Basty bet
Диагностикалық медицина кешені ауылдарға жол тартты
Жақында аудандарға облыстан мобильді диагностикалық медицина кешені берілген болатын. Мобильді кешен азаматтардың денсаулығын тексеруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мобильді-диагностикалық кешен көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын кең көлемде тексере алу мүмкіндігіне ие. Көлік заманауи құралдармен жабдықталған. Кешенде мамандар қабылдайтын кабинет, рентген және флюрография аппараттары, ультрадыбыстық зерттеу, гинекологиялық кабинет, талдамалар алатын орын бар.
Бұл кешендердің басты мақсаты – халыққа медициналық қызметті барынша қолжетімді ету. Осы мақсатта, бүгін аудандық орталық аурухананың диагностикалық медицина кешені Нұрлыкент ауылдық округіне алғашқы қызмет көрсетуге келді. Таңғы сағат 09:30-дан бастап Нұрлыкент ауылындағы дәрігерлік-амбулаторияның ауласында кешен қызметкерлері тұрғындарды қабылдады. Мұнда ауылдық округтің Түктібай, Нұрлыкент, Қазбастау және Көкбастау ауылдық округінің Теріс, Бақалы ауылының тұрғындары сабылып келді.
Кешенде тұрғындарға балалар невропатологы Арай Бектасова, травматолог-ортопед Шолпан Чмаева, акушер-гинеколог Қазихан Есмамбетов, ренгенолог Әуез Шорманов және лаборант Қалбибі Сұрамысова медициналық қызмет көрсетті.
Кешен алдында санитарлық талаптарды сақтаған тұрғындардың қарасы көп. Барлығы мұндай кешеннің ауылға келгендеріне дән риза. Аудан орталығына сабылмай-ақ денсаулықтарын тексерістен өткізгендеріне қуанышты.
-Нұрлыкент ауылдық округі аудандағы ең көп халық шоғырланған елдімекен. Ауылдық округтегі дәрігерлік-амбулаторияның медицина қызметкерлері тұрғындардың денсаулығын жіті бақылауда. Жыл сайын жоспарлы түрде тұрғындарды медициналық тексерістен өткізіп тұрамыз. Биыл елімізде жүрген індеттің салдарынан көп азаматтарды уақтылы орталық ауруханаға жібере алмадық. Ал, бүгін тұрғындар қуана осы кешенге келіп, тексерістен өтіп жатыр. Дәрігерлерге қарап, кеңестерін алуда.
Рентгенге түсіріп, бір науқастың денсаулығындағы сырқат анықталып, орталық ауруханаға жіберілді. Яғни, өкпесіне су жиналғандығынан науқас қазір ауруханада жатыр. Бүгін бұл кешеннен 120-ға жуық тұрғын тексерістен өтті, – дейді Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік-амбулаториясының аға дәрігері Дакира Усманова.
Аудандағы мобильді диагностикалық кешен алдағы уақытта өзге де елдімекендерді аралап, қызмет көрсететін болады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»