Basty bet
ҚАЙРАН, ЖАҢАБЕК АҒА!
Киелі өлке, жер жанаты Жуалыдан – Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов, Шерхан Мұртаза сияқты талант иелері шықпауы мүмкін емес еді.
Біз қазақтың көрнекті қаламгерлері атанған ардақты ағаларымыздың есімін бала кезден біліп өстік, керемет шығармаларын таласа-тармаса оқыдық, бүкіл қазақ мойындаған, атақтарынан ат үркетін жерлестерімізге еліктедік, солар сияқты жазушы-журналист болсақ екен деп армандадық. Арманның жүйрік тұлпарына мініп, Алматыға аттанған талапты жастардың бірі – Жаңабек Тоқпанов ағамыз болатын.
1970 жылдардың басында сол кездегі Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистер даярлайтын бөлімін бітірген соң, Жақаң Қазақ теледидарының Жастар Бас редакциясына редактор болып қызметке орналасып, өзін ізденгіш, болашағынан көп үміт күттіретін журналист екендігін көрсете білді. Кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде болып, әр салада еңбек етіп, жалындаған істерімен ерекшеленген замандастары туралы көптеген хабарлар жасап, шығармашылық ізденісі әрдайым жоғары бағаланып жүрді.
Қаламы жүйрік, ұйымдастырушылық қабілеті мол жас журналист арада төрт жыл өткенде өзі еңбек ететін, сол жылдары «Құрдастар» деп аталатын жастар редакциясына Бас редактор болып тағайындалды. Үлкен шығармашылық бірлестіктің жетекшісі болғанына қарамастан, уақыт тауып, республиканың әр саласында еңбек етіп жүрген комсомол-жастардың, студенттердің тыныс-тіршілігі, ізденісі, жасампаз еңбектері, өзекті мәселелері жөнінде көптеген хабарлар даярлады. Ізденісі, қаламгерлік еңбегі зая кеткен жоқ. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанды.
Білікті журналист Жаңабек Тоқпанов әр жылдары Қазақ теледидарындағы «Қазақстан» ақпараттық Бас редакциясында, Ауылшаруашылығы Бас редакциясында бөлім меңгерушісі, Бас редактор болып абыройлы еңбек етті. Алматыға ат басын бұрғанда, ағама арнайы кіріп сәлем бергенде, елдің, ауылдың жағдайын сұрап, бір қуанып қалатын.
Әлі есімде, 1984 жылдың тамыз айының орта шені болатын. Ол кезде мен Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің өнеркәсіп және транспорт бөлімінде аға тілші болып қызмет атқаратынмын. Күнделікті шаруамен кезекті нөмірге баратын мақаланы даярлап отырғанмын. Біраздан бері үнсіз тұрған телефон шырылдап, тұтқаны асығыс көтере бердім. Хабарласып жатқан – Жаңабек Тоқпанов ағам болып шықты. Амандасып, қал-жағдай сұрасқан соң, өзінің облысқа жолсапармен келгенін, «Жамбыл» қонақ үйіне орналасқанын айтып, жұмыстан соң менің келіп-кетуімді өтінді.
Құрмет тұтатын жанды көптен бері көрмегендіктен, таяқтастам жердегі қонақ үйге жеткенше асықтым. Жақаң әдеттегідей жылы ұшырай қарсы алды. Әріптес әрі жерлес ағамды екі жылдай кездестірмеген едім, сәл толысыпты, аққұба жүзі шырайланып, үлкен қой көздерінен мейірім шуағы төгіліп тұр. Екеуміз өткен-кеткенді әңгіме етіп, қонақ үйдің бірінші қабатындағы дәмханада біраз отырдық.
– Доқтырхан, – деді Жақаң қайтарда – Республикалық «Лениншіл жас» газетіне Қаратау – Жамбыл аймақтық химия өнеркәсібі жөнінде, оның күрделі проблемасы туралы мақалаларың жиі-жиі жарияланып жүр. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған әзіл-сықақ әңгімелерің де көңіл қуантады. Біраз жылдар аудандық, облыстық басылымдарда қызмет атқарып өмір көрдің, тәжірибе жинадың. Дегенмен, Алматының жөні бөлек, өрісі де кең, астанаға қызметке ауысу алдағы жоспарыңда жоқ па? – деп мен күтпеген сауал қойды.
– Алматыға бару – қолына қалам ұстап жүрген әрбір журналистің үлкен арманы ғой, – дедім күмілжіп. – Бірақ, ондай күн қайда?
– Арман – орындау үшін жасалған, – деді Жақаң маған күле қарап. – Келем десең, қол ұшын беруге дайынмын.
Мен көп ұзамай-ақ, Қазақ теледидарының «Қазақстан» ақпараттық Бас редакциясына редактор болып қызметке ауысып, алматылық болып шыға келдім. Бір жылдан соң тұз-дәм айдап, Жақаңмен Алматы теледидарында бірге қызмет атқардық. Ол кісі телеарнаның директоры, ал мен бас редактор болып, шығармашылық ұжымның заман талабына лайықты болуына үлес қосқан жайымыз бар.
