Basty bet

Учаске төрағалары мен хатшыларына арналған семинар

Алдағы жылдың қаңтар айында маңызды саяси науқан өтпекші. Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы тағайындалғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл туралы «Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы Үндеуін» де қоса жариялады. Онда былай делінген: Құрметті отандастар. Бүгін мен Парламент депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалды. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды».

Президент сонымен қатар, алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтінін баса айтты.
2021 жылдың 10 қаңтарына тағайындалған Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр.
Апта басында біздің ауданда сайлауға байланысты семинар-кеңес өтті. «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы: Сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында өткен семинар аудандық «Достық» мәдениет үйінде өтті. Оған аудандағы сайлау учаскелерінің төрағалары мен хатшылары шақырылды. Семинар жұмысына Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Марат Әбдіре, аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева қатысты.
Семинар-кеңесті аудан әкімі аппаратының басшысы С.Қойбақов ашып, сөзді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы М.Әбдіреге берді. Марат Әбдірәсілұлы өз сөзінде алдағы сайлау науқанының ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып, біздің облысымызда барлығы 492 сайлау учаскесінің бар екенін, оның жұмыстарын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауының барысын халықаралық байқаушылар бақылайтынын, сонымен қатар, бұл іске еріктілердің де тартылатынын тілге тиек етті.
Алғаш болып Меркі аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Гүлмира Далиева «Халықаралық сайлау құқығы және оның ұлттық сайлау заңнамасының дамуындағы рөлі» және «Сайлаудың халықаралық стандарттары» тақырыптарында баяндама жасады.
-Бүгінгі күні сайлау институтының болуы демократиялық мемлекеттің жұмыс істеуінің дәлелі болып табылады. Сайлау институтының даму деңгейі жалпы қоғам мен мемлекеттің демократиялану деңгейін көрсетеді.
Мемлекетте сайлау процесінің даму негіздерін зерделесек, біріншіден, заманауи сайлау құқығының принциптерін, екіншіден, сайлау жүйесін ашық және нақты түсінуді талап етеді. Осыған байланысты, сайлау құқығының негізгі ұғымдары мен принциптерін, сайлау құқығының заманауи стандарттары мен принциптерінің негізгі сипаттамаларын, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырайық.
Мемлекеттік билік органдарына сайлау және сайлану құқығы адамның негізгі заманауи саяси және азаматтық құқығына жатады, бұл құқықтар ұлттық конституциялармен кепілдендірілген. Конституциялық құқық ғылымындағы сайлау құқығының түсінігі объективті және субъективті мағынада қарастырылады.
Объективтік мағынадағы сайлау құқығы дегеніміз – «жергілікті өкілді орган депутаттарын және мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайланбалы лауазымды тұлғаларын сайлау тәртібі туралы құқықтық нормалар жиынтығы. Ал, Субъективті мағынадағы сайлау құқығының түсінігі «азаматтың сайлауға қатысуға жеке құқығы, яғни сайлау және сайлану құқығы» болып белгіленген.
Сайлау құқығының дереккөздері болып ұлттық қана емес, сонымен бірге халықаралық құқық нормалары, сондай-ақ мемлекеттің тез қалыптасатын өңірлік бірлестіктері құқықтарының нормалары болып табылады. Сондықтан заманауи сайлау құқығы бір-бірімен тығыз байланысқан бірнеше деңгейлерде қалыптасып жұмыс істейтінін ескеруіміз қажет. Атап айтқанда, Халықаралық сайлау құқығы, азаматтардың сайлау құқығын, сайлау процесінің негізгі кезеңдерін, сондай-ақ осы салаға қатысы бар басқа да мәселелерді реттейтін халықаралық құқық қағидалары мен нормаларының жиынтығын білдіреді. Өңірлік мемлекетаралық сайлау құқығы – мемлекеттердің өңірлік бірлестіктеріндегі сайлау құқықтары мен сайлау процесін құқықтық реттеуді қамтиды (Еуропалық Одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және т.б.). Ұлттық сайлау құқығы – әрбір егемен мемлекеттің әдетте жалпы жұрт таныған және арнайы осы салаға қатысы бар, халықаралық құқық пен қағидалардың, ұлттық Конституция нормаларының, сондай-ақ елде тарихи қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлерді ескере отырып, заңнамалардың негізінде құрылады.
Ұлттық мәдениеттердің алуан түрлілігі заманауи сайлау жүйесінің әртүрлі болып қалыптасуына, шетелдік тәжірибенің енуіне – оның белгілі бір элементтерін сәйкестендіру және біріздендіруге алып келді. Сайлау құқығының, ұлттық сайлау жүйелерінің алуан түрлілігіне қарамастан, әлемнің егеменді елдерінің көпшілігі мойындаған, біріншіден, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар деңгейінде қабылданған стандарттары мен принциптері бар. Бұл құжаттарды халықаралық құқықтық құжаттар ретінде белгілеуге болады,- деді Гүлмира Бұқашқызы.
Баяндамашы сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын пропорционалды жүйе бойынша ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктері. Сонымен бірге, сайлау жүйесінің негізгі – пропорционалды және можаритарлық болып бөлінетіні, сайлаудың мажоритарлы және пропорционалды тәсілдерінің үйлесуі негізінде сайлау жүйесінің аралас түрі қалыптасып отырғанын баса айтты.
Атап айтқанда, мажоритарлы сайлау жүйесі сайлаушылардың заңмен қарастырылған дауыстарының көпшілігін жинаған кандидат сайланған болып мойындалатын сайлау жүйесі. Пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайлау кезінде депутаттық мандаттар кандидаттар тізімдері арасында кандидаттардың тізіміне берілген дауыстар пропорцияда бөлінеді.
Ол сондай-ақ, сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, сайлау комиссиялары мүшелерінің міндеттері мен қызметі туралы айта келіп, әрбір сайлау комиссиялары алқалы орган болып табылатындықтан, онда жариялылық пен ашықтықты барынша қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Сөзінің соңында алдағы саяси науқанның пропорционалды сайлау жүйесі арқылы бойынша өтетіндігін еске салды.
Ал Шу ауданынан келген өкіл, сертификатталған жаттықтырушы Бауыржан Ыстыбаев сайлау комиссиялары мүшелерінің сайлау кезіндегі іс-әрекеттерін айта келе, семинар-кеңеске қатысушы сайлау учаскелерінің төрағаларымен практикалық тұрғыда пікір алмасты. Сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы, оның құрамын жасақтау, сайлаушылардың тізімін жасақтау және оның шарттары, алдағы науқанның ерекшеліктерін тізіп берді.
Жалпылай айтқанда, алдағы саяси науқан – сайлаудың дайындық барысына арналған семинар-кеңес сұрақ-жауап әрі практикалық тұрғыда пікір алмасулармен қызықты өтті. Жиынды Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Марат Әбдіре қорыта келе, қатысушыларды саяси науқанда белсенділік танытуға шақырып, жұмыстарына табыс тіледі.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close