Basty bet

Егін орағы басталды

Аграрлы өңір саналатын Жуалы ауданында егін орағы басталды. Атап айтқанда, шаруалар арпа алқабына орақ салды. Алтын орақты бастаған округтердің қатарында Ақтөбе, Қызыларық, Көкбастау, Мыңбұлақ, Ақсай ауылдық округтері бар.

Ақсай ауылдық округінің маңдайалды шаруалары арпа орағын сәтті бастап отыр. Олардың қатарында Әсет Олжабаев басқаратын «Асылхан», сонымен бірге, «Айдар», «Әлібек», «Бағлан», «Барыс-62», «Көктөбе», «Қуаныш» шаруа қожалықтары алдыңғы қатарда келеді. Ақсай ауылдық округі әкімінің аппараты мамандарының айтуынша, егін орағы бірқалыпты өтуде. Егін орағына қажетті 60 тонна арзандатылған дизель отынын алуға аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне берілген тапсырысқа сәйкес шаруалар қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуде. Осы орайда Диқан ауылында орналасқан «Асылхан» шаруа қожалығының басшысы Әсет Олжабаевтан егін орағының барысын сұрап білген едік.
-Биылғы жылдың өнімі үшін 700 гектардай алқапқа масақты дәнді дақыл еккен болатынбыз. Оның 300 гектары бидай, 250 гектары жаздық арпа болса, 150 гектар алқапқа мақсары дәнін септік. Арпа алқабына өткен аптаның сенбі күні орақ салдық. Егін орағына ағайынды аға-інілеріммен бірге, уақытша жұмысқа үш жұмысшыны тартып отырмыз. Егін оратын үш комбайнымыз бар. Жанар-жағармайдан ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Арзандатылған дизель отынын тиісті оператордан алып жатырмыз. Ал арпаның түсіміне келер болсам, өнім өткен жылдармен салыстырғанда аздау. Гектарына шамамен 15-16 центнерден айналуда. Оған әрине, кейінгі жылдардағы ауа райының өзгеруі, күннің аптап ыстық болуы да елеулі әсер етіп отыр. Алға қойып отырған басты мақсатымыз – өнімді уақтысында ысырапсыз жинап алу,- дейді шаруашылық басшысы.
Қызыларық ауылдық округінде де егін ору науқаны қызу жүріп жатқан көрінеді. Әкімшілік мамандарының мәліметінше, округте жоспар бойынша 707 гектарға бидай, 1727 гектар арпа егілген. Бүгінгі күнге «Зиятхан және Қ», «Абдраман», «Сайлау», «Айнұр», «Исабаев Карим», «Зиябек», «Сугірбекова Күлпаш» шаруа қожалықтары еккен өнімдерін жинап үлгерген. Егістік басында бес ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс жасауда. Нақтырақ айтқанда, 70 гектарға егілген бидай және 50 гектардан арпа өнімдері жиналды. Егін жинау науқанына қатысты ешқандай қиындықтар туындап жатқан жоқ.
Ал аудандағы егін орағының барысы, егілген өнімнің шығымдылығы туралы ауыл шаруашылығы бөлімі мынадай мәлімет берген болатын.
-Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 210 772 гектар. Оның ішінде 95 005 гектары егістік жер. Шабындық 2 046 гектарды құраса, жайылымдық жерлер 109 439 гектар, көпжылдық екпелер 265 гектар, басқа да жерлер 4 017 га.
2020 жылдың өнімі үшін 57 221 гектарға (2019 жылы 53 789 га, 106,3 %) алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, 27 750 гектарға арпа егілді. 3593 гектарда көпжылдық шөп орналасса, тиісінше, 21 588 га майлы дақылдар. 2560 га картоп, 680 га көкөніс, бақша дақылдары, 300 га дәндік жүгері, 750 га сүрлемдік жүгері.
Биылғы жылы ораққа түсетін алқаптың көлемі барлығы 37 424 гектарды құрайды. Оның ішінде күздік бидай 9674 га, жаздық арпа 27 750 га. Бүгінгі күнге масақты дәнді дақылдарды ору науқаны Ақтөбе, Қызыларық, Көкбастау, Мыңбұлақ, Ақсай, Қарасаз, Жетітөбе, Нұрлыкент ауылдық округтерінде басталып, жұмыстар қарқынды атқарылуда. Жалпы аудан бойынша 1223 гектар алқап (3,3 пайыз) орылып, орташа өнімділік әр гектарға 18,0 центнерден айналуда. Түсімі 2201 тонна. Егін орағы науқанына барлығы 24 комбайн қатысуда.
Сонымен қатар, науқанды уақтылы аяқтау мақсатында Павлодар облысы және Өзбекстан Республикасынан келетін комбайндармен келісім жасалынуда. Жанар-жағармай бойынша күзгі дала жұмыстарына оператор болып аудан көлемінде «Ақ қайың» ЖШС ұсынылып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына науқандық жұмыстарға қажетті 1047 тонна дизель отынына сұраныс тапсырылды. Бүгінгі күнге аудан шаруашылықтары дизель отынымен толықтай қамтылып отыр,- дейді аудан әкімдігінің вуыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close