Basty bet

Ауыл шаруашылығы серпінді даму үстінде

Қазақстанның КСРО құрамынан бөлініп, өз алдына мемлекет болуы көптеген өзгерістерге жетеледі. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономика мен әлеуметтік өмірдің барлығында түбегейлі өзгерістер қанат жайды. Әсіресе, жаңа нарықтық қатынастар ауыл шаруашылығында түбегейлі өзгерістерді талап етті. Ауылдар бұрынғыдай дотацияға арқа сүйей алмайтын жағдайда еді.
1990 жылдардың бірінші жартысында Президенттің бастамасымен аграрлық сектордағы нарықтық қатынастардың негізін қалаған және саладағы жүйелі дағдарыстан өтуге жағдай жасаған бірнеше заңнамалық акт қабылданды. Барлық жер мемлекеттік меншік деп жарияланды, ал өмір бойы иелік етуге тек жеке қосалқы шаруашылық учаскелері ғана немесе саяжай құрылыстары ғана жатқызылды. Жер иеленушілер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жер пайдаланушылар жерді мемлекеттен жалға алды және дербес шаруашылық жүргізу құқығына ие болды.

Мемлекеттің алдында тұрған басты мәселенің бірі жерге жекеменшік институтын енгізу болды. 1991 жылы қабылданған «Жер реформасы туралы» Заң жерде шаруашылық жүргізудің әртүрлі формасына жағдай жасаса да, жартылай сипатта болды және жердің жекеменшікке берілуін реттей алмады.
Жекешелендірудің бірінші кезеңінде ауыл шаруашылығы объектілері ұжымдық кәсіпорындар болып қайта ұйымдастырылды, ал еңбек ұжымдарына заттық пайлар берілді. Кеңшарлардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың басшылары мүліктік пайдың 10 процентін алатын сызба қолданылды, олардың басқаруына бес жылға тағы соншалықты үлес берілді. Оң нәтиже берген жағдайда, одан әрі бұл үлес олардың меншігіне өтетін болды.
Жекешелендірудің екінші кезеңінде (1993–1995 жылдар) жер пайдалану құқығын сату-сатып алу институты енгізілді. Сол арқылы жалға берілген жер нарықтық айналымға енгізілді. Енді оны банктік несиеге салуға да болатын. 1994 жылы әртүрлі формадағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылық қолдау көрсету және олардың жұмысын сауықтыру мақсатында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры құрылды. Шартты жер үлестері мен мүліктік пай иелері бірігу және ортақ кәсіпорын құру құқығын пайдалана бастады.
1995 жылға қарай 1,5 мың мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорны (80 проценттен астамы) жекешелендірілді. Олардың базасында 3 мыңнан астам шағын кәсіпорын, акционерлік қоғамдар, кооперативтер, шаруа (фермерлік) шаруашылықтары құрылды. Дегенмен олардың өнімдерінің үлесі әлі де аз болатын. Қуат берушілер мен ауыл шаруашылығы өнімінің нарықтық құны арасындағы теңсіздік, өндірісшілер мен өңдеуші кәсіпорындар арасындағы байланыстың үзілуі фермерлікті дамытуды айтарлықтай қиындатты. Мемлекеттің қаржылық қолдауы қажет болатын, бірақ бүкіл мәселені ол да шеше алмайтын еді.
Терең күйзелісті бастан кешірген аграрлық өндіріс саласындағы реформалардың нәтижесінде 1995 жылы елімізде 162 мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорны жекешелендірілді. Бірақ нарықтық жағдайда көптеген ауыл тұрғындары мүліктік жарналар мен шартты жер үлестерін өтеусіз алса да, меншігіне алған шаруашылығын дұрыс жолға қоя алмады. Соның салдарынан көптеген өндірістік кооперативтер өз активтерін тиімді пайдаланып, іске жаратудың орнына қайта өңдеуші және қызмет көрсетуші ұйымдардың акцияларын арзанға сатып, көп ұзамай-ақ негізгі және айналым қаражатынан айырылып қалды.
1990-жылдардың екінші жартысында дағдарыс зардабынан әлі оңала алмаған шаруашылықтарда егін шығымы нашар болып, мал басы мен құс саны азайды. Баға теңсіздігі, баспа-бас айырбас және өнім нарығының тарылуы салдарынан ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борышы күннен-күнге өсіп, 1998 жылдың басында 120 миллиард теңгеден асып кетті.
