Basty bet
Жастарды жақсылыққа жұмылдырған жыл
Жиынға комиссия мүшелері, тиісті бөлім және мекеме басшылары, округ әкімдері, белсенді волонтер жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты жүргізген Кеңес төрағасы Нарбай Әбілқасымұлы алғашқы сөзді аудандық “Жастар ресурстық орталығының” директоры Мейіржан Телеушовқа берді. Мейіржан Бегасылұлы ауданымызда “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” Заңын жүзеге асыру аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Баяндамада аудан жастарының тыныс-тіршілігі, яғни мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстар, жастардың жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлік саладағы олардың үлесі, тұрғын үймен қамтылуы, діни ахуал, жастар арасындағы қылмыстық істер, шығармашыл, ерікті жастардың жетістіктері, тағы да басқа жастарға қатысты мәселелер мен проблемалар қамтылды.
М.Телеушовқа аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Махамбетов “Жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатындағы үкімет тарапынан берілетін гранттар қаншалықты бақылауда, яғни мұқтаж жандар қаншалықты қол жеткізуде?” деген сауалын қойды. Орталық басшысы гранттар тек жұмыссыз және “Бизнес-Бастау” бойынша оқып, сертификат иеленген жастарға ғана берілетінін жеткізді.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы жастарды жұмыспен, тұрғын үймен, жер учаскесімен қамту мәселелері бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен және жоспарларымен бөлісті.
Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және саламатты өмір салтын ұстану мақсатында жастарды спортқа тарту жұмыстары туралы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов баяндады.
М.Әбдіұлына аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алаңша қай жерден ашылатын болды? деген сауалын қойды. Спорт бөлімінің басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алаңша облыс бойынша барлық жерде орталық стадионнан орын берілетінін, соған сай біздің ауданда да орталық стадионнан жақында арнайы алаңша ашылатынын түсіндірді.
Ал, С.Махамбетов: “Орталық стадион ауыл шетінде орналасқан. Ол жерге бару мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиындық тудырады. Сондықтан неге орталықтан жер қарастырылмайды?” деген сауалын қойды.
Бұл сұраққа аудан әкімі жауап берді. Нарбай Әбілқасымұлы аудан орталығындағы демалыс саябағының жоғарғы жағынан спорт кешенін салу туралы жоспар жасалғанын, егер жоспар облыста мақұлданса, алдағы уақытта соғылатындығы, онда міндетті түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға да орын берілетіндігі жайлы айтты.
Спортшы Талғат Тойшыбеков: “Ауданымыздың спортшылары, яғни бүгінде Тараз қаласында пәтер жалдап жаттығып жүрген спортшылар бар. Оларға үкімет тарапынан стипендия төленбейді. Осындай спортшыларымызға қандай көмектер көрсетілуде, олармен байланыс жасайсыздар ма?” деген сауалын және де ауылдық округтердегі спорт нұсқаушылыққа спортқа құмар, спортта жетістігі бар жастар тартылса деген тілегін жеткізді.
Мақсұтбек Әбдіұлы елімізде жақында ғана спорт туралы заңға өзгерістер енгізілгенін, онда осындай мәселелердің барлығы ескерілетінін және ауданнан шыққан спортшылармен үнемі байланыс жасап, жастар арасында олармен кездесу ұйымдастырылатынын жеткізді.
Талантты жастарды дамыту және олардың өнерлерін шыңдау мақсатындағы жұмыстар туралы Бәйтерек ауылындағы Өнер мектебінің директоры Талғат Тойшыбеков баяндады. Талғат Расылханұлы өнер шаңырағының бишілері 2018 жылы Парижге барып өнер көрсетіп қайтқанын, басқа үйірмелердің де шәкірттері аудандық, облыстық байқауларда өз өнерлерін көрсетіп жүргенін, жастарды өнерге баулу мақсатында барынша жағдай жасалып отырғанын, мектеп ұжымы алдағы уақытта заман талабына сай басқа да түрлі үйірмелерді ашуды жоспарлар отырғанын айтты. Сонымен қатар аудан жастарын өнер мектебіне келіп тәжірибе алмасуға шақырды.
Баяндамашыны аудан әкімі толықтыра түсті.
-Жастардың мамандық таңдауда қателеспеуіне, олардың қабілетін жастайынан танып-біліп, оны дамытуда өнер мектептерінің орны ерекше,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. – Еліміз дамуы үшін бірінші ауылдарымыз дамуы керек. Сондықтан ауылымызды дамытатын жастарды тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін өнер мектептеріне жағдай жасап, олардың қызығушылығын арттырып, бағыт-бағдар беріп, жігерлендіруіміз қажет.
Қай сала болсын онда сол саланы жақсы түсінетін, жанашыр жандардың еңбек еткені дұрыс.
Жалпы бұл саладағы Сіздердің жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Келесі кезекте Көкбастау ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының орындалуы туралы ауылдық округ әкімі аппаратының бөлімше басшысы Мәлік Сейтаев баяндады.
Ауданымызда өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жылы 11 мұқтаж отбасыға “Асар” дәстүрін жаңғырту аясында үй берілді. Осы дәстүріміз бастау алмай тұрып Көкбастау ауылдық округінің жастары бірінші болып бастама жасап Көктөбе ауылындағы бір отбасыға асарлатып үй салып беріп, үлкен игілікті іс тындырған болатын. Бұдан басқа да ауыл жастарының үлгі боларлық істері көп. Баяндамашы осы игі істерді айтып өтті.
Кеңесті аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытындылады.
-Дана Абай айтқан “Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет. Мейірімділік, сенім, қайырымдылық – адам бойындағы ең ұлы қасиеттер. Жанашыр азаматтары көп елдің болашағы жарқын.
Волонтерлік – бұл үлкен іс. Қайырымдылық – адам бойына бала кезден сіңген қасиет. Біздің аудан жастары, кәсіпкерлері биыл өте үлкен іс атқарды. Мәселен, 13 мыңдай бетперде тігіліп, оның 12 мыңдайы мұқтаж жандарға тегін таратылды. Жалпы кәсіпкерлер 128 миллион теңгенің көлемінде қайрымдылық жасады. Оның ішінде сонау Сингапурден Талғат Тұрымбаев деген азамат аудандық ауруханаға реаномобильді көлік сыйға тартты. Бұл азаматқа халықтың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Қайырымдылық, азаматтық істер әрі қарай да жалғасын табуы керек,- дей келіп аудан басшысы бірқатар жастарды облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттады.
Өнер мектебінің мұғалімі Әліш Рауан Мекемтасұлы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен “Халық алғысы” медалін иеленді.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»