Basty bet

Тұрғындардың тілегі – сапалы көше жолы

Биыл Мыңбұлақ ауылдық округінде бірқатар көшелер жөнделіп, пайдалануға берілді. Сөзден іске асырылып жатқан игі тірлік ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруда. Ауылдық округке қарасты Көлбастау ауылында “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы ұзындығы 8 028 шақырым жол орта жөндеуден өтуде.

Ауылдың округ әкімі аппаратының мәліметінше, “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында елді мекен бойынша құны 126 190031 мың теңгені құрайтын сметалық жоба ұсынылған.
Аудандық мәслихатының шешімімен ауылдық округтердегі автомомбиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 94 029 000 мың теңге қаражат қарастырылған.
Мыңбұлақ ауылдық округіне Көлбастау ауылы Б.Майлин көшесінің бір бөлігі, Ә.Байтоқов, Ә.Рысбекұлы және Қ.Рысқұлбеков көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстары ашық конкурс арқылы ойнатылған. «Жамбыл ДорМостСтрой-Сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Шарт сомасы 52 118 080 мың теңге. Қазіргі таңда шарт бойынша қаржының толық сомасы жетіспеушілігінен қазынашылық бөліміне тіркелмей тұр екен.
Ал, Б.Момышұлы көшесінің тұйығынан Ә.Байтоқов көшесіне дейін, Б.Майлин көшесінің тұйығынан Ә.Байтоқов көшесіне дейінгі аралықты және Д.Ковешников көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын «Жамбыл ДорМостСтрой-Сервис» ЖШС атқаруда. Шарт сомасы 47 682 880 мың теңге. Аталған көшелерде 14 қыркүйекте жөндеу жұмыстары басталған. Б.Момышұлы көшесінің тұйығынан Ә.Байтоқов көшесіне дейін, Б.Майлин көшесінің тұйығынан Ә.Байтоқов көшесіне дейінгі аралықты және Д.Ковешников көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Игерілген қаражат сомасы 11 535 894.15 мың теңге.
Жоғарыда көрсетілген автомобиль жолдарының техникалық қадағалаушы мердігері – «АКГЕМ-СТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Ауылдық округтегі атқарылған жұмыстарды біз өз көзімізбен көріп қайтқан болатынбыз. Бұрындары шаңы бұрқырап жататын Д.Ковешников көшесі мен тұйық көшелер бүгінде теп-тегіс жолға айналған. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа асфальт төселінген. Алайда тұйық көшелерде салынған жолда екі көліктің жүруі қолайсыздық туғызады екен. Қатар келген екі көлік тұйық көшелерге сыймайды. Біріне бірі жол беріп, тоса тұруына тура келеді.
Көшелердегі тұрғындарды сөзге тартып, пікірлерін білгенімізде, көлбастаулықтар ризашылықтарын жеткізді.
Д.Ковешников көшесінің тұрғыны Уәлихан Балтабаев: “Осы көшеде 20 жылдан бері тұрамын. Көшемізге асфальт керек деп үнемі жиналыстарда көтеріп келдік. Өтінішіміз қанағаттандырылып, көше орта жөндеуден өтті. Жолдың қалыңдығы да жақсы” дейді ол.
Сондай-ақ, осы көшенің төменгі бөлігінде тұратын тұрғындар да жүргізіліп жатқан жұмыстың басы-қасында жүреміз деген пікірлерін жеткізді.
Мәселен, Ерғали Қаңтарбаев “Енді үйдегі немерелеріміз көшеде емін-еркін ойнайтын болды. Біз мердігерлермен сөйлесіп, жұмыстың сапалы әрі дұрыс жасалу керектігін айтып, өзіміз де қастарында жүріп, жауапты мамандармен сөйлесудеміз. Олай жасамасқа болмайды. Өйткені, жұмыс жасалып біткен кезде кемшілік іздегенше, оны дәл уақытында түзеген дұрыс. Жолдың қалыңдығы жеті сантиметр болуы керек екен. “Ені төрт метр болады. Барлығы жобалық-сметалық құжат бойынша жасалуда” деді мамандар бізге. Біздің де көңілімізден шығуда” дейді.
Ауылдағы Ә.Рысбекұлы көшесіне құм-шағал төселіп тегістелген. Ә.Байтоқов көшесінің ортаңғы және аяқ жақтарына шағал тас төселіп, тастап кеткен. Осы тасталған шағал бүгінде тұрғындарға қолайсыздық тудыруда. Көшенің бойымен біз өзіміз де автокөлікпен жүріп көрдік. Талапты ауылына барар жолдағы сайдың оң қапталынан бұрылып, шаңды аспанға көтеріп, кедір-бұдыр жолмен жүру оңай емес екендігіне куә болдық. Бұдан кейін шынымен де шырылдаған көлік тізгіндеушілердің жан-айқайын түсінуге болады.
Ә.Байтоқов көшесінің тұрғыны Медет Орынхан көшені сапалы жөндеп берсе деген ойын ашық жеткізді. Ол бұл көшеде ата-анасы 35 жылдан бері тұратынын, осы уақытқа дейін жаздың күні шаңға, жаңбырлы күні батпаққа батып жүргендерін тілге тиек етті.
-Мен Алматы қаласынан ауылға 14 қазан күні келдім. Сол күні көшемізге шағал тастарды үйіп тастап кетті. Трактормен үйілген шағалды қалай болса солай тегістеді де кетіп қалды. Шағалдың тастары өте үлкен. Көлік жүрген сайын сайға қарай ұшуда. Тағы бір айта кетерлігі, көшеге көтерілгенде қырлы жер бар. Соны дұрыстап тегістеу қажет еді. Бұлар тегістегендей кейіп танытып, астына су өтетін құбыр тастады да жауып қоя салды. Біз мұны ауылдық округтің әкіміне де ескертіп айттық, – дейді ол.
Ал, Байтоқов көшесінің жоғарғы бөлігінде тұратын Махай Асадов та көшенің орта жөндеуін сапалы жүргізілуін қадағалап жүрген азаматтың бірі екен. Махай ағаны кездестіргенімізде, ол мердігерлермен жолығып, жұмысты уақтылы аяқтауын сұранған. “Осы көшенің белсенді азаматы ретінде басталған игілікті істің басы-қасында жүрмін. Жолды жөндеуді бастағанына 10 күн болды. Грейдер келді. Су төгілді. Құм-шағал төселіп, тегістелді. Енді тек асфальттанғанын күтудеміз. Істің бағасын толық аяқталғанда береміз. Әзірше, тілеуіміз бір, ол – жол сапалы салынса” дейді.
Тұрғындарды сұранысы мен тілегі жөн-ақ. Күздің жылы күндерін пайдаланып, жұмысты аяқтамаса, бұл көшелердегі жұмыстар аяқсыз қалатынға ұқсайды. Тұрғындардың айтуынша, ауа райы тосыннан бұзылып, күн жаңбырлы болса, жұмыс тоқтайды екен. Яғни, көлбастаулықтар тағы да жаңа жол салынуын келесі жылға дейін күтетін болады. Дегенмен қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар аяқталса, ауылдағы көше 100 пайыз орта жөндеуден өткен болып есептеледі

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close