Basty bet

Бір кем дүние

Жеңешемнің жауабы
Менің аталас ағам майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген
татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз (9) бала тапты.
Абысындары:
– Байғұс-ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда «Батыр Ана» атанар едің, – дейді ғой.
Разия:
– Құдай берсе, тастамаймыз, Бермесе қақсамаймыз, – дейді.
Құдай бергенде тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла Тағала Разияның өзін ертерек алып кетті. Асығыс алып кетті.
Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма деп асықты ма, кім білсін.
Бір кем дүние.

Дуананың жирен қасқасы
Қасиеттi қарт Қаратаудың қойнында, Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. “Қанша дəулет бiтсе де, бай қуанар егiзге” дегендей, байекем сол сəйгүлiк жирен қасқалар жүзге жетсе екен деп армандапты.
Бiрақ, Құдайдың құдiретi, биелерi қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.
Сондай күндердiң бiрiнде бай ауылына ел кезген бiр дуана келе қалады.
Қараса, астындағы аты Жирен қасқа! Бай жiгiттерiн жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан зорақылық бола ма?! Сөйтсе, дуана жай дуана емес, қызыр шалған əулие кiсi екен, таудан арқырап аққан асау өзендi бөгеп тастап, Жирен қасқамен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетiптi. Бай дəулеттен айырылып, қайтып мал-мүлiк құтаймай қойыпты. Тоқсан тоғыз Жирен қасқа хикаясын айтқан Өмiрбек Байгелдi.
Бiреуi-ақ жетпеген. Дуананың қарғысынан Қарағай елi, Еңбек Ерi Байгелдiнiң тұсында ғана арылған.

Нысап
Кедей – бай, бай – Құдай болсам дейді.
Нысапсыздық жаман.
Бір кем дүние.

Құдірет
Бидайын алып, сабанын қойған Құдай,
Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай…
Бір кем дүние.

Қайдан…
Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан.
Бір кем дүние.

Қалтай айтқан
Журналист – это Қаранар,
Но мизерный гонорар.
Бір кем дүние.

Асқанға – тосқан
Толдым деген төгіледі,
Жеттім деген жығылады.
Бір кем дүние.

Құнықпа
Алтын өзі тотықпайды,
Адамдардың жанын тотықтырады.
Бір кем дүние.

Тым… тым…
Патшаға тым жақындама,
Тым алыстап та кетпе.
Ол да от сияқты:
Тым жақындасаң – күйіп өлесің,
Тым алыстасаң – үсіп өлесің.
Бір кем дүние.

Өлтіру оңай, тірілту қиын
Соттар қателесіп, кінəсіздерді өлімге бұйырады. Кінəсіз екені
анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек?
Бір кем дүние.
«Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді.

Ойшыл қарға
Түнімен – жаңбыр.
Таңертең – қар.
Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.
Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?
Қарғаның тілін білмеймін. Əйтпесе сұрар едім:
– Оу, Қареке, ертең не болады? – деп.
Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген.
Көп шуылдап, көп қарқылдаған.
Оны біз түсінбедік.
Бір кем дүние.

Шерхан Мұртаза,
жазушы

Таңдаулы материалдар

Close