Basty bet

«Дәрігер жұмысын жақсы көруі тиіс»

«Өмірде бар өзіндік бір үлесі,
Өмір үшін тоқтамайтын күресі.
Адамзатқа сыйлайтұғын денсаулық,
Мейірбике, мейірбике – мейірімнің иесі»,- дегендей, мейірбике өмірде қамқор, шипагер жанның бірі. Ақ халатты абзал жандарымыздың қай қоғамда болмасын құрмет-қошеметке бөленуі тектен-тек емес.

Ортамызда, ауданымызда халыққа қалтқысыз еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген абзал жанның бірі – Ынтымақ ауылдық фельдшерлік пунктінің фельдшері Гүлзада Досова.
Гүлзада Дүйсенқұлқызының осы салада еңбек етіп келе жатқанына биыл 34 жыл толып отыр. Өз мамандығын шексіз сүйетін жан еңбек жолын 1986 жылы Жамбыл облыстық балалар ауруханасында травматология бөлімінен бастаған. 1988 жылы облысқа қарайтын «Красный кресть» деген мекемеде аудандағы жалғызбасты қарияларға медициналық көмек көрсеткен. 2003 жылдан бері Ынтымақ ауылдық фельдшерлік пунктінде қызмет атқаруда.
Гүлзада Дүйсенқұлқызы 1964 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Төңкеріс ауылында дүниеге келген. Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті тамамдап, Түркістан медициналық колледжіне оқуға түседі.
-Ата-анам менің педагогикалық училищеге баруымды қалады. Мені сол оқу орнына алып барып тұрған жерінен мен жүрек қалауым бойынша медициналық училищеге кетіп қалдым. Алла қалап оқуға түсіп, оқып шықтым.
Әкем мен анам Дүйсенқұл мен Сара қарапайым жандар болды. Отбасымызда сегіз ұл-қыз өстік.
Мен кішкентайымнан аурушаң болдым. Дәрігердің көмегіне көп жүгінгендіктен болар, бала кезден мен дәрігер боламын деген мақсат қойдым.
Алғаш еңбек жолымды өте қиын жерде бастадым. Травматология бөлімі болғандықтан ауруханаға күйіп қалған, көлік апатынан, басқа да жағдайлардан жарақат алған, бір жерін сындырып алған балалар көп түседі. Балалардың ауырып, шырылдап жылағынын көру әрине қиын. Жаның ашиды. Бірақ оған қарамастан оларға тиісті көмекті уақтылы көрсету керек. Медбике болсын, дәрігер болсын ол жұмысын жақсы көруі тиіс. Дәрігерге үлкен жүрек керек. Мейіріммен қатар өте үлкен жауапкершілік қасиет қажет. Мен өзім ауырған жанға ем жасап, оның жазылғанын, тынышталғанын көріп ләззат аламын.
Қазір ауылда көше-көшені аралап жас сәбилерді, аяғы ауыр әйелдерді, балаларды тексеріп отырамыз. Ауыл тұрғындарына күндіз-түні қызмет етеміз. Қанша қиналсам да мамандығыма өкінген кезім болған жоқ.
Ауылда 73 отбасында 404 жан бар. Соңғы жылдары аурудың алдын алу мақсатында тұрғындарды скрингтен өткізу қолға алынған. Әр жасқа байланысты халықты шақырып, аудандық ауруханаға жіберіп, анализ алып, аппараттарға түсіріп, ауруларын анықтап, ем жазып береміз. Бұл жағынан біздің ауылдың тұрғындары өте жауапты. Айтқан уақытыңда келіп, денсаулығын түзеп жатады.
Үйде отбасыма болсын, ауыл тұрғындарына болсын саламатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану туралы айтып отырамын.
Бір жағынан ауылдың тынымсыз тірлігінің өзі спорт. Әрі десе ауылда тіпті барлық үй десем болады, сиыр сауады, бие сауады. Қымыз, сүт өнімдерін, жалпы негізінен табиғи таза өнімдер тұтынады. Балалар жаз бойы далада жүріп, күн сәулесін қабылдайды. Сондықтан қаланың балаларына қарағанда ауылдың балаларының денсаулығы жақсы.
Жұмыс өте көп, жауапкершілік жүгі ауыр. Әсіресе, аяқ-қолы ісіп босануға келген әйелдерді, ауырып қалған кісілерді қалаға алып барғанда аман-есен босанып алса екен, жазылып кетсе екен деп жанымызды шүберекке түйіп барамыз.
Елбасына, Президентімізге, өзіміздің ауданның бас дәрігеріне рақмет! Үкімет дәрігерлерге жағдай жасап жатыр. Қажетті барлық құрал-жабдықтарымыз түгел тегін беріледі. Есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмектер беріліп тұрады. Бұл халықтың денсаулығын бірінші орынға қойғандықтың белгісі деп есептейміз. Басшымыз жұмысты қатаң талап етеді. Себебі, жұмыс болған соң, тәртіп те керек,- дейді медбике.
Гүлзада Дүйсенқұлқызының жұбайы Жомарт Пралиевтің мамандығы – ағаш ұстасы. Совхозда, Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте ағаш ұстасы болып еңбек еткен. Қазір «Бақтияр» шаруа қожалығының жұмысымен айналысуда.
Гүлзада Досова жұбайы екеуі бір қыз, үш ұл тәрбиелеп, қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйіп отырған ардақты жандар. Қыздары Арайлым Ақтөбеде тұрады. Мамандығы – мұғалім. Самат пен келіні Мадина екеуі де мұғалім. Үшінші ұлы Азамат пен Мөлдірдің де мамандығы – мұғалім. Кенжелері Қанат Алматыда Асфендияров атындағы медициналық институтта жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша 5 курсты тамамдауда. Ардақты ата-ананың алты немересі бар.
-Әріптестерімді төл мерекелерімін шын жүректен құттықтаймын! Еңбектері жанып, абыройлары таси берсін!
Халқымыз елімізде жүріп жатқан індеттен ертерек құтылып, аман-есен болсын! Ел аман, жұрт тыныш болып, тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін!- дейді Күлзада Дүйсенқұлқызы.
Мейірімді, еңбекқор ақ халатты абзал жанды біз де мерекесімен құттықтап, жұмысына табыс тілейміз!

Таңдаулы материалдар

Close