Basty bet
Ұлы ойшылға тағзым – ұрпақ міндеті
Биылғы жылы еліміздегі елеулі оқиғалардың бірі ретінде ұлы даланың кемеңгері, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», деп ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалардың жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашатындығына үлкен сенім білдірді.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылымның әр саласын меңгерген ғалым болғаны тарихтан белгілі. Орта ғасырлық тарихшы, әдебиет майталманы, шежіреші ғалым Ибн Халликан «Ол аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ» деп баға берген екен. Әбу Насыр әл-Фараби өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымы мен философиясы, әсіресе, Аристотельдің еңбектерін ден қойып оқыған.
Әбу Насыр әл-Фараби қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл философ, математик, астролог, музыка теоретигі. Ол әскербасының отбасында дүниеге келген. Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мысыр, Халеб, Бағдад шаһарларында білім алған. Оның заманы Жібек жолы бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезеңіне тұспа-тұс келді. Ғалым Орта Азия, Парсы, Ирак, Араб елдерінің бірқатар қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейеді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша ол 70-ке жуық тіл білген.
Ол ғылымның философия, логика сияқты салаларының іргетасын қалаған. Әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізіп, математика саласында жаңалықтар ашқаны, астрономия саласында да трактаттар жазып, физика ғылымын тың ойлармен байытқанын білеміз.
Жаратылыстану ғылымының көптеген салаларында Әбу Насыр әл-Фарабидің күні бүгінге дейін маңызын жоймаған еңбектері бар. Метафизика, тіл білімі, логика, география, этика сияқты ғылым салаларын қамтитын еңбектерінің ұзын саны жүзден асады. Сонымен қатар, педагогика мен психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған гуманист ғалым. Әбу Насыр – халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білімі мен парасатты ойын терең бағалаған ұлы ойшыл.
Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің тіл біліміне қатысты көзқарасы оның «Ғылымдар классификациясы» атты трактатында баяндалған. Ұлы ойшыл жерлесіміз аталмыш еңбегін адамзаттың бәріне ортақ қасиет – тілден бастаған.
Ғалым Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сынды көптеген философиялық еңбектер жазды. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндайды. Ал, «Риторика», «Поэзия өнері туралы», «Бақытқа жол сілтеу туралы» трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық туралы білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді.
Фараби жасаған қорытындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық – үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді.
Өзінің барлық саналы ғұмырын ислам діні мен ғылымды бір-бірінен айырмай, егіз өргізуге арнаған ұлы бабамыз хижра жыл санауының 339 жылы ережеп айында Шам шаһарында (Дамаск) қайтыс болады. Оны сол елдің әміршісі Сайф ад-Даула өз қолымен жерлеген. Ұлы ғалымның мүрдесі Сириядағы Баб әс-Сағир зиратында жатыр.
Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі ХХ ғасырдың 60-жылдарында ғана қолға алына бастады. Оған алғаш бастамашы болған қазақ ғалымы Ақжан Машанов болатын. Ә.Н. әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда халықаралық конференция өткізілді. Бұл күндері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылым академиясының Философия институтында шығыс философиясы және фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ғұламаның қазірге дейін қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми түсініктемелері мен алғысөздері жазылған, 20-дан астам трактаттары жарыққа шығарылды.
«Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» демекші, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың ғылым жолына сүбелі үлес қосқаны белгілі. Осы орайда, ұлы ойшыл әлемді шарлап, ғылым мен білімнің құпия сырларын жетік меңгеріп, ұрпаққа өшпес өнеге, өлмес мұра, ең құнды асыл қазына қалдырды. Оның аманат етіп қалдырған шығармаларын келешек ұрпаққа жеткізіп, насихаттау біздің еншімізге тиіп отыр.