Basty bet

Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

Әлемнің әміршісі – еңбек. Еңбексіз тапқан мал мен дүниеде ешқандай береке болмайды. Бұл туралы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деген сөзі бар. Ел ішінде еңбекпен есейген, сол арқылы тұрмыстарын да түзеген отбасылар жетіп-артылады. Осы орайда Шақпақата ауылында орналасқан «Жібек жолы» шаруа қожалығының ісі өнімді, тірлігі сан-салалы.
1999 жылы ауданға белгілі азамат Орынбасар Нұралының басшылығымен құрылған шаруашылық ақ егіспен айналысып келеді. Алғашқыда шаруашылықтың 700 гектар егістік жері, жайылым жер көлемі де әжептеуір болатын. Қазір шаруашылық барлығы 150 гектар жерді тиімді игеріп отыр.
-Уақтысында аудан орталығындағы автобазада инженер, одан кейін отын қоймасында қойма меңгеруші болып жұмыс істедім. Кейіннен Кеңес Одағы тарағанннан соң өз алдымызға шаруа қожалығын ашып, жұмыс жасап жатырмыз. Алғашқыда жер көлемі де көп болды. Кейіннен қожалық құрамындағы кісілер өз жер үлестерін бөліп алып, өз алдарына жеке қожалық құрды. Жерді игеру де оңай жұмыс емес. Оның үстіне бірер жыл бұрын Шақпақата ауылынан Тараз қаласына қоныс аудардық. Қазір зейнет демалысындамын. Шаруашылықтың жұмыстарын кенже ұлым Бекжан мен келінім Жаннаға тапсырдым. Қазір олар жақсы жұмыс жасап жатыр. Отбасымызбен ақылдаса келе, шаруашылық жұмысымен қатар аудан орталығынан дәмхана аштық. Дәмхананың аты да «Жібек жолы» деп аталады. Өткен жылы ашылған дәмхананың жұмысы жақсы. Бір жүйеге түсіп, клиенттердің көңілінен шығу үшін жұмыс жасап жатыр,- дейді шаруашылық басшысы Орынбасар Ақшалұлы.
Дәмхананың жұмысымен кеңінен танысу мақсатында «Жібек жолына» арнайы бардық. Мұндағы жұмыстың барысы туралы дәмхана әкімшісі Жанна Қаңлыбаева айтып берді.
-Шаруа қожалықтың атымен аталатын дәмхана 2019 жылдың шілде айында ашылды. Алдымен ғимараттың құрылысын жүргіздік. Содан көп ойланып, толғанып дәмхана ашуға бел будық. Ашылу салтанатын жасап, құдайы тамақ тараттық. Алғашқыда сәл қиындықтар болғаны рас. Көп уақыт өтпей клиенттер келе бастады. Қазір жұмысымыз бір жүйемен жүріп жатыр. Клиенттер де тұрақты келуде. Мұнда ең бастысы, тамақ дәмді болу керек. Дәмхананың ас мәзірінде бірінші тамаққа алты түрлі тағам кіреді. Екінші тамақтың 13 түрі бар. Қуырдақ жылқының етінен дайындалады. Одан бөлек, өзбек палауы, манты, ұйғыр лағманы, тағы басқа тамақ түрлері келушілерге ұсынылады. Клиенттердің тапсырысына сәйкес, басқа да тамақтарды дәмді етіп дайындауға тырысамыз.
Дәмхананың бас аспазы Үміт деген өзбек азаматы. Ол кісі дәмхана ашылғаннан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатыр. Екінші аспазымыз – Гүлнар Мұқанова. Ол кісі де тамақтарды дәмді етіп дайындайды. Бас аспаз кәуаптың үш түрін пісіреді. Атап айтқанда, кәуаптар қой, тауық етінен және фарштан жасалады. Палауымызға да сұраныс жоғары. Клиенттерге даяшы Әсем Көшербаева қызмет көрсетеді,- дейді Жанна Талғатқызы.
Дәмхананың жұмысын Орынбасар ағаның кенже ұлы Бекжан мен келіні Жанна екеуі бірлесіп атқарады. Жұмысшыларға басшылық жасайды. Басқа да шаруаларды, мәселелерді екеуі ақылдасып отырып шешеді.
– Менің негізгі мамандығым – экономист. Мамандығым бойынша Алматы қаласында біраз жыл жұмыс істедім. Тұрмысқа шыққан соң отбасымызбен біраз жыл Алматыда тұрдық. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. 2013 жылы ауылға көшіп келдік. Содан шаруашылықтың жұмысын жүргізіп келеміз. Дәмхана шаруашылықтың құрамында. Алға қойған жоспарларымыз көп. Жұмысымыз өз жемісін берсе дәмхананы кеңейту де ойымызда бар. Жеке кабиналарды жабдықтасақ дейміз. Әзірше төрт адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жалақылары уақтылы төленеді. Жұмыстан соң қызметкерлерді көлікпен үйлеріне жеткізіп саламыз. Наурыз мерекесіне орай дәмханада наурызкөже таратуды жоспарлап отырмыз,- дейді дәмхана әкімшісі.
Бір байқағанымыз, мұнда тамақ пен қызметтің сапасына, сонымен қатар, дәмхананың тазалығына көп мән беріледі екен. Бәсекелестік болған жерде қызмет сапасының артатыны белгілі. Дәмхана толықтай орталықтандырылған ауыз су және кәріз жүйесіне қосылған. Клиенттердің көліктеріне де тұрһақ жеткілікті. Ең бастысы, дәмхана маңы тыныш. Қорыта айтқанда, Нұралиевтер жанұясы шаруашылықты, отбасылық кәсіпті дамытып, сол арқылы ауданда дәмхана бизнесінің дамуына, ауданның да өркендеуіне өз үлестерін қосып отыр деуге толық негіз бар.

Таңдаулы материалдар

Close