Ауылды дағдарыстан шығару үшін мемлекет шаруасы әбден кері кеткен жүздеген ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын банкрот деп таныды. Екі жыл бойы жүргізілген банкроттау шарасы нәтижесінде оларды қордаланған қарыздарынан құтқарып, ауыл шаруашылығы активтерінің меншік иелерін ауыстырды. Банкроттауға дайындық кезінде өндірістің негізгі қаражаты жалақы үшін төленуге тиіс берешекті өтеу есебінен еңбек ұжымдарына және негізгі кредитшілерге бөліп берілді.
Еңбек ұжымдары қарыз ауыртпалығынан құтылған жаңа кәсіпорындар құруға мүмкіндік алды. Дәл осы тәсілмен елде мыңдаған шаруа қожалықтары құрылды. Әйтсе де инвесторлар аграрлық сектормен жұмыс істеуге пәлендей құлық таныта қойған жоқ. 1990-жылдардың соңында ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар үлесі 0,4 процентке кеміді. Оның үстіне сол кезде елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өнімге тапсырыс беру ісінің жолға қойылмауы жағдайды тіпті қиындатып жіберді. Нарықтық экономиканың әрі қарай дамуы жер қатынастарын қайта қарап, батыл шешімге келуді талап етті.
Қарыз ауыртпалығынан құтылған жаңа шаруашылықтарға үлкен үміт артылса да, ауыл шаруашылығы айналымында қаржы-қаражаттың болмауы – саланың дамуына қолбайлау болып, адымын аштырмады. Коммерциялық банктер кепілге қоятын өтімді мүлкі жоқ шаруа қожалықтарына несие беруден бас тартты.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген жүйелі өзгерістер Жуалы ауданында да көрініс беріп жатты. 1992 жылы аудандағы колхоз-совхоздардың барлығы агроөнеркәсіптік бірлестіктер болып қайта құрылды. Алайда, аты мен жарғысы өзгергенімен бұл шаруашылықтардың ішкі құрылымы, басқару әдістері өзгере қоймағаны көп ұзамай белгілі болды. Олар өздері өндірген өнімдерге өздері ие бола алмай, жинаған астық пен картобын облыс пен ауданға өткізіп отыратын дербестігі жоқ баяғы кеңестік шаруашылықтардың деңгейінен әрі аса алмады. Оның үстіне мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаны төмен етіп қойды да, оларға берілетін техника мен жанар-жағар майлардың, минералдық тыңайтқыштардың және басқа да материалдардың бағасын күрт өсіріп жіберді. Салық пен басқа да ондаған қорлар ауыл шаруашылығы саласын жан-жақтан қыспаққа алды.
Өткізген өнімінен жер айдауға, егін егіп, оны жинауға кеткен шығын едәуір асып түсіп отырды. Сонымен агробірлестіктер қарызға белшесінен бата берді. Ауыл еңбеккерлеріне еңбекақы төлеуге шаруашылықтардың мүмкіндігі болмай қалды. 1995 жылға қарай агробірлестіктердің жағдайы ауырлағаны соншалық мемлекет алдындағы қарыздары миллиондаған теңгеге теңесті. Бұдан кейін еңбекшілердің еңбек ақысының орнына мал беру, шөп, сабан беру өріс алды. Оның үстіне ауыл шаруашылығы науқандарына арнап қарызға алынған жанар-жағар материалдар агробірлестіктердің малын малдай, астығын астықтай жалмап жатты.
«Жер туралы» Заңға сәйкес 1996 жылы колхоз-совхоздардың құрамында еңбек ететін кісілердің жер үлестерін анықтап, оларға мемлекеттік актілер үлестіріп берілді. Өз беттерінше шаруа қожалығын құруға ниетті азаматтар жер үлестерін бөліп алып, өз әрекеттеріне көшіп жатты. Көпшілік тұрғындар әлі де ортақ үлестен үміттеніп, жер актілерін ортаға қойып, өндірістік кооперативтерге бірікті.
1997 жылы осылайша, ауданда ауыл шаруашылығын жекешелендіру толықтай аяқталып, 27 өндірістік кооператив құрылды. Дегенмен, 70 жыл бойына колхозға немесе совхозға бірігіп, ұжымдасып жұмыс істеген нені де болса көппен көріп үйренген адамдардың психологиясын бір демде өзгерте салу мүмкін емес еді. Бұрын көпшілікпен бірге жұмысқа барып, солармен бірге айлық еңбекақысын алып тұрғандар нарық талабымен бетпе-бет келгенде не істерін білмей дағдарып қалғаны анық. Үкімет бұрынғыдай колхоздың қарызын мойнына толығымен ала алмады, несие беріп көмектесуге де қауқарсыз. Солай болған соң қарызға белшесінен батқан шаруашылық та бұрынғыдай жұмысқа көп қатарлы барып келген адамдарға айлық төлей алмайтын болды. Жалақы түгілі өндірісті тоқтатпай жүргізуге де мүмкіндік болмай қалды. Жанар-жағар май, қосалқы бөлшек тапшылығы адым аштырмады. Жаңа техника алуға қаржы жоқ. Науқандық жұмыстарды тоқтатпау үшін шаруашылықтар малын сатып, жанар-жағар май мен керек-жарақ алуға мәжбүр болды. Бұл ауданда мал басының азаюына әкеп соқтырды. Міне, ауылдағы дағдарыс осылай басталды.
1997 жылы ауданда 483 шаруа қожалығы тіркелді. Олардың қарамағында 18 600 гектар жер болса, оның 5 мың гектарына дәнді дақылдар себілді. Бір бөлігіне көкөніс-бақша дақылдары, көпжылдық шөп орналасқан.
Осындай күрделі кезеңде шаруа қожалықтарының бәріне бірдей қаз тұрып кету оңайға соқпайтыны белгілі. Көпшілігі өзін-өзі ақтай алмады. Құрал-сайман, техниканың жоқтығынан егіс алқабын игере алмаған шаруалар ортақтасып тіршілік жасады. Тұқым да, техника да, жанар-жағармайлар да қымбаттап, фермерлердің бой жазуына мүмкіндік бермеді. Бұл тек біздің ауданда ғана емес, бүкіл елімізде қалыптасқан ахуал еді.
Мемлекет 1998 жылдан бастап кәсіпкерлер мен шаруаларға несие беру арқылы қолдау көрсете бастады. Ауданда осы мақсатта алғаш рет 14 миллион теңге несие таратылды. Аудан әкімдігі тарапынан көктемгі егіс науқанын өткізу үшін 7,3 миллион теңге, 130 тонна жанармай бөлінді.
Бүгінгі ауылдарды он жыл бұрынғымен, тіптен бес жыл, кешегімен салыстыруға келмейді. Өзгеріс көп. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығын ел болып еңсере білген ауыл жұртының дені ендігі тұрмысын түзеп алып, жасампаз тірлікке жаппай ұмтылуда. 200-2005 жылдардың Ауыл жылдары болып жариялануы да ауылға оң әсерін тигізді. «Заманына қарай заңы» дегендей, соңғы жылдары нарықтық ортаға дендей енумен ауылдықтардың қам-қарекеті, қарым-қатынастарды бірқатар сапалық өзгерістерге ұшырады. Олардың арасынан санаулы жылдардың ішінде ретін тауып, шаруасын дөңгеленткен ауқаттылар шықты. Жалпы, аудан жұрты шаруаның жайын да, егіншіліктің де қыр-сырын жете меңгеріп, мыңғыртып мал өргізіп отырған жайы бар. Алдының бірнеше мың бас қойы, 50-100 қаралы ірі қарасы бар. Диқан қауым егіс алқаптарынан жыл сайын тұрақты өнімге қол жеткізіп келеді.
Жалпы ауыл шаруашылығы бүгінде ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың біріне айналып келеді. Мемлекеттің ауылға баса көңіл бөлуінің арқасында соңғы жылдары аграрлық сала дамып келеді. Шаруаларға арзандатылған несие, өткізген өнім көлеміне қарай субсидиялар, лизингке техникалар берілуде. Мұның барлығы шаруалардың аяғынан нық тұрып кетуіне үлкен сеп болып отыр.
Бүгінгі таңда ауданның ауыл шаруашылығы саласында үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бір өндірістік кооператив, 14 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 2540 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың ішінде несие алып, жұмысын жоспарлы түрде жүргізіп, шаруасын жолға қойғандары да бар.
Мемлекет біраз жылдан бері егілген ауыл шаруашылығы дақылдарың кей түрлеріне субсидия беріп келеді. Тұқым шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша шаруаларға 178,8 млн теңге, соның ішінде көшеттер алуға 2,7 млн. теңге, күздік бидай тұқымына 6,3 млн теңге, жүгері дақылына 6,5 млн теңге, картоп тұқымына 163,0 млн теңге, жоңышқа тұқымына 0,158 млн теңге, қант қызылшасына 0,170 млн теңге субсидия төленді.
Мал шаруашылығына барлығы 478,7 млн. теңге, соның ішінде МІҚ селекциясына 84,7 млн теңге, қой малы селекциясына 114,0 млн теңге, бұқашықтарды бордақылауға 50,3 млн теңге, сүт өніміне 228,6 млн теңге, қозы етін өткізгендерге 1,1 млн теңге субсидия берілді. Барлық алынған субсидия көлемі 657,5 млн теңге.
Ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа техника паркінсіз ойдағыдай атқару мүмкін емес. Ауданның агроқұрылымдары мен шаруашылықтарда бүгінгі күнге 625 трактор, 177 комбайн, 769 тіркеме тіркелген. Барлығы 1571 дана. Тек өткен жылы ғана шаруашылықтар 816,9 млн. теңгеге 180 ауыл шаруашылығы техникасын алды. Соның ішінде 51 жаңа «МТЗ» тракторы, 1 дана тиегіш, 126 дана ауыл шаруашылығы тіркемелері және екі комбайн сатып алынды.
Аудан шаруашылықтарына қажетті 5040 тонна жаздық арпа және 415 тонна мақсары дақылдарының тұқымдары толығымен шаруалардың тұқым қоймаларында сақталуға қойылған. Аудан шаруашылықтарын жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз ету үшін “Сансызбай” шаруа қожалығы тұқым шаруашылығы қатарына өтіп, 2021 жылы бірінші репродукциялы мақсары және арпа дақылдарын сататын болады.
Мал шаруашылығын дамыту бағытында мемлекет ұсынған бағдарламалар мал өсірушілер тарапынан айтарлықтай қолдау табуда. Соңғы жылдары «Сыбаға» бағдарламасы аясында мал басын арттыруға ниет білдірушілер қатары артып отыр. Бүгінгі күнге Б.Момышұлы ауылындағы «Таңшығыс» ШҚ 32 млн. тенгеге 27 бас, Көкбастау ауылдық округіндегі «Ержан» ШҚ 35 млн теңгеге Павлодар облысынан 70 бас асыл тұқымды «Симменталь» және Ақсай ауылдық округіндегі «Сейітбек» ШҚ 15 млн теңгеге 25 бас, Қарасаз ауылдық округіндегі «Ескендір» ШҚ 20 млн. теңгеге 72 бас, барлығы 194 бас МІҚ малын сатып алынды. Бес шаруашылық 2205 бас қой малын сатып алды, жалпы құны 104,0 млн. тенге.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан Көкбастау ауылдық округі «Боранды» ш/қ қой малын алуға 10,0 млн теңгеге 250 бас, Б.Момышұлы ауылында 25,0 млн теңгеге «Таңшығыс» ШҚ 500 бас, Билікөл ауылдық округіндегі «Қалдыбай» ШҚ 5,0 млн теңгеге 100 бас, Қошқарата ауылдық округіндегі «Мұрат» ШҚ 25 млн теңгеге 615 бас, Боралдай ауылдық округіндегі «Жалғас» ШҚ 9,6 млн теңгеге 240 бас қой алынды. «Әділет» ШҚ «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ-нан 30 млн. теңгеге500 бас қой малын алды.
Жуалының бір кезде даңқын аспандатқан картоп дақылын өсіру қайта жолға қойылып отыр. Осы мақсатта картоп алқаптары жыл сайын арттырылып келеді. Өткен жылы ол 2 560 гектарға жеткізілді, орташа өнімділігі 242 ц/га, түсімі 61 952 тоннаны құрап отыр. Шаруаларда картоп өсіруге қажетті техника жеткілікті.
Ауданда картоп және жеміс-көкөніс сақтайтын сыйымдылығы 9000 тоннаны құрайтын тоғыз қойма жұмыс істейтін болса, оның ішінде мұздатқыштармен жабдықталғаны екеу. Сыйымдылығы 4750 тонналық алты қойма шаруалардың өндірген өнімдерін сақтауға қызмет көрсетуде.
Бүгінгі күнге қоймаларда 2 800 тонна ауыл шаруашылығы өнімі сақталуда. Соның ішінде 2 210 тонна тұқымдық картоп, 600 тонна азықтық картоп және 80 тонна алма өнімі. Сақталатын картоп өнімдері шаруалар тарапынан ішкі рыноктарға және барлық ұйымдастырылған жәрмеңкелерде базардан төмен бағамен сатылуда.
Қорыта айтқанда, аудан шаруашылықтарының бүгінгі беталысы жаман емес. Бірі диқандыққа бет бұрса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіру бағытын таңдап отыр. Мұның бәрі техниканың жаңаруымен, Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында қол жеткізген табыстар.
Сондай-ақ бүгінгі күні жұрт тарапынан айтылып жүрген жол машақаты, ауызсу, ағын су тапшылығы таяу жылдары өткір мәселе болудан қалады. Өңірдегі ауыл жолдарын, әлеуметтік-мәдени ошақтарды салу және жөндеу, ауызсу және газ құбырларын жаңғырту шаралары соңғы жылдары республика деңгейінде қабылданған бағдарламалар аясында кешенді түрде қолға алынуда. Соның нәтижесінде сапалы жолдар салынған, ауызсу және газ құбырымен қамтылған елдімекендер үлесі артып келеді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close