Өмірімде талай-талай ақкөңіл, адам баласына сенгіш жандарды көрдім. Бірақ Жақаңдай аузын ашса көмекейі көрінетін, жандүниесі жас баладай таза, мөлдір жанды аз кездестірдім. Кейде директордың ақкөңілділігі мен сенгіштігін кейбіреулер пайдаланғысы келеді.
– Жақа, малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде деген, анау жылтыңдаған біреуден абайлаңызшы, сізді ұятқа қалдырып жүрмесін, – деп кейде шыр-пыр боламын.
Өзі адал болған соң, елдің бәрін өзіндей санайды, сөзіме онша мән бермей жүре тыңдайды. Бірде кәдімгідей сенім артып жүрген әлгі редактор Жақаңды үлкен ұятқа қалдырды. Сол күні директор кабинетіне шақырып, екеуміз әңгімелесіп отырдық.
– Доқтырхан, – дейді Жақаң басын шайқап, – кейде сенің көріпкелдігің бар осы. Кеше ғана бәрімізді ұятқа қалдырған қызметкер жөнінде маған бірнеше рет ескертуін ескерттің, бірақ сөзіңе құлақ аспадым.
Жұмыс болған соң, пікір таластырып ренжісіп қалатын жағдайлар да болады. Кейде Жаңабек ағамның Жуалының ақ бораны сияқты бұрқылдайтыны да бар. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» демекші, 1 сағаттан соң кабинетіне кірсең, ештеңе болмағандай, көктемнің мамыр айындай жадырап отырады. Артығырақ кетіп қалса, екі-үш сағаттан соң үлкен басымен өзі келіп кешірім сұрайды.
– Інім, – дейі үлкен көздері жыпылықтап – лездеме кезінде байқамай қаттырақ айтып қойыппын, айыпқа бұйырма, ағаңның ағаттығын кешіре гөр! Бауыржан Момышұлы көкеңнің «Бей своих, чтоб чужие боялись» деген сөзі бар емес пе? Басқаларға сабақ болсын деп сенің екі аяғыңды бір етікке тығатыным сондықтан. Осыны есіңнен шығарма. Мен ұрыса бастағанымда үндемей отыра берсеңші, үндемеген үйдей бәледен құтылады. Сенде де, менде де қулық жоқ, арыстанша айбаттанып шыға келеміз. Арамызда бір-екі ебекең бар емес пе, солардан көп нәрсе үйренуге болады.
Қаламы қарымды журналист, теледидар саласының үлкен ұйымдастырушысы Жаңабек Тоқпановпен үш жылға жуық бірге қызмет атқардым. Шығармашылық ұжым өте ұйымшыл болып, үлкен ізденіспен еңбек еттік. Ұлты басқа болса да, Бас директорымыз, Президент сыйлығының лауреаты Светлана Ивановна Татенко әділ, тамаша жан болатын. Қазақтың салт-дәстүрін ерекше сыйлады. Сол кісінің бастамасымен теледидарда қазақ тілін оқыту қолға алынды. Қолынан келсе, қарамағындағы қазақтарға жақсы жағдай жасауға айырықша көңіл бөлетін. Светлана Ивановнаның қамқорлығының арқасында үш қазақ қызметкері пәтерлі болып, үлкен қуанышқа бөлендік.
Мына жалған дүниеге ақ көйлекпен келіп, ақ көйлекпен кеткен талантты ақын, менің туған ағам Бектұрсын Тұрлыбекұлы мен Жаңабек Тоқпанов араларынан қыл өтпейтін достар болатын. Небәрі 55 жыл ғана ғұмыр кешкен бауырым дүниеден өткенде Жақаң қатты қайғырып, көзіне жас алып еді.
1993 жылы «Қазақ» теледидарына Бас директордың бірінші орынбасарлығына қызмеке шақырылғанымда, Жаңабек ағам өзі қызметке жоғарылағандай қатты қуанды. «Алматы» теледидары кейінірек «Рахат» телекомпаниясына айналып, қазақ тілді хабарлардың директоры Жаңабек Тоқпанов құрметті еңбек демалысына шықты.
Ақ жүректі азамат, белгілі тележурналист, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты Жаңабек Тоқпанов ойламаған жерден қаза болып, мәңгілік дүниеге асығып кете барды…
Жақаң аз өмір сүрсе де, соңында көптеген рухани байлық тастап кетті. Ол жасаған құндылығы мен тәрбиелік маңызы зор телевизиялық хабарлар «Қазақ» теледидарының және «Рахат» телекомпаниясының алтын қорында сақтаулы.
Иә, тау алыстаған сайын биіктей түспей ме! Үлкен адамгершілік пен шығармашылықтың тізгінін қатар ұстаған Жақаң, Жаңабек Тоқпанов жаны ізгілікке, жақсылыққа толы тамаша жан еді. Ол кісінің ортамызда жоқтығы жыл өткен сайын опырайып көрініп тұрады. Осындайда Жақаңды қатты сағынамыз.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.
Алматы қаласы