Basty bet
Ұстаздар әулеті
Ұстаз мамандығы көп қырлы, қиын, көп еңбектенуді талап ететін мамандық. Ұлы ақын Абай Құнанбаев «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген болатын. Яғни, ұстаз оқушыларды қалай тәрбиелесе, еліміз сол деңгейде болады.
«Бала оқыту жұмысы ширақ, жігерлі, қызу болғаны дұрыс»,- дейді Жүсіпбек Аймауытов. Көрнекті жазушы, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың айтуынша, бала бойындағы ақыл, сезім, қайрат мұғалімнің жігерге толы жұмысының арқасында ғана жетілмек.
Ұлағатты жандардың төл мерекесі қарсаңында Жетітөбе ауылындағы ұстаздар әулетінің қара шаңырағы Қожаназаров Шарханбек пен Шамкүлдің отбасына арнайы атбасын бұрдық. Ұстаздар әулетінің ұрпақтары Кәріқорған ауылындағы Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің өзінде алты-жетеуі мұғалім болса, жалпы әулеттен еліміздің түкпір-түкпірінде он беске жуығы мұғалім болып қызмет етуде.
Шарханбек Мейманұлының атасы Қожаназар көзі қарақты арабша сауаты бар, Шу, Мойынқұм өңіріне әйгілі шипагер болыпты. Ал, әжесі Алиша Күреңбел ауылдық советінде басқарма төрағасы болған ақылды, ер мінезді, адуында, іскер, ауыл мен аудан, қала берсе облыста өте беделді кісі болған. Олар Жуалыға өткен ғасырдың отызыншы жылдары Шу өңірінде төре, қожа, бай-манаптарды, молдаларды қудалау науқаны басталғанда көшіп келіпті.
Ал, әкесі Мейман Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейінгі жылдары ұзақ жыл ұстаздық еткен жан. Өмірдегі өз парызын өтеп кеткен Мейман Қожаназаровты ұрпақтары, ел-жұрты ешқашан ұмытпайды. Ауылдағы орталық көшеге Мейман Қожаназаровтың есімін беруі де ел-жұртының ол кісіге деген құрметінің дәлелі.
Ал, аналары Анар төрт ұл, төрт қызды өмірге әкеліп, солардың тәрбиесімен айналысқан, үй шаруасындағы жан болған. Алайда «Би бол, би болмасаң, би түсетіндей үй бол. Би түсетіндей үй болу әйелден» демекші, ауылға келген небір сыйлы кісілерге қолынан дәм татқыза білген, киелі қара шаңырақтың ұйытқысы болған жан.
Шарханбек аға Тұрсын Әкімов атындағы орта мектепте ұзақ жыл технолог болып еңбек етті. Жалпы еңбек өтілі – 42 жыл. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде мектепте әлеуметтік педагог әрі өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Ал, Шамкүл Мырқамынқызы болса, ауданымыздағы жоғары санатты, жаңа әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген жаңашыл, өз мамандығын ерекше сүйетін, құрметтейтін ұстаздардың бірі. Шамкүл Қожаназарова 2001 жылы Жетітөбе (ол кезде мектеп солай аталатын) орта мектебіне география пәнінің мұғалімі болып орналасады. Мұғалімдік өте үлкен жауапкершілікті, еңбекқорлықты талап ететін мамандық екенін түсінген Шамкүл Мырқамынқызы жұмысқа кірісе салысымен сәт сайын өзін дамытумен, ізденумен болады. Қандай жаңашылдық болса, барлығын үйренуге барын салады. Түрлі курстардан өтті. Әр күні сабағына терең дайындалып, қайтсем балалардың жүрегіне жол табамын, қайтсем олардың сабаққа деген қызығушылығын оятып, санасына білім нұрын құямын деген мақсатпен, оймен жүреді. Еңбек қашанда адамды абыройға бөлейді ғой. Ұстаздың шәкірттерінің жеткен жетістіктері де, өзінің еңбекқорлығы үшін алған марапаттары да жетерлік.
2014 жылы Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде педагогикалық шеберліктің орта ілгері деңгейінен өтіп, педагог-зерттеуші болды.
«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» демекші, шәкірттерін шабыттандыруды мақсат еткен ұстаз 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетовтың Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары және оның гүлденуіне қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталса, үстіміздегі жылы ҚР «Bilim –órkenıeti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Білім беру саласының құрметті педагогы» атты төсбелгімен марапатталып отыр. Одан бөлек қаншама халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанғаны үшін алған марапаттары бар. Облыстық, аудандық білім басқармасы, кәсіподақ ұйымының, облыс, аудан басшыларының Құрмет грамоталары да жеткілікті. Мұның барлығы ұстазға жайдан-жай берілген жоқ. Барлық құрметке өзінің адал еңбегі арқылы қол жеткізген жан.
-Өзіміз бала кезімізден ұстаздарымызға еліктеп өстік. Мұғалімдеріміздің қарапайымдылығы, сабаққа деген дайындығы ерекше болатын.
