Basty bet

Округ тұрғындары пилоттық жоба аясында еңсе тіктеуде

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы Ақтөбе ауылдық округінде іске асырылуда. Жоба арқылы тұрғындар проценті төмендетілген несие алып, төрт түліктің басын көбейтуде, жеке кәсіптерін ашып, нәсіптерін молайтуда. Жоба шарты бойынша тұрғындардың «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-нан қаражат алып, іске кіріскеніне бір жылдың жүзі болды. Ауылдық округке жасаған кезекті іссапар барысында олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныс болдық.

Іссапар барысында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның аудандағы өкілі Мирас Әділбек жоба негізінен бес бағытта жүзеге асырылып отырғанын, бұл бойынша бүгінде тұрғындар жұмыстарына кірісіп кеткендігін жеткізді.

«Бәйтеректің» тәттілері
Пилоттық жобаның бесінші бағыты бойынша тұрғындар бір жылыжай мен бір наубайхана ашуға ниеттенген. Осы мақсатта Бәйтерек ауылының тұрғыны Гүлбану Қанатбаева шағын кондитерлік цех ашуға «Тараз ӘКК» АҚ-нан 4,750 млн теңге қаржы алып, бүгінгі күні наубайхана ғимаратына 3 фазалы электр желісін жүргізген, мұржа тетіктері орнатылып, қондырғысы қойылып, мұнда нан өнімдері дайындалуда.
Үй иелері аула іргесіндегі ғимаратты шағын кондитерлік цехқа айналдырыпты. Үй алдында өнімдерін сататын шағын дүкен бар. Шағын цехтағы екі жұмысшы пештен жаңа шыққан тәттілер мен түрлі нан өнімдерін түсіруде. Үстел үстіне пісірген заттарын ұқыптылықпен целлофан пакеттеріне салып, қаз-қатар тізіп қойған.
Наубайханада қызу тірлік. Жұмысшылардың бірі ыстық пешке нандарды салып жатса, бірі тәттілерді әзірлеуде. Цехтың іші жылы, жұмысшылардың емін-еркін алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Тамақтану мен демалуға да орын дайындалған. Олардың жұмыстары таңғы сағат 09.00-ден басталып, кешкі сағат 17.00-ге дейін жалғасады. Жалақылары 55 мың теңге көлемінде.
Гүлбану Қанатбаева өз жобасы арқылы ауыл тұрғындарын ыстық нанмен және түрлі бәліштермен, тәттілермен қамтамасыз етіп отыр. Оның «Қанатбаева» деп аталатын жеке кәсіпкерлігі де бар. Бүгінде жоба аясында өз ісін дөңгелетіп отырған ол үш адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Өнімдері «Бәйтерек» атауымен ауылдағы және аудандағы дүкен сөрелерінде сатылуда.
– Арнайы жоба әзірлеп, ауыл тұрғындарына осындай мүмкіндік бергеніне алғысымыз шексіз. Тұрғындардың тұрмыстық сапасын жақсарту үшін төмендетілген процентпен несие алдық. Көптен бері ойлап жүрген ісіміз жүзеге асты. Отбасымызбен осы тірлікті алға қойып, нәсібімізді осы цехтан көріп отырмыз.
Адам тәуекелге бел бууы керек. Бұл істі бастауыма Алматы қаласындағы ағам Қайрат Балтабаев түрткі болды. Оның Алматыда кондитерлік цехы бар. Цехта 40-50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірде ағам ауылға келіп, біздегі мүмкіндікті көріп, өзінің ақылын-кеңесін айта келе, маған дұрыс бағыт-бағдар берді.
Тұрғындарды арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін цехта күнделікті тандыр нан, 30 түрлі нан өнімдері пісіріледі. Мұнда бір тандыр нанға және үш өзге ұн өнімдерін пісіргенге арналған пеш бар. Жақында термомиксер құрылғысын сатып алдық. Құрылғылар Алматы, Шымкент қалаларынан «Арсенал» жеке кәсіпкерлігі арқылы алынды. Ал, күнделікті өнімге қажетті заттарды аудан орталығынан болмаса Тараз қаласынан сатып әкелеміз.
Өнімнің сапасына мән береміз. Түрлі дәмдеуіштер мен қопсытқыштар шектен тыс қолданылмайды. Бағалары, мысалы, тәтті печеньелердің бір келісі 400 теңгеден жоғары болса, бір данадан сатылатын өнімдер 50-80 теңге аралығында.
Өзіміздің ауылда кондитерлік цех болғандықтан, тұрғындар той-томалақтарға, астарға бір күн бұрын тапсырыс береді. Яғни, аудан орталығына сабылмай, жақын жерден керекті заттарын қолжетімді бағада алуда.
Бұл іске отбасымызбен бірге күш саламыз. Пісірілген өнімдер қаптамаларға ыстық күйінде емес, суытылып барып салынады. Нан бір аптаға дейін қатпайды. Оның дәмді әрі жұмсақ, пайдалы болуы үшін өндіріс ерекшеліктерін Алматыдағы ағамның цехындағы аспаздан біліп алдық. Жұмысшылар барлығын дайындап кеткен уақытта балаларымыз бен келініміз жабылып, жұмысты аяқтаймыз. Бір жағынан отбасылық кәсіп болса, бір жағынан жанұя мүшелерін жақындастыратын дүние.
Келінімді осы іске баулып, үйретіп жатырмын. Ол жақында түрлі тәтті торттар әзірлеп, тапсырыс қабылдап, оны тұрғындар 1400-1500 теңге көлемінде сатып алуда.
Бірлік бар жерде тірлік те, нәтиже де болады. Цехтағы Мехрибан Қанатбаева, Клара Түлекова, Лаура Нохаева тиянақты, жауапты әрі тазалықты жақсы көретін жұмысшылар. Бірін-бірі алмастырып, түсініп, бар шаруаны өздері атқаруда. Бастысы ысырапшылдыққа жол бермейді. Цехтың ішіндегі және өнім әзірленер кездегі тазалықты ұстанады.
Несие алғаннан кейін істі тоқтатпауымыз қажет. Тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін осындай мүмкіндік беріліп отыр. Ендігі кезекте үміт пен сенімді ақтап, уақтылы несиемізден құтылу, сол арқылы ісімізді дөңгелету басты мақсатымыздың бірі, – дейді Гүлбану Қанатбаева.
Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, өнімдерін аудан орталығына көптеп өткізуді жоспарлауда. Адам күшін көбейтіп, жұмысшы санын беске дейін жеткізу ойында бар. Отағасы Көбейсін Хайралапов оның ісін барынша қолдап, кәсібінің өрге дөңгелеуіне рухани демеуші болуда. Тату-тәтті жанұяда үш ұл, бір қыз дүниеге келген, яғни, ұлдары Нұрислам, Нұрман, Ерлан және қыздары Мақпал. Олар өмірден өз таңдауларын жасап, бір-бір мамандық иесі атанған. Ұлдарының алды отау құрып, қызы тұрмысқа шығып, Еңлік, Әмина мен Мерей есімді келіндері мен күйеубаласы бар. Ұрпақтары өрбіп, Нұрғалым есімді немерелері ата-апасын қуантуда.

«Бейнетіміздің
жемісін көреміз»
Бәйтерек ауылындағы Әбдірәсіл Алтаев үй іргесіндегі жерін тиімді пайдаланумен қатар, жоба аясында уақ малдар алған. Оның қолына өткен жылдың ақпан айында 2 млн 800 мың теңге тиіп, берілген қаржыға 50 бас қой сатып алған.
Әбдірәсіл аға негізінен көрші Өзбекстанның Ташкент қаласынан 2004 жылы осы ауылға көшіп келген. 2011 жылдан бастап 2020 жылға дейін ауылдағы шекара қызметінде әскери қызметші-механизатор болып жұмыс істеген. Одан кейін облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайын арттыру мақсатындағы жобаға қатысып, жобасы мақұлданған соң жұмысынан шығып, мал шаруашылығын қолға алады.
Жұбайы Жақсыгүл Алтаева екеуі бір ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, немере сүйіп отыр. Жақсыгүл апай ауылдық округ әкімі аппаратында жиыстырушы болып жұмыс істейді. Үйде бос уақытында есік алдына таңқурай егіп, күтіп-баптайды. Оны бір-бір қатарға тізіп егіп, ішін мұнтаздай етіп тазалап қойған. Жанында жаңа алма ағаштарының бірнеше түптері өсіп тұр.
-Қолымдағы балам Нұрғазы Қызыларық ауылдық округіндегі әскери бөлімде жұмыс істейді. Бос уақытында үйдегі мал шаруашылығына қолғабыс етеді. Қойлардың қорасы ескілеу әрі тарлау. Оны кеңейту үшін өткен жылы жаңа қораның іргетасын қалап, бастап қойғанбыз. Барлығын аса мұқияттылықпен, ысырапсыз жасауға тырысудамыз. Қораның дәнекерлеу жұмыстарын ұлымның өзі жасады. Қазір қойларды екіге бөліп қойғанбыз.
Қыстың қамын жазда ойлап, өткен жылы 800 түк шөп, үш тонна арпа, екі тонна бидай сатып алдық. Қойлардың 20 шақтысы төлдеді. Әлі төлдейтін қойлар бар. Мал төлдету науқаны маңызды науқан болғандықтан оған аса мұқияттылық қажет. Уақтылы жем-шөбін беріп, күндіз-түні қарап тұру керек. Бейнетіміздің жемісін биыл мал төлдеп біткен соң көреміз деген ойдамыз. Тек бір мәселе – жайылым жердің жоқтығы.
Несиені 2,5 төмендетілген процентпен алып, қорамызды қойға толтырдық. Бір жылдық каникулы өтіп, жақында алғашқы төлемақысын төледік. Бес жылға берілген несиені алты айға бөліп, 346 мың теңгеден төлейміз, – дейді Әбдірәсіл Лесұлы.

Ерінбей еңбек етіп, мақсатына жетуде
Жобаның шапағаты бәйтеректік Алтаевтардың жанұясына да тиіп отыр. Төмендетілген несиемен қомақты қаржы алып, шаруасын кеңейткен отбасының қорасы төрт түлікке толы. Алтаевтар жанұясының отағасы «Мұхан» шаруа қожалығының төрағасы. Ол 2006 жылы аталған шаруа қожалықты құрып, бүгінде иелігінде 60 гектар егістік жері, лизингке алынған МТЗ-80, МТЗ-82 тракторлары, қосымша тіркемелері бар. Сонымен қатар, 2 бас жылқы, 30 шақты сиыр, 100 бас қойы бар.
Ал, отанасы Назира Тілеуқұлова ауылдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Жоба аясындағы берілген несие отанасының атына рәсімделген. Яғни, 2020 жылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-нан 4 млн теңге алып, тоғыз бас жылқы сатып алған.
Алтаевтар отбасының үй іргесіндегі жер көлемі 50 соттықты құрайды. Шахан аға өз үйінің жері мен ұлының үйінің жерін қосып, іргесіндегі жерін тиімді пайдалануда. Үйдің жанынан жаңадан қоралар салынған. Шаруа қожалықтың техникалары да осында қойылған. Күндіз малды бос жіберетін қоршаулы қора да жасап қойған. Жемшөбі де жеткілікті.
-Үш ұл, бір қызымыз бар. Ермұхан, Нұрлыхан, Медет және Аружан есімді перзент сүйіп отырмыз. Екі немереміз бар. Үлкен отбасымыз. Өзім жұмыссыз болғандықтан шаруа қожалығын құрып, атакәсіппен айналысып отырған жайым бар. Қысы-жазы қауырт тірлік, еңбек ету керек. Көктем басталысымен көктемгі дала жұмыстары басталып, қыстың қамына сол кезден бастап кірісеміз. Шүкір, шаруамыз алға басып, жылдан-жылға шаруашылықты кеңейту үстіндеміз. Балалардың қамы үшін таңның атысы кештің батысы қызу еңбек.
Көмекшілерім отбасым. Қызым қорадағы тауықты қараса, ұлым қойды бағады. Бір ұлым сиыр бақса, біреуіміз жылқыны қараймыз. Мал төлдейтін науқан да басталады. Шетінен төлдеп жатыр, оларды да уақтылы қарап тұруымыз қажет. Бұл жұмыстың басы-қасында бір адам жүрмесе болмайды.
Қолдағы бар дүниемізбен тұрмысымызды жақсартып, өз-өзімізді жұмыспен қамтып, өмір сүрудеміз. Науқан кездерінде шаруа қожалықтың жұмысына ауыл тұрғындарын тартып, оларға уақытша жұмыс береміз.
Малдың жемшөбі өзімізден шығады. Тиімдісі осы жағынан болып отыр. Жұбайым жоба туралы естіп, жылқы бағытында қамбар ата төлін көбейтуді көздеді. Бие сауып, қымыз жасап, саумал ішеміз. Мал бордақылап, етін өткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындарына осындай мүмкіндік беріп, төмендетілген прцентпен несие беріліп отырғанына алғысымыз шексіз. Істің көзін тауып, жұмысыңды алға жүргізуің өзіңнің еншіңде. Ерінбей, еңбек етіп, жемісін көруіміз қажет, – дейді Шахан Алтаев.
Ауылдық округке іссапар барысында ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов өткен жылы малдың басы артып, көрсеткіштің 70% көбейгенін айтып өтті. Мал басы артқанымен жайылым жер көбеймейтінін ескерсек, бұл мәселенің де шешімін табу үшін құнарлы шөп егу жобасын жасап жатқандарын да жеткізді.

Таңдаулы материалдар

Close