Basty bet
Тышқан жылы біз күткен өзгерістер
Жаңа жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қолданысқа енгізіледі, жәрдемақылар мен еңбекақылар өседі, сонымен қатар тағы да басқа көптеген өзгерістер күтеді. Енді осы барлық жаңалықтар мен өзгерістер туралы газет тілшісінің шолуында рет-ретімен толығырақ қамтылады.
Жаңа жылдан төменгі күнкөріс және айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшерлері белгіленеді. Әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін төменгі күнкөріс көлемі 1500 теңгеге дерлік артып, 31 183 теңгені, айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңге көлемінде болады. Ал ең төменгі айлық еңбекақы бұрынғы 42 500 теңге деңгейінде қалады.
Әскери қызметшілердің және мемлекеттік арнаулы және құқық қорғау органдары, сондай-ақ мемлекеттік фельдшерлік қызметкерлерінің жалға алу және коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге ақшалай өтемақының көлемі 3 739 теңгені құрайды (мерзімді қызмет сарбаздарына қатысты емес).
Еңбекақы
Мұғалімдердің айлық еңбекақысы 25%, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлық еңбекақысы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 30-60% артады.
«Қазақстанның еңбек cіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогтарға 1000 АЕК көлемінде, ал денешынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және магистр дәрежесі бар әскери оқу орындарының оқытушыларына 10 АЕК көлемінде біржолғы төлем қарастырылған.
Зейнетақы
Ынтымақты зейнетақы 7 % артып, оның ең аз көлемі 38 636 теңгені құрайды. Бұл ретте мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 5% артады және оның ең аз көлемі 16 839 теңгені құрайды.
Жаңа жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі.
Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады:
• төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге;
• бес балаға – 53 127 теңге;
• алты балаға – 63 757 теңге;
• жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.
Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді.
Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасына тоқтатылады.
Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
Кімдердің жалақысы өседі?
Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, елімізде тек ең төменгі жалақының мөлшері ғана реттеледі. Қалғаны – жұмыс берушінің қалауына қарай.
2019 жылдың басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мың кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32%-ке – 46 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін көтерді.
1 шілдеден бюджет қызметкерлерінің айлығы 30%-ке ұлғайды.
Зейнетақы, күнкөріс деңгейі және АЕК
2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды.
Биыл ең төменгі зейнетақының мөлшері 36 108 теңге болса, келесі жылы 38 636 теңгеге жетеді. 2020 жылдың басынан қазақстандықтардың зейнетақысы инфляция деңгейіне қарай өседі.
• ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге;
• ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
• айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңге.
Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты, мемлекеттен балаларға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылу бойынша, аса зиянды және ауыр жұмыстарда еңбек ететін адамдарға төленетін әлеуметтік жәрдемақылар да көбейеді.
Балаға берілетін жәрдемақы 2020: кімге, қалай және қанша төленеді?
Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты, мемлекеттен балаларға төленетін жәрдемақы да көбейеді. 2020 жылы 1 АЕК 2 651 теңгеге тең болады.
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді.
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 100 738 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 167 013 теңге;
Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.
Бір жасқа дейінгі ай сайынғы жәрдемақы
Бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланады.
Жұмыс істемейтін әйелдерге:
• бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 15 270 теңге;
• екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 18 054 теңге;
• үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 20 811 теңге;
• төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК немесе 23 594 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем былай есептеледі:
Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастайсыз.
Мәселен, әйел босанғанға дейін екі жыл ішінде 3 000 000 теңге табыс тапты делік.
Осы соманы 24 айға бөлеміз: 3 000 000/24= 125 000 теңге.
125 000 теңге – орташа айлық жалақы.
125 000*0,4 = 50 000.
50 мың теңгенің 10%, яғни 5 мыңы – ай сайынғы зейнетақы жарнасы.
Сонда жұмыс істейтін әйел бала күтімі үшін ай сайын 45 000 теңге алып отырады.
Жүктілікке және босануға байланысты төлем
Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері былай есептеледі:
орташа айлық табысты жұмысқа қабілетсіздік күндер санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 процент зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең.
Паспорт пен жеке куәлік қымбаттайды
2020 жылдан төлқұжат пен жеке куәлік алу қымбаттайды.
• паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге;
• жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 530 теңге.
Егер азамат жеке куәлікті ауыстыруға уақытылы өтініш бермесе, онда оған 7 АЕК немесе 18 557 теңге айыппұл салынады.
Әдетте құжаттарды алу мерзімі 15 күнге дейін уақыт алады. Десе де қосымша ақы төлеп, құжаттарды жедел алуға болады.
Стипендия көтеріледі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысын 25%-ке ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл туралы Жастар жылының жабылу салтанатында мәлімдеген еді.
Осы жылдан бастап студенттердің стипендиясы былай өзгереді:
• бакалавриатта – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге дейін;
• магистратурада – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге дейін;
• докторантурада – 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге дейін.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
2020 жылдан бастап елімізде пациенттерді қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Оған себеп – Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі жатыр.
МӘМЖ аясында мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды.
1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі:
• жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-і;
• жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%-і;
• жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і;
• азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-і;
• өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і.
Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына мемлекет жарнаны қорға өзі аударады.
Кредит берілмейді
Жаңа жылдан бастап кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз кредит берілмейді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңгеге тең болады.
Бұған қоса, жұмыссыздар да кредит ала алмайды. Өйткені банктен қарыз алу үшін соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсету қажет.
Сонымен қатар, банктерге азаматтардың кредит бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен жағдайда, комиссия есептеуге тыйым салынды.
Табыс салығынан кімдер босатылады?
2020 жылдың басынан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылады. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.
Алайда бұл өзгеріс жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына қатысты емес.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске үш жылға тексеріс жүргізуге мораторий жарияланды. Бірақ бұл тексеріс мүлде жүргізілмейді деген сөз емес.
Кедендік тексеріс, кезікпе салық тексерісі, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің өтініші бойынша өз қызметіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістер қала береді.
Қазақстандықтар 2020 жылы қанша күн демалады?
2020 жылы қазақстандықтар 120 күн демалады.
Жаңа жыл мерекесіне орай қазақстандықтар төрт күн демалады – 1-4 қаңтар.
Жексенбі 5 қаңтар, дүйсенбі 6 қаңтар жұмыс күндері болып саналады.
Сейсенбі 7 қаңтарда қазақстандықтар православ христиандарының Рождество мерекесіне орай бір күн демалады.
Ал наурыз айында қазақстандықтар екі мерекені қатар атап өтеді: 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы. Осылайша, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар бұл айда қосымша 8 күн демалады: 7-9, 21-25 наурыз.
1 мамыр күні – Қазақстан халқының бірлігі күні. 2020 жылы бұл мейрам жұмаға тұспа-тұс келгендіктен, ел тұрғындары бірден үш күн демалады (1,2,3 мамыр).
Отан қорғаушы және Жеңіс күніне орай қазақстандықтар төрт күн демалады – 7-10 мамыр.
Сондай-ақ Астана күніне орай шілде айында тұрғындар үш күн тынығуға мүмкіндік алады – 4-6 шілде.
30 тамыз – Конституция күнінде де үш күн демалыс беріледі.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінде тұрғындар бір күн, Тәуелсіздік мерекесінде төрт күн (16-19 желтоқсан) жұмыс істемейді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір».
Мақала интернет материалдары
негізінде әзірленді