Бүгінде елімізде отандық ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықтан бөлек халықаралық нарыққа шығару жұмыстарын қолға алған. Яғни, “Қазақстанда жасалған” брендін ішкі нарықта алға жылжыту және сыртқы нарыққа жөнелту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – отандық тауарлардың жәрмеңкесі. Ондағы мақсат – халыққа отандық тауарларды кеңінен таныстыру.
Отандық өнім бағасы жағынан да, сапасы жағынан да бәсекеге қабілетті. Мәселен, біздің ауданнан шығатын сүт, қаймақ, ірімшіктің түр-түрі үлкен сұранысқа ие.
Сонымен бірге ауданымызда “Агроазықтүлікнанменжабдықтау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Яғни, мақсары дақылынан сұйық май шығаруда. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік шығарған өнімдерін ішкі нарықта Алматы қаласы мен сыртқы нарықта Қытай еліне сатылуда. Мақсары майының адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Холестеринсіз, әрі Е дәруменіне бай. ГМО-сыз таза жолмен сығылған май қатты аязда да қатпайды. Алайда күнбағыс майына қарағанда бағасы жоғарылау.
-2020 жылы 100 тонна саттық. Кәсіпорын тәулігіне 50-60 тонна май өндіруге арналған. Алайда оған соншалықты көлемде майлы дақыл жоқ,- дейді ЖШС директоры Жақсыбек Қасымбек. – Өткен жылы өндірген тауарларымызды негізінен Қытай еліне жібердік. Пандемия басталып, шекаралар жабылған соң, тоқтап қалды. Енді шекараның ашылғанын күтудеміз.
Жұмыстың басы-қасында көбінде серіктестіктің құрылтайшысы, яғни анамыз жүреді.
Тауарларымызды сайт, инстаграм арқылы жарнамалаудамыз. Қазіргі таңда 2,5 литрлік, 1 литрлік және 0,5 литрлік ыдыстардағы майға сұраныс көп. Соңғы кезде мақсары майын 1 литрлік шыны ыдыстарға құйып шығарудамыз. Сұраныс негізінен Алматы қаласынан көп түседі.
Мақсары майы денсаулыққа пайдалы. Алайда көп адамдар сапаға емес, бағасына мән береді.
Алағы уақытта 300-400 тонна майды экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге ғимараттағы бұрынғы диірмен мен наубайхананы заманауиландырып, іске қоссақ деген де жоспарларымыз бар,- дейді Жақсыбек.
Шыңбұлақ ауылының тумасы, Жақсыбектің әкесі марқұм Нұрлан Ортаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұмысы тұралап қалған диірменді сатып алғандағы мақсаты – туған жерден кәсіпорынның жұмысын жүргізу арқылы халыққа жұмыс орындарын ашу болатын. Бүгінде бұл азаматтың жоспарын жары Перуза Ортаева мен ұлдары жалғастыруда.
-ЖШС 2011 жылы құрылды. Ол кезде ғимараттардың тозығы жеткен. Әкем ең бірінші ғимараттардың шатырларын ауыстырып, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда ЖШС-да 14 кісі жұмыс істейді. Алдағы уақытта жоспарларымыз іске асса, одан да көп кісі жұмыс істейтін болады,- дейді Жақсыбек Нұрланұлы.
-Кәсіпорында негізінен тек науқан кезінде ғана жұмыс қызу жүреді. Алайда жұмысшыларымызды жыл он екі ай жұмыспен қамтуға тырысып келеміз. Себебі, тәжірибелі мамандарымызды жоғалтып алмауымыз керек және олардың әрқайсысының отбасы бар.
Өндіріс орнының қуаты жоғары. Бірақ шикізаттың тапшылығына байланысты кәсіпорынның қуатын толық пайдалана алмай отырмыз. Үкімет тарапынан қолдау болса, жұмысты өркендетуге әбден болады,- дейді Перуза Әлімбекқызы.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында: “Өңдеуші кәсіпорындардың отандық шикізатқа қолайлы бағамен толық қол жеткізу мәселесі де жүйелі түрде шешілуі тиіс.
Үкіметке жыл соңына дейін еліміздің өңдеуші өндіріс орындарын шикізатпен толық қамтамсыз етуге мүмкіндік беретін реттеу тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын” деген болатын. Сондықтан жуалылық кәсіпорынның да мәселесі алдағы уақытта шешіліп қалар деген үміттеміз.
“Агроазықтүлікнанменжабдықтау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2013-2014 жылдары қатарынан облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастырған “Қазақстанның үздік тауары” аймақтық көрме-конкурсына қатысып, ең озық қатысушы атанған. Ал, 2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша “Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі – 2020” конкурсында ІІ орынды жеңіп алды.
Жақсыбек Қасымбек 1992 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Тараз қаласында №5 Жамбыл атындағы орта мектепті тамамдап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің экономика-бизнес факультетіне оқуға түседі. ҚазҰУ-ды аяқтап, ТарМУ-де магистратурада білімін әрі қарай жалғастырады. Еңбек жолын алғаш білім саласынан бастайды. 2018 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.
Орайы келіп тұрған соң жігерлі, патриот жастарымыздың бірі Жақсыбекпен басқа тақырыптар бойынша да әңгіме өрбіттік.
Жақсыбек отбасында екі ағайынды. Інісі Нұрсұлтанның мамандығы – заңгер. Ол да ҚазҰУ-де білім алған. Бүгінгі таңда прокуратура саласында жұмыс істейді.
-Әкем Шыңбұлақ ауылының тумасы. Ел туралы, бауырлары туралы жақсы әңгімелерін көп айтатын. Қай істе болсын өте адал еді. Бізге көп оқуды, шет тілін үйренуді, денсаулыққа мән беруді айтып, талап ететін. Бала тәрбиесінде өзі үлгі болуға ерекше мән беретін.
Отбасына деген ықыласы, балаға деген сүйіспеншілігі де ерекше еді. Бізге әрі әке, әрі дос бола білді. Айналасындағы жандарға да қолынан келген көмегін аямайтын. Үнемі жақсы сөйлеп, жақсылықты көп ойлайтын.
Ал анамыз Перуза Әлімбекқызы тазалықты ерекше жақсы көретін, шынайылықты жаны сүйетін жан. Ешқашан ерінбейді, артық әңгімесі жоқ, не істесе де пайдасы тисе деп жасайтын ерекше кісі.
Менің арманым – еліміздің экономикасын алға сүйрейтін қозғаушы күш жастардың бірі болу. Елімізден өндіріс орындарын ашу.
Алға қойған мақсатымның бірі – қытай тілін үйрену. Көршілес мемлекетпен байланыс жасау үшін тіл білгеннің пайдасы көп. Қазір онлайн курстарға қатысып жүрмін.
Жолдасым Әйгерім ағылшынша, французша өте таза сөйлейді. Көп тіл білу – үлкен өнер. Сондықтан еліміздің жастары көп тіл білгені дұрыс.
2020 жылдан бастап “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесімін. Елінің келешегі үшін алаңдайтын әрбір азамат үшін қоғамдық жұмыстың да пайдасы зор. Бізде үлкен қалалардың жастары белсенді. Дегенмен ауыл жастарына қолдау, көбірек көңіл бөлінуі керек.
Мен Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров ағамызды үлгі тұтам. Ол кісі жастармен ой бөліскенді, оларға сенім артып, қолдау жасағанды өте жақсы көреді. Және үнемі уақытпен жүреді, берген уәдесінен айнымайды. Ол кісінің осындай қасиеттері маған қатты ұнайды.
Тағы бір толғандыратын мәселе – халықтың саны артса деймін. Ол үшін жас отбасыларға, көпбалалы отбасыларға қолдау, көмек көрсетілсе.
Қазір денсаулыққа зиян дүниелер өте көп. Мен жастарды денсаулығын күтуге шақырамын. Жастарға шыдамдылық, жігерлілік пен мақсаткерлік тілеймін,- дейді Жақсыбек Нұрланұлы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»