Ұстаз ең әуелі мамандығын жақсы көруі керек. Жалпы ұстаз алдындағы шәкіртінің болашағы үшін уақытын аямауы қажет.
Ұстаздық – ұлы, мәртебелі мамандық! Баланың көзіндегі нұрды көре білу жақсы ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстазды еліміздің болашағы, яғни халықтың баласы күтіп отырады. Ұстаз олардың алдына үлкен дайындықпен баруы керек. Нашар оқитын немесе нашар бала болмайды. Оның қабілетін, сүйіспеншілігін оята білуіміз керек. Бұл – ұстаз үшін өте үлкен жауапкершілік. Сабақ барысында оқушыға еркіндік беріп, оның ашылуына көп мүмкінідік жасау керек. Ол үшін түрлі әдістер бар. Тақырып аясында білім бере отырып, оқушыны ашуымыз қажет.
Ұстаз ретінде де, ана ретінде де үнемі балаларға қарғыс арқалама, алғыс арқала, ешкімді ренжітпе, «таспен ұрғанды аспен ұр» деп құлақтарына құйып отырамын. Көгеремін десең ерінбе, еңбек ет. Еңбекпен ғана үлкен нәтижеге қол жеткізесің, уақытпен санаспа деп айтып отырамын,- дейді Шамкүл Қожаназарова.
-Адамды қартайтпайтын қасиеттер – қайырымдылығы, мейрімділігі, жомарттығы.
Біздің әкеміз өте ақылды кісі еді. Бізге ешқашан ұрыспайтын, үнемі жаймен түсіндіретін. Әкеміз бізді шаруашылыққа тәрбиеледі.
Біздің шаңырақтан кісі үзілмейтін. Әкем зейнет демалысына шыға салысымен-ақ аз ғана уақыт өткен соң қайтыс болды. Ал анам 80-ге келіп дүниеден озды.
Біздің үйден талай жақсылар мен жайсаңдар дәм татқан. Біз ол кісілерге қызмет еттік. Атақты кісілерден шаңырағымызда Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза болды. Шерағаңның тамаша қасиеттерінің куәсі болдық. Шерағаң кетіп бара жатып шешемді құшақтап суретке түсті.
Қаншама текті кісілердің көзін көрдік. Тәрбиесін алдық. Балаларымызды да сол жолмен тәрбиелеудеміз. Аллаға шүкір, екі ұл, екі қызымыз төртеуі де өмірден өз орындарын тапқан, орталарына сыйлы азаматтар болды.
Үлкен ұлымыз бен келініміз Шыңғыс пен Толғанай қолымызда тұрады. Шыңғыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін биотехнология факультеті бойынша бітірген. Бүгінде жеке шаруа қожалығымыздың шаруасымен айналысады. Келініміз ағылшын тілінің мұғалімі.
Қызымыз бен күйеубаламыз Арна мен Шыңғыс екеуі де ҚазҰУ-нің түлектері. Арна география факультетінің туризм бөлімін бітіріп, магистратураны Стамбулда оқыды. Жолдасы халықаралық қатынастар факультетін бітіріп, доктарантураны Қырғызстанда Манас университетінде оқыды.
Екінші ұлымыз бен келініміз Қуанар мен Нұрбина екеуі де мұғалім. Олар Нұр-Сұлтанда тұрады. Кіші қызымыз бен күйеубаламыз Мерей мен Нұрхан Жұрымбай ауылында тұрып жатыр. Қызымыз ол да география пәнінің мұғалімі. Жолдасы ауылда фельдшер болып жұмыс істейді.
Ұл-қыздарымыздан сегіз немере сүйіп отырмыз. Бірінші Алланың, екінші осы ұрпақтарымыздың арқасында Меккеге қажылыққа барып қайттық. Бірнеше шет мемлекетте демалдық. Өзіміздің елде де демалыс орындарында болдық. Еңбегіңді бағалай білетін ұрпағың болғанның өзі бір бақыт.
Бұл өмір қамшының сабындай ғана қысқа. Бір үйде қанша жан болсақ, бәріміз бір-бірімізге қонақпыз. Сондықтан бардың қадірін дер кезінде білгенге, бағалағанға не жетсін?! Өмірдің мәні – сыйластықта. Бақыттың кілті – еңбекте. Әркім өз орын адаспай тапса, сол кәсібі арқылы айналасына жақсылық жасай білсе, одан артық ештеңе жоқ,- дейді Шарханбек Мейманұлы.
Ұстаздар әулетінің қара шаңырағында болған сәтімізде ерекше әсерде болдық. Дастарқаны жиылмаған, қонақжай, еңбек пен адалдықты ту еткен шаңырақтың бүгінгі иелері, ұлағатты ұстаздар Шарханбек пен Шамкүл апайдың жүздерінен ескен бақыт лебі айналасын нұрландырып тұрғандай.
«Ұстаз деген – ұлы есім» деген сірәда осы болар.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»