Basty bet

Құрылыс кәсіпорындарының жұмысымен танысты

11 сәуір күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының бірқатар өндірістік кәсіпорындарын аралады. Ол алдымен «Гимарат Темір Бетон» ЖШС-нің өндірістік цехтарында, «Бином» компаниясының ірі панельді құрылыс комбинатында, сондай-ақ гипс шығаратын зауыттарда болды.
Тараз қаласында карантин жарияланғанына қарамастан темір бетон бұйымдар зауытында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұнда құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласында қажетті бетон плиталар, науалар, бағандар, басқа да бұйымдар дайындалады.
Кәсіпорын директоры Қалдарбек Сматовтың айтуынша, шығарылған бұйымдарын өткізуде ешқандай кедергі жоқ. Өнім цехтардан тұтынушыларға тікелей жөнелтіледі. Дегенмен, карантиннің жариялануына байланысты тасымалдауға қатысты бірқатар мәселелер туындағанын жоққа шығармады.
– Зауытта 150 адам еңбек етеді,олардың еңбекақысы — 90-100 мың теңгені құрайды. Мұқтаждарға материалдық көмек көрсетіліп тұрады, – дейді ол.
– Басты міндет – өндіріс қуатын арттыру, шығарылатын өнім көлемін еселеу. Ірі кәсіпорындар жұмыс істеуін тоқтатпау керек, бірақ барлық санитарлық шараларды сақтауға аса көңіл бөлген абзал. Ал тасымалдауға қатысты мәселелер шешіледі. Құрылысқа қажетті материалдар тасымалы, осы саланың мамандары үшін біз «жасыл дәлізді» қамтамасыз ететін боламыз. Сіздер тек жедел штабқа қажетті өтінімді жіберіңіздер, – деді облыс әкімі.
– Біздің үй құрылысы комбинатының жылдық қуаты 30 мың шаршы метрді құрайды. 2019 жылы Тараз қаласындағы 15 шағын аудандағы екі тұрғын үй, Қарасу массивінде 4 жатақхана, 9 шағын ауданда тұрғын үй және Сүлейменов көшесінде бір үй пайдалануға бердік. Қазіргі уақытта «Бином» ЖШС бес жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі ретінде 9 қабатты ірі панельді тұрғын үйдің құрылысы жүргізіп жатқанымызды айтуға болады. Сондай-ақ, 2020 жылы мемлекет есебінен 60 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салу жоспарланған, – деді кәсіпорынның бас директоры Серік Олжабеков.
Облыс әкімі қалыптау және металлопластикалық цехтарда болып, құрылысшылармен жаңа ғимараттардың жобаларын талқылады.
– Мамыр айының бірінші күнінен бастап біздің облыста әлеуметтік нысандардың, оның ішінде тұрғын үй құрылысының қарқынды жұмысы басталады. Бұл істе біз сіздердің комбинаттарыңызға да сенім артып отырмыз. Сіздерде қуатты база, жақсы мамандар бар. Алайда, тұрғын үй салу кезінде бір ғана үлгімен шектелмеу керек. Ғимараттардың қасбеттері әртүрлі болуы тиіс және бұл ретте олар көз тартатын дизайн элементтерімен көрініс тапқаны маңызды. Балкондар да тек темір бетонды емес, тартымды болғаны дұрыс, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жұмыс сапары барысында ол сондай-ақ, гипс өндіретін екі зауытта болды. Облыс әкіміне «КазУпакТрейд» ЖШС-ның техникалық директоры Сефеттин Хызарджы кәсіпорнының қызметі туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, кәсіпорын өнімдері тек Таразда ғана емес, үлкен көлемде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына да жөнелтіледі.
Ағымдағы жылдың үш айында 3200 тонна гипс шығарылған.
– Біздің құрылысшыларға қазір гипсокартон қажет. Неге сіздер осындай өнімнің өндірісімен айналыспайсыздар? – деді әкім өз сауалын жолдап.
Техникалық директор осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатқандықтарын айтып сендірді. Қазіргі уақытта Франциядан келген инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде екен. Егер уағдаластыққа қол жеткізілсе, өндіріс кеңейтіле түспек.
Өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларымен кездесу барысында облыс әкімі жұмысшылардың жай-күйіне аса назар аудару керектігін баса айтты. Олардың жалақыларының уақтылы төленуі және карантин кезеңінде инфекциядан жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етудің маңыздылығын тілге тиек етті.

Жамбыл облысы
әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close