Basty bet

Шойын жолда шыңдалған

қатардағы жұмысшыдан станция бастығы боп көтерілген еңбекқор азамат

Біз тұратын Жуалы ауданының орталығын «Түркісіб» теміржолы кесіп өтетіні белгілі. Шойын жолдың бойындағы қайнаған тіршілік бір ғасырдан бері толастаған емес. Батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа қантамырдай таралып жатқан теміржолдағы қозғалыс бір сәт те саябырсымайды. Сәт сайын, сағат сайын гудок беріп ары-бері өтетін пойыздардың жаңғырығы – бұл ел экономикасының өркендеуіне қосылып жатқан үлес екені даусыз.

Біз мұны неге айтып отырмыз? Шойын жолдың бойында шыңдалып өскен азаматтардың бірі – Махмұт Сәрсенбаев. Бұлай деуімізге кейіпкеріміздің теміржол саласына сіңірген еңбегі түрткі болып отыр.
Асыл армандар мен асқақ мақсаттардың бәрі туған ауылдан басталатыны сияқты, біздің кейіпкерімізге де туған жерінің топырағы қайтпас қайсарлық берген. Махмұт Әжікелдіұлы 1970 жылы Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстанның Қоңырат қаласында дүние есігін ашқан. Еңбек майданының майталмандары Әжікелді мен Дәметкеннің құтты шаңырағында өмірге келген тұңғыш ұл Махмұттан кейін де өмірге екі ұл, бір қыз келген болатын.
Махмұттың әкесі Әжікелді Сәрсенбайұлының негізгі мамандығы дәрігер болған. Жұмыс бабымен одақ тұсында Мәскеу қаласында, тағы басқа қалаларда қызметте болған екен. Тағдырдың жазуымен білікті дәрігер дүниеден ерте озады. Отанасы Дәметкен апай үйелмелі-сүйелмелі балаларды жеткізудің қамымен әртүрлі жұмыстар істепті. Әкенің мезгілсіз дүние салуы әсіресе отбасының тұңғышы Махмұттың қабырғасына қатты батты. Ол Қоңырат қаласындағы А.Пушкин атындағы мектепті жақсы үлгеріммен бітірген соң, екі жыл әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтейді. Әскерден кейін Ташкент қаласындағы оқу орындарының бірінен машинист мамандығын алады.
Біреу білсе, енді біреуі білмес? Қызылорда өңіріндегі Арал теңізінің тартылуы салдарынан сол маңда тұратын тұрғындар оңтүстік өңірлерге көшірілгені белгілі. Бұл үрдіс 1980-ші жылдардың басында басталды. Қарақалпақстандағы Қоңырат қаласы да Арал теңізіне жақын орналасқан. Осы себептен экологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Сәрсенбаевтар отбасы еліміздің күншығысын бетке алып, Жамбыл облысының Жуалы ауданына біржолата көшіп келуді ұйғарады.
-Онда әкем қайтыс болғанымен, атам Сәрсенбайдың көзі тірі болатын. Ол кісі алғашқыда Ақтөбе өңіріне көшуге кеңес берді. Алайда дәм-тұзымыз Жуалы жерінен бұйырған екен. Әлі есімде, 1993 жылы мамыр айының басында пойызбен келіп, Жуалы ауданының орталығындағы станциядан түстім. Жалғызбын. Қолымда жол сөмкемнен басқа ештеңе жоқ. Осында аз уақыт аялдап, ары қарай Тараз қаласына жол тартым. Сондағы «ПМС-57» мекемесінде машинист болып төрт жыл жұмыс істедім. 1994 жылы қараша айында Гүлбахар Әбдірейімова екеуміз шаңырақ көтеріп, өмірдің көшіне ілесіп, еңбекке қосылып кеткен жайымыз бар,- дейді Махмұт аға.
Жасынан оқу мен еңбекті қатар алып келе жатқан ол қиындығы мол теміржолда жұмыс істей жүріп Тараз теміржол колледжін, Алматы қаласындағы Д.Қонаев атындағы университетті «теміржолда жүк тасымалын ұйымдастыру» факультетін сырттай оқып бітіріп алады. Тәжірибенің аты – тәжірибе. Жас маман Махмұт Таразға жұмысқа келмей тұрып, Өзбекстан жерінде, сонымен қатар, Бейнеу, Үстірт жерлерінде машинист боп жұмыс істеген. Алайда өзінің айтуынша, кранның жұмысы өте қиын әрі бір жерде тұрақтамайсың. Басшылық қайда жіберсе, сонда жұмысқа кетесің.
«ПМС-57» мекемесінде машинист болып жұмыс істеп, осы салада біршама тәжірибе жинақтаған Махмұт Сәрсенбаев 1997 жылы Жуалы ауданындағы «Бурное» станциясына жұмысқа ауысып, осында станция кезекшісі қызметінде табаны күректей 14 жыл жұмыс істейді. Содан 2011 жылы «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесіне» қарасты «Боранды» бекетінің бастығы болып тағайындалды. Жалпы теміржолда жұмыс істейтін адамға өз мамандығын сүю аздық етеді. Теміржол саласының мамандарына темірдей төзім мен шыдамдылық сияқты қасиеттер серік болуы қажет. Өзіңіз есептей беріңіз, тәулігінен бекет арқылы 50-60 жүк пойызы, одан бөлек, кестеге сәйкес бірнеше жолаушылар пойызы өтеді. Көлік қозғалысы бар жерде қауіп-қатердің де қоса жүретіні белгілі. Әсіресе, теміржолда…
Әйткенмен, теміржолда бірінші кезекте жолаушылдардың қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Біздің қазақ халқы тойшыл, қонақшыл халық. Осы себептен де Қазақстанның оңтүстігінен солтүстікке, батыстан-шығысқа ағылып жатқан жолаушылардың қарасы қашанда қалың. Олар негізінен қатынас үшін пойызды таңдайды. Бұл – қауіпсіз, әрі десе қызметі де қолжетімді. Міне, теміржолда жұмыс істейтін мамандар шойын жолдың ақауын дер кезінде анықтап, оны қалпына келтіруден бастап, пойыздардың өз жолымен дұрыс бағытта жүруін түзіп, сол арқылы жолсапарға шыққан жолаушылардың да алаңсыз болуына барынша жағдай жасайды.
Теміржол – қателікті кешірмейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бір ғана «Боранды» бекетінің өзінде энергетик, вагоншы, жолшы, электромеханик, билет кассасының қызметі, диспетчер мамандарын қосқанда мұнда барлығы 62 адам жұмыс істейді. Станция бастығы М.Сәрсенбаевтың айтуынша, мамандар бес топқа бөлінген. Әр топтың өз алдына аға мамандары бар. Оларға да басшылық жасау оңай шаруа емес. Ол үшін күнделікті таңертеңгі уақытта жұмыс жоспары түзіліп, әр топқа тапсырмалар беріліп, оның орындалуы жіті қадағаланып отырады. Одан бөлек, жұмысшылардың да қауіпсіздігі өз алдына қадағаланады. Жұмыс барысында жазатайым оқиғалардың орын алмауы басшылық тарапынан қатаң ескертіліп отырады екен.
-Менің түсінігімде, теміржол қатынасы ел экономикасының негізгі күретамыры іспетті. Олай дейтінім, шойын жолмен күнделікті бірнеше бағытта жүк тасымалданады. Аудандағы мекемелердің көмірі, техникалар, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы тауарлары дейсіз бе, бәрі осы шойын жол арқылы тасымалданады. Ауданнан шығарылатын тауарларды да ел ішінде және алыс-жақын шетелдерге тасымалдауға мүмкіндік мол. Мысалы, бір ғана Жуалы ауданының өзінен «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әр ай сайын 20 вагон дайын сүт өнімдерін Қазақстанның әр қиырына, сонымен қатар, Ресей Федерациясының аумағына жөнелтеді. Одан бөлек, мақсары майын өндіретін «АгроАзықтүлікнанменжабдықтау» серіктестігі Қытайға мақсары майы мен мақсары дақылын осы теміржол арқылы жөнелтеді.
Теміржолдағы күнделікті жұмыс сырт көзге тыныш көрінгенімен мұнда қарбалас сәттер өте көп болады. Әсіресе, қыста, боранды күндері станция қызметкерлерінің жұмысы қыза түседі. Жуалының қарлы бораны жұртшылықты әп-сәтте-ақ әбігерге салатынын жергілікті халық жақсы білсе керек. Қарлы боранның салдарынан үлкен күре жолдың бойында қалып кеткен жолаушылар жергілікті әкімшіліктің ұйымдастыруымен теміржол бекетіне жеткізіліп, олар пойызбен межелі жерлеріне тегін жеткізіледі. Кейде күннің суық болуынан шойын жол бойындағы бағыттағыштар да істен шығып жатады. Міне, станция қызметкерлері кез келген ауа райы жағдайында уақытпен санаспай жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, теміржолшылардың өмірі қауіп пен қатерге толы,- дейді Махмұт аға.
«Еңбегіне қарай – құрметі» деген бар. Махмұт Сәрсенбаев күнделікті жұмыспен қатар «Қазақстан темір жолы» АҚ ұйымдастырған әртүрлі деңгейдегі конкурстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Оған «Үздік станция бастығы», «Ең үздік маман» байқауларында еншілеген Дипломдары мен Грамоталары дәлел. Бірқатар мерекелік, мерейтойлық медальдармен де марапатталған.
«Отан отбасынан басталады» десек, Махмұт Әжікелдіұлы жұмыста басшы болғанымен отбасында асыл жар, ұл-қыздарына қамқор әке. Ағайын-туыс, дос-жарандармен де араластығы-сыйластығы жақсы. Ол Гүлбаһар Әбдірейімова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. «Арпа ішінде бір бидайдай» болып өскен қыздары Хатима Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жалпы медицина факультетінің 7-курсында оқиды. Ал ұлдың үлкені Нұрсұлтан Алматыдағы Д.Қонаев атындағы университетті «теміржолда жүк тасымалын ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын «Шайқорық» станциясында жұмысшы болып бастап, қазіргі таңда «Боранды» бекетінде диспетчер болып жұмыс істейді. Кенже ұл аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның 9-сыныбында оқиды. Отанасы Г.Әбдірейімова №1 мектеп-гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етіп жүр.
Тағдырдың жолы сан тарау. Дәм айдаса, пенде қайда барып тұрақтамайды. Теміржол саласының білгір маманы, қатардағы қарапайым жұмысшыдан станция бастығы дәрежесіне көтеріліп, биыл «ердің жасы – елу жасты» еңбекпен еңсерген Махмұт Сәрсенбаев та қасиетті Жуалы жеріне тамыр жайып отыр. Жаны таза азаматқа осынау қасиетті өлкеден де қаншама адал достар жолықты. Өзі де дос-жарандарына адал қарым-қатынасты ұстанады. Өзі жақсы кісіге, қай жерден де бір кісілік орын табылады. Міне, жанымызда жүрген жақсы адамның бірі – Махмұт Сәрсенбаевтың өмір жолының бір үзігі осы. Тіршілікте бір-біріміздің қадірімізге жетсек, одан өткен сыйластық бар ма?!

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close