Basty bet
Аласармайтын алып тұлға
«Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың да тарихтың төрінен орын алары дау тудырмайды. Кемшіліксіз адам жоқ. Жұмыр басты пенде болған соң әртүрлі нәрсе болады. Димекең өз заманының перзенті болған ірі тұлға. Ол кісінің артықшылығын да, кемшілігін де біз сол заманынан бөле-жара қарауға қақымыз жоқ. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам». Иә, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алашқа қадірі артқан аяулы азамат Дінмұхамед Қонаев туралы осылай толғанған болатын. Елбасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің елге сіңірген өзге де еңбектерін атап көрсетуі – ел мен жерге, халқымыздың қадірі мен қасиеттеріне берген жоғары бағасы.
«Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да – ел, данаң да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» депті Дінмұхамед атамыздың өзі. Елу жылға жуық ел басқарып, Кеңестік кезең тұсында Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса ірі қайраткердің осы сөзінен-ақ оны өте қарапайым, кісілік қасиеті жоғары кішіпейіл азамат екенін жазбай тануға болатындай. Халқын қадір тұтқан асыл азаматтың өзі де бас иіп, тағзым еткен халқының аяулысына айналып кеткені шыққан күндей шындық.
Д.Қонаев туралы қайраткер ақын Олжас Сүлейменов: «Ол кісі өте зерек, көреген саясаткер болды. Республика тағдырына байланысты Мәскеудің әрбір қадамын алдын ала сезіп, біліп отырды» деп жазғаны бар. Мұның сыры Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған кезде бар мәселе Орталық (Мәскеу) арқылы шешілетін. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болған Д.Қонаевтың зор беделі мен іскерлігі Қазақстанды одақтас республикалар арасында алдыңғылар қатарына шығарған еді. Атап айтқанда, жер аумағы жөнінен одақтас республикалар арасында Ресейден кейінгі екінші орын алған Қазақстан өнеркәсіп өндірісінің жалпы мөлшері жөнінен және ет, астық өндіруден үшінші орын алды. Ірі табыстары үшін Қазақстан Қонаев басқарған тұста екі рет Ленин орденімен марапатталды.
Тағы бір дерек, Димекең ел басқарған жылдары Қазақстанда өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыста 8 есеге жуық өсті. Республика бойынша 43 қала салынды. Олардың екеуі біздің өңірдегі Қаратау және Жаңатас 1963 және 1969 жылдары қалалар қатарына қосылған еді. Көреген басшы Д.Қонаевтың заманында Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің үлкен орталығына айналды. Осының арқасы кешегі Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласының ежелгі Жібек жолы бойындағы көрікті де әсем қалаға айналуы жолындағы жұмыстар қарқынды жүрді.
Осы орайда қайраткер тұлғаның өмірбаянына аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келді. Қайраткердің балалық шағы мен өмірінің шуақты сәттері әсемдігімен әйгілі, жасыл желекке оранған, көріктілігімен көз тартатын Алматы қаласында өтті. Д.Қонаевтың өзі естелігінде жазып қалдырғандай, ата-бабалары мал бағып, қауға ұстаған кісілер екен. Дінмұхамедтің Жолын, Нармамбет деген шешен аталары болған. Қонай бабасынан Жұмабай деген ұл мен Бұлантай деген қыз туады. Жұмабай мешіт салып, бала оқытқан, қажылыққа барған адам. Димекең туғанда Жұмабай төсек тартып жатады. «Бала қырқынан шығарылды, батаңды берші» деп үлкен әжесі келгенде: «Маңдайың ашық, көзің танадай екен, жанарыңнан нұр көрдім. Сірә, елге би боларсың, елдің алақанында өтерсің. Алла осы тілегімді қабыл қылсын!» деп бата беріпті. Әкесі Меңліахмет өз бетімен ізденіп оқыған, өз заманының білімді азаматы болған. Әкесі мен шешесі жетпіс жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен. Анасы Зәуре Байырқызы 1973 жылы сексен алты жасында, әкесі Меңліахмет 1976 жылы тоқсан жасына үш ай қалғанда дүниеден озады. Міне, осындай ұлағатты әулеттен шыққан, халықтық асыл құндылықтардан сусындап өскен Димекең де жоғары білім алып, халқына адал қызмет етті. Өнегелі өмір өрнегін көрсетіп, жас ұрпаққа үлгі, ғибрат боларлық ұлағат қалдырды.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында елімізде көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Оның ішінде біздің облысымызда халықаралық Қонаев қорының бөлімшесі жұмыс істейді. Одан бөлек, облыс орталығында, аудандарда көшелерге, білім ошақтарына Д.Қонаевтың есімі берілген. Біздің ауданда да қайраткердің есімін иеленген мектеп-гимназия бар. Тараз қаласында Д.Қонаевтың атында тұрақты түрде грек-рим күресінен халықаралық турнир өткізіліп тұрады.
Елу жылға жуық ел ағасы болған Дінмұхамед Қонаев ұлт тарихында ұлтымыздың атын әлемге танытқан аласармайтын биік тұлға болып қала беретіні даусыз. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген осы болар…