Basty bet
Кәсіпкерлерді қолдау – экономиканы қолдау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған мәлімдемесін көңіл қойып тыңдадым. Президент мәлімдемесінен халықтың көкейіндегі жүрген көптеген сұрақтардың жауабын таптық. Мұны ел-жұрт түсіністікпен қабылдап жатыр. Қазіргі қиын кезеңде бұл халқымыз үшін өте үлкен қолдау.
Осындай қиын-қыстау шақта бір-бірімізге қолдау, демеу болу аса маңызды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде баса айтты. Қазақстан халқына сабырлық сақтап, түсіністік танытып отырғаны үшін де алғысын білдірді.
Президент төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлердің мемлекет қамқорлығы мен қолдауынан ажырамайтынын айтты. «Біз шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырмыз. Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі. Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі, – деді Прездент өз мәлімдемесінде.
Жалпы елімізде төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап кәсіпкерлерді қолдауды мемлекет ең бірінші орынға қойды. Біз оған ризамыз. Кез келген кәсіпкер ісін жаңадан бастау үшін міндетті түрде несие алады. Оларды алаңдатыны да осы несиені қалай төлеу. Мұның шешімі де көп ұзамай табылып, несиелерімізді төлеу үш айға ұзартылып, банктермен келісімге келдік.
«Nurai Plaza» бизнес орталығының жұмысы уақытша тоқтатылды. Онда жұмыс істейтін жұмысшылардың құжаттары ретке келтірілді. Алдағы уақытта олар мемлекет тарапынан 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алатын болады. Уақытша жұмыс тоқтатылғанымен, індетті бірлігіміздің арқасында жеңсек, жұмысымызды қайта жандандыратын боламыз. Ең бастысы, еліміздің тыныштығы мен жұртымыздың амандығы.
Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен елдің көкейінде жүрген барлық сауалдарға жауап алдық деп толық сеніммен айта аламын.
Нүрилә Мәлібекова,
жеке кәсіпкер.
«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық
филиалының кадрлық резервінің резервисті