Basty bet
“Мектепте жеке мүддесін көздейтін басшы да, мұғалім де жұмыс істемеуі керек!”
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдымен ауылдық округ тұрғындарының малдарының бағылуы және бойдақ малдарды сыртқа шығару барысы туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашының айтуы бойынша, ауданда 51 424 бас мүйізді ірі қара малы, 16 396 бас жылқы, 198 472 бас қой-ешкі, 19 бас шошқа, 73 034 бас құс бар.
Тұрғындардың ауыл ішіндегі малдарының бағылуы бойынша мүйізді ірі қара малы 92 падада 14 192 бас, уақ мал 48 падада 38 940 бас, жылқы 11 падада 2 441 бас бағылуда. МІҚ бағу бағасы 2000-6000 теңге аралығында, жылқы малы 2500-6000 теңге аралығында, ал уақ мал 700-1000 теңге аралығында. Сонымен бірге бірқатар тұрғындар кезекпен бағады.
Жалпы, жайлауға шығатын пада саны – 147, мал басы – 157 746. Ауыл ішінен ақыға жинап бағатын малшылар мүйізді ірі қара малын 62 малшы, қой-ешкіні 46 малшы, жылқыны 39 малшы бағуда.
Ержан Байұзақұлы ауыл тұрғындарының малын асылдандыру мәселесіне тоқтала келіп, ауданда жайылым жердің жетіспеуіне байланысты сырттан мал кіргізбеу керектігін, яғни ауылдық округ әкімдері мен ветеринарлар малшылар сырттан мал қабылдап, бағуын қадағаласа деген ұсынысын жеткізді.
Аудан әкімі бұл мәселені өткен аппараттық кеңестерде де көтерген болатын. Сондықтан аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Нұрғазыұлына бойдақ малдарды сыртқа шығару, сырттан бағуға мал қабылдамау туралы тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
-Мал бағудың қыр-сырын жақсы меңгерген халқымыз малды қыста қыстауға, жазда жайлауға шығарып баққан. Қазір бұл жүйемен жұмыс істелмейді. Сол себептен де жайылым жер тапшылығы мәселесі ұдайы көтеріліп келеді. Бұған ауылдық округ әкімдері тарапынан да бақылау болмай тұр. Сондықтан сіздерге халыққа көмектесу үшін заңдағы мүмкіндіктерді пайдаланып жұмыс істеуді тапсырамын,- деді аудан басшысы.
Жалғас Әлижанұлы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына нақты цифрлармен жұмыс істеуді тапсырды.
Ауданның 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, ауданның жалпы өңірлік өнімі 2024 жылдың І тоқсанында 10 987,7 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 10 672,9 млн теңге, яғни 2,9 пайызға өсіп отыр.
Қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіп көлемі 3 177,2 млн теңге көлемінде немесе нақты көлем индексі 100,2 пайызға орындалған.
Қалима Тұрмаханбетқызы орындалмаған жекелеген көрсеткіштерді де атап өтті.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы “бөлшек сауданың жоспары орындалмай қалуы тиісті басшылардың мәселені дер кезінде қадағаламауының салдары” деді. Себебі, кәсіпкерлер өз жұмысын жылдағыдай атқаруда.
Сонымен бірге құрылыс жұмыстарының да ойдағыдай еместігін баса айтты. Салада біраз құжаттардың қабылданбауы хаттамада ескерілетінін ескертті.
-Индикаторлық көрсеткіштер арқылы ауданның бүкіл жұмысы бағаланатын болғандықтан көрсеткіштер шындыққа жанасуы керек. Ол үшін нақты жұмыс қажет.
Президентіміздің тапсырмасымен елімізде көрсеткіштердің нақтылығы бойынша прокурорлық тексеру басталды. Бұл тексеріс жергілікті атқарушы органның сапалы жұмыс істеуі үшін қажет,- деді аудан әкімі.
2023-2024 оқу жылының аяқталу барысы және 2024-2025 оқу жылына білім мекемелерінің дайындық барысы туралы білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаеваның баяндамасы тыңдалды.
Ауданда 76 білім беру мекемесі бар. Оның 39-ы мектеп, 34-і балабақша, төртеуі мектептен тыс мекеме, біреуі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті.
-Мектептің, мұғалімнің ең басты міндеті – рухани бай, білімді, еңбекқор, бойында отансүйгіш, ұлттық құндылықтары сақталған жеке тұлғаны қалыптастыру. Осы орайда, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасында белгіленген көрсеткіштер негізінде жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен орындалуда. Ең әуелі оқушыларға қолайлы орта туғызу, олардың сапалы білім алуларына жағдай жасау мақсатында білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамыту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
2023-2024 оқу жылын 10232 оқушымен бастасақ, бүгінгі таңда олардың саны 10 222 болып отыр. Педагогтардың саны – 1817. Олардың 26-сы педагог-шебер, 153-і педагог-зерттеуші, 175-сі педагог-сарапшы, 109-ы педагог-модератор.
Оқу жылының басында оқушыларды оқулықтармен толықтай қамтамасыз ету үшін 9 баспамен 244 млн 200 мың теңгеге кітап сатып алуға келісімшарт жасалынып, 1 млн теңгеге оқулықтар толық тасымалданып, мектептерге үлестірілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023-2024 оқу жылының 1қыркүйегінен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 1-4 сыныпта оқитын 3896 оқушы және де аз қамтылған отбасынан шыққан 1539 оқушы, жалпы 4959 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысында көрсетілген санаттағы азаматтарға жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен 40 567 теңгеден қаржылай көмек берілуде. Оқу жылында 2578 оқушының ата-анасының жеке есеп шоттарына 104 млн 581 мың теңге бюджеттен қарастырылып, аударылды.
2024 жылы мектеп жанындағы лагерь бойынша ыстық тамақпен 2382 оқушы қамтылады. Бөлінген қаржы сомасы 11 млн. 910 мың теңге. Қала сыртындағы лагерьге 400 оқушы қамтылады. Бөлінген қаржы – 24 млн теңге. Әр балаға шаққанда 60 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда қала сыртындағы лагерь бойынша конкурс ойнатылуда.
Ал, мектеп жанындағы лагерь және қорытынды аттестаттау іс-шаралары екі мектепте оқу жылы аяқтала салысымен күрделі жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты, яғни №12 М.Әуезов атындағы орта мектепте ыңғайластырылған ғимаратта, №28 Амангелді орта мектебінде келісілген түрде ауылдық мәдениет үйінде өтетін болады.
2023-2024 оқу жылында №9 Абай, №7 Т.Әкімов, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептерде жаңа модификациядағы химия, биология, физика кабинеттері, №2 Мыңбұлақ орта мектебіне қосымша робототехника және СТЭМ кабинеті берілді.
Тағы бір тың өзгеріс, ол аудан орталығында орналасқан Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейі “Білім беруді дамыту” қайырымдылық қорының “Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту” жобасына еніп, алдағы уақытта тірек лицей есебінде өз жұмысын жандандыратын болады. Бүгінде мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңарды. Атап айтқанда, заманауи зертханалармен, ART-студия, STEM-лаборатория, TELE-студиялар толығымен орнатылды,- деді Бақыт Рахымжанқызы.
Бөлім басшысы білім мекемелеріндегі бейне бақылау камераларының, жылу қазандықтарының жағдайы, құрылыс жұмыстары туралы да баяндады.
-2024 жылға №28 Амангелді, №4 Қ.Сағындықов, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Үш мектептің де жобалық-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасы дайын. Оның ішінде №28 Амангелді атындағы орта мектепке 406 683,000 мың теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы 2024 жылдың 08 ақпанынан конкурс ойнатылуда. Конкурстың аяқталу мерзімі 22 сәуір.
2025 жылға №5 М.Ломоносов, №7 Т.Әкімов, №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептер мен “Қарасаз” балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
2026 жылға №26 Жаңаталап, №10 Күреңбел орта мектептері және “Шақпақата” балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
2027 жылға №36 Ш.Уәлиханов атындағы негізгі мектеп, №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Ауданда спортзалы жоқ 7 мектеп тіркелген.
2025 жылы 3 мектеп (Жамбыл ОМ орнына 100 орындық, №34 Қаратас НМ және №39 Жылыбұлақ БМ орнына әрқайсысына 50 орындық мектеп), 2026 жылы 1 мектеп (№37 Ынтымақ НМ орнына 80 орындық мектеп) жаңа мектеп құрылысы есебінен шешіледі. Қалған 3 мектепте демографиялық өсім жоқ болғандықтан, құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
№12 М.Әуезов атындағы орта мектепке 150 орындық оқу кабинеттерінің, спорт залының, асхананың қосымша құрылысын салу және қолданыстағы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу бойынша ЖСҚ әзірленіп, конкурс жарияланып, “БИНОМ” ЖШС жеңімпаз атанды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталады.
Жуалы ауданы білім бөліміне қарасты 9 мектептің оқушылары тасымалданады. Тасымал қаржысы бойынша облыстық білім басқармасынан келісімшарт жасалынған. (Абай ОМ, Қ.Сағындықов ОМ, Ақтөбе ОМ, С.Сейфуллин ОМ, Т.Рысқұлов ОМ, Күреңбел ОМ, Қ.Қошмамбетов ОМ, Жаңаталап ОМ және А.Пушкин ОМ).
Бүгінде балаларды тасымалдауға 1 дана жаңа автобус беріліп, ол Ақтөбе тірек мектебіне берілді (қыркүйек айынан бастап арнайы штат берілген соң жұмыс атқарады).
2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты 660 оқушы аяқтап, оның 607-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 73,6% құрады.
2023-2024 оқу жылында 11 сынып оқып жатқан 612 оқушының 580-і ҰБТ тапсырады деп жоспарлануда.
«Алтын белгі» төсбелгісіне 14 оқушы, үздік аттестатқа 61 оқушы үмітті,- деді Б.Шертаева.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы маңызды саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
-Білім саласы – маңызды сала. Ең басты мақсат – оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие алуға қолайлы жағдай жасау. Ол үшін мектептердің материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылуы мен педагогикалық құрамның сапасы маңызды. Өкінішке қарай, жекелеген мектептерде моральдық-психологиялық ахуал шатқаяқтап тұр. Мектепте жеке мүддесін көздеген басшы да, мұғалім де жұмыс істемеуі керек.
Оқушылардың қауіпсіздігі үшін аты бар, заты жоқ бейнебақылау камералардың жұмысын жүйелеу керек.
Биыл жылыту маусымында төтенше жағдай орын алған жоқ. Алайда оған тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан келесі маусымға тиянақты дайындық керек. Асхат Базарбайұлы, жылыту маусымына көмір алуға қажетті қаражат, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын қазірден қолға алыңыздар.
Амангелді атындағы орта мектепте басталғалы отырған күрделі жөндеу жұмыстарының уақтылы, сапалы атқарылуын бақылауда ұстаңыздар. Келесі оқу жылына дейін аяқтайтын болсын. Бұл мәселе М.Әуезов атындағы орта мектепте жүргізілетін құрылыс жұмыстарына да қатысты. Жалпы салада тәрбие-білім сапасына, бала қауіпсіздігіне қатысты жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, аппараттық кеңес барысында аудан әкімдігі мәжілісіне ұсынылған қаулы жобалары таныстырылды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»