Basty bet

«Жұмысқа деген көзқарасты өзгертуіміз керек»

облыс әкімі Н.Нұржігітов тұрғындармен кездесуде осылай деді

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданға арнаған жұмыс сапары барысында аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті.

Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.
Кездесуде алдымен Б.Момышұлы ауылының әкімі Марат Қасымбеков ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы айтып, атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарларға қысқаша тоқталды.
Облыс әкімі Н.Нұржігітов ауыл әкімінен аудан орталығындағы өзі айтқан 3062 ауланың табысына талдау сұрады.
-Қанша ауланың тұрақты табысы бар және қанша ауланың тұрақты табысы жоқ, яғни отбасында ешқандай жан тұрақты айлық алмайтын немесе өзін-өзі тұрақты жұмыспен қамтымаған қанша аула бар? Ондай отбасының проблемасымен қандай жұмыс атқарылуда?- деді облыс әкімі.
Ауыл әкімінің статистикалық көрсеткіштермен берген жауабына қанағаттанбаған облыс басшысы ауыл әкіміне «Еңбек» бағдарламасынан басқа, халықты жұмыспен қамту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?» деген сұрақ қойды. М.Қасымбеков аудан орталығынан ашылған жаңа кәсіпкерлік нысандардың жұмысы туралы айтты.
-Жеке кәсіпкерлік нысандардың ашылып, жұмыс істеуіне сіздің қандай ықпалыңыз бар?- деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. -Жалпы, жұмысқа деген көзқарасты 180 градусқа өзгертуіміз керек. Үкімет тарапынан бөлінген қаражат бойынша атқарылған жұмысты біз істедік деп айта алмаймыз. Үкімет бөлген қаржыны игеруге міндеттіміз. Ауыл әкімі ауылдағы әрбір ауланың жағдайымен жақсы таныс болуы керек. Халық тұрмысының көтерілуіне өзіңіздің бастамаңызбен, ықпалыңызбен қандай жұмыс істедіңіз? Міне, осындай мақсатпен жұмыс істеуіміз керек.
Қазір кәсіпкерлік саланы дамытуға бағытталған үкімет тарапынан жеңілдіктер көп. Оны естімесе, ережесін білмесе, кәсіпкер оған ешқашан қол жеткізе алмайды. Сондықтан ауыл әкімі, аппараты мемлекеттік бағдарламаларды, үкімет тарапынан берілетін көмектердің ережелерін жақсы білуі және оны халыққа дұрыс жеткізе білуі керек. Сонда ғана көп мәселе шешіледі.
Бердібек Машбекұлы қолға алған «Асарлатып үй салу» жобасының бүгінде мағынасын, мақсатын шатастырып жүрміз. Оның бірініш мақсаты – халықты ынтымаққа, ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа, мейірімділікке шақыру. Ауылдағы мұқтаж жанға ауыл болып атсалысып үй салып беру. Оған әркім мүмкіндігінше үлес қосуы керек. Қаржылай үлес қосуға мүмкіндігі жоқ па, онда бір күн болса да көмектесіп үлес қоссын, бір мезгіл тамағын пісіріп алып барып берсе, ол да үлес. Бәрінен бұрын бұл жерде үлкен тәрбие жатыр,- деді облыс әкімі.
Кезек аудан тұрғындарының сұрақтарына берілді.
Жанар Төрткүлбаева деген азаматша Б.Момышұлы-Қошқарата бағытындағы жолдан Шыңбұлақ ауылына бұрылған жол бүгінгі таңда жартылай жөнделіп жатқанын айтты.
-Қалғаны қашан жөнделеді? Ауылдықтар жол мәселесін қанша уақыттан бері көтеріп, күтіп жүр еді, неге барлығы жөнделмеді? – деді. Сонымен бірге Шыңбұлақ, Қосмұрат ауылдарындағы ауылішілік жолдар жөнделсе деген ауыл тұрғындарының сұранысын жеткізді.
Күреңбел ауылының тұрғыны Еркебай Нағашыбеков деген азамат ауылдың ауызсу мәселесін көтерді.
Теріс ауылының тұрғыны Аташбек Әмірқұл тәуелсіздік жылдары басқа ауылдардағыдай жаңалық біздің ауылда болған жоқ, яғни не спорттық, не мәдени ғимарат соғылмағанын айтып, ауылда мәдениет үйі салынса деген тілегін жеткізді.
Жеке кәсіпкер Төлеген Нұралиев жерге тыңайтқыш сіңіру мәселесін көтерді.
Ардагер ұстаз, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев Баркуаб қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарының тоқтап тұрғанын, яғни тарихы терең қаладағы археологиялық жұмыстарды жүргізуге қаражат керек екенін жеткізді.
Ал, Шақпақата ауылының тұрғыны Пернебек Бердімбетов ауылдық округ тұрғындарына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынан ауылға жолайрық, мал өткелі аса қажет екенін жеткізді.
Жиын барысында тағы да басқа да мәселелер көтерілді.
Көтерілген сұрақтарға аудан әкімі Олжас Қаржауов және тиісті сала басшылары жауап берді.
Кездесуді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылады.
– Көп мәселе екі жақтың да жауапкершілігіне байланысты. Мәселен, ауызсу мәселесінде суға жауапты мекеме тұрғындарды сумен қамтуға міндетті болса, тұрғындар суды тиімді пайдалануға, бұлақ көздерін ашып, арығын қазып, жалпы өздеріне қатысты жұмыстарды дер кезінде атқаруға жауапты.
Көтерілген мәселелер ауданның даму жоспарына сай жүзеге асады. Мүмкіндік болса, ертерек шешкен жақсы. Бірақ барлығы қаржыға байланысты.
Жуалы ауданы басқа аудандарға қарағанда сүт өңдеу саласы бойынша алда. Басқа аудандарға үлгі боларлық іс атқаруда. Енді осыны әрі қарай дамыту керек,- деді облыс әкімі.
Жиын соңынан облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close