 500 мың теңге қосып, 15 бас ешкі сатып алдық.
Алғаш әкелгенде үш басын саудық. Ешкілер буаз болғандықтан күніне бір литр ғана сүт беріп жүрді. Бір ай сауған соң тоқтаттық.
Сауылған сүттің литрін 500 теңгеден саттық. Ешкі сүтін өткізуде қиындық тудырмайды. Себебі, ешкі сүтіне деген халықтың сұранысы жақсы.
Асылтұқымды ешкінің қазақы ешкіден айырмашылығы сүттілігінде. Мәселен, қазақы ешкі күніне 1,5-2 литр ғана сүт берсе, заанен ешкісі күніне 3,5-4 литрге дейін сүт береді.
Ешкі сүтінің адам ағзасына пайдасы туралы халқымыз ежелден біледі. Аурудың алдын алуда, анемияда, асқазан, ішек жолдарының ауруларында, диабетте, иммунитетті көтеруде, тағы да басқа ауруларда ешкі сүті таптырмас ем. Сонымен бірге жас нәрестені жасанды немесе аралас қоректендіруде ешкі сүті ана сүтін алмастыруда да тиімді.
Сонымен бірге ешкі туберкулезбен, бруцеллезбен, сиыр малы ауыратын басқа аурулармен де ауырмайды.
Сондықтан келешекте ауданымызда заанен ешкісі көбейіп жатса, аудан тұрғындарына емдік қасиеті мол ешкі сүтін пайдалануға мүмкіндік көп болады.
Заанен ешкісі жылы жерді жақсы көреді. Тұрған қора-жайы суық болса, лағын тастап қоюы мүмкін.
Күтімінің еш қиындығы жоқ. Жем-шөбін уақтылы беріп тұрса болды.
Заанен ешкісі жылқы малы сияқты жүні қырқылмайды екен.
Күтімі жақсы болса ешкілер егізден, үшеуден туады.
«Есің кетсе, ешкі бақ» демекші, ешкі малы тез көбейеді, яғни өсімтал түлік,-дейді Досхан.
Досхан 1996 жылы осы ауылда өмірге келген. 2013 жылы Диқан орта мектебін тамамдап, Алматы аграрлық университетіне инженер мамандығы бойынша оқуға түседі. Университетті аяқтаған соң бір жарым жыл «Бурное сүт компаниясында» слесарь болып еңбек етеді. Әрі қарай әкесімен бірге өздерінің «Төренұр» шаруа қожалығында мал шаруашылығымен айналысады.
Әкесі Қамбар Күдереев – мал дәрігері. Әкесінің жанында жүріп мал асыраудың қыр-сырын жақсы үйренген Досхан өткен жылы грантпен қоса «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағыт-бағдары бойынша 3 миллион теңге несие алып, оған 15 бас сауынды сиыр сатып алды.
Досханның ендігі мақсаты – мал басын көбейту. Асылтұқымды заанен ешкісін де көбейтуді жоспарлап отыр.
Досхан қара шаңырақта ата-анасымен бірге тұрады. Анасы Балакүл Жаңабаева Диқан орта мектебінде технология пәнінен сабақ берсе, жары Бақыткүл Әйтімова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Досхан жолдасы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
– Жастарымыз, халқымыз жағдайын көтерсін, кәсіпкерлікпен айналыссын деген мақсатпен үкімет жеңілдетілген несие де, гарант та беріп жатыр. Бірақ кейбіреулер қаржыны алып, басқа мақсатқа жұмсауда. Ол әрине дұрыс емес. Егер осы мүмкіндікті мақсатты дұрыс пайдаланса, бір-екі жылда міндетті түрде өз жемісін береді. Мал басына тимей біраз жыл айналдырса, кәсіптің көзін тапса, игілігін өзі көреді ғой. Сосын той тойлағанға да, басқаға да бәріне жетеді.
Жұмыс істеймін деген ынталы жасқа қазір жұмыс бар. Тек ынталы еңбек керек.
Жұмысты жаңа бастағанда қаржы жұмсау мәселесіне өте абай болу керек. Ақшаны орынсыз жұмсай берсе, ешқандай берекесі болмайды, бәрі желге ұшқандай болады. Сондықтан ысырапшылдыққа жол бермесе, тірліктің көзін тауып, бәсекеге қабілетті болса, әрбір кәсіпкер міндетті түрде діттеген мақсатына жетеді,- дейді Досхан Қамбарұлы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close