Basty bet
Бақша суы бас ауруға айналмасын
Басқа жақты қайдам, аудан орталығының үстіңгі шығыс бөлігінде өзім тұратын Ынтымақ пен Ақсай көшелерінің арасындағы бақшаларға биылғы көктемнің қуаңшылығы қатты әсер етіп тұр. Көктем кеш шығып, жанталаса отырғызған көшеттері бой алып, тамырлана бергенде, ағын судан қысыла бастады. Жылдағы алақұйындап келіп, төгіп кететін жауын әл-әзірге болмай тұр. Жауардай түнеріп келгенімен, жел айдап кетіп жатыр.
Бақша баптаған бағбандар бұл мезгілде үй іргелік жерін сайдан көтерілетін арықтың суымен бір-екі суғарып алатын. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, биыл оның да ауылы алыс болып тұр. Оған себеп, аудан орталығымен шектес Көлбастау ауылындағы Ақсай көшесінің бір тұрғыны кесірін мыңға тигізіп, қаншама адамның қажетіне жарап отырған арықты шарбағынан өткізбей, арнасын басқа бағытқа бұрып отыр. Бізге жеткенге дейін қыздың бұрымындай бұралаңдап, бірде сай қуалап, бірде шарбақ асып өтетін арық суын енді ескі деңгейіне көтеріп, өз арнасына қосу мұң болып тұр.
Дәл қазір судан қағылған жұрт көшеттер өліп қалмасын деп түбіне құдықтан су тасып құюмен әлек. Биліктен жуық арада қайран болмаса, оны да қашанғы құя бермек?!
Ауыл әкімі Марат Қасымбеков істі оң шешу үшін техника тауып, Ақсай көшесінен өтетін көпірдің деңгейін біршама төмендетіп берген. Алайда, ол да іске жарамай тұр. Су өз деңгейіне көтеріле алмай, көпірдің тұсынан алға қарай ағудың орнына, кері лықсуда. Терең қазылған арыққа сол маңның тұрғындары да арыз-шағымын білдіріп жатыр.
Жаңа басталған апта басында Марат Сайлауұлы шешімі ұзап бара жатқан арыққа қайта келіп, арықтың бойымен суағар науа орнату арқылы суды көтеруді ұсынды. Өзімен бірге «Арсенал» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Арман есімді азаматты ала келіпті. Тек Алла сәтін салып, бұл жоба орайымен жүзеге асатын болса, бақша суынан қиналған көптің сауабын алатыны анық.
Р.S. Былтыр ауылдағы ағын су тапшылығын еңсеру мақсатында бюджеттен орасан қаражат шығындалып, Ақсай аңғарынан канал тартылған еді. Алайда, оның шарапаты әзір ешкімге тимей тұр. Ауыл әкімдері канал суын келтіру үшін тұрғындарды көше бойындағы және бақша аралық арықтарды тазартып, мұрап сайлауы, ал олар ендігі жұмыстарына кірісіп, әр ауланың су алу кестесін жасауы тиіс еді. Бұл жұмыс әлі де жүйелі сипат алмай тұр. Бірлескен ортақ мүдделі жұмыстың болмауы осылайша көпке кесірін тигізуде. Дегенмен, бақша суы тұрғындардың бас ауруына айналмауы тиіс